Қауіпсіз орта қалыптастырудың жолдары қарастырылды

Ақмола облыстық әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрайымдылығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы болып өтті.

Отырысқа құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдардың басшылары, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ, аудан және қала әкімдері қатысты.

Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, соққыға жығу, жыныстық зорлау сияқты жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың  алдын алу шаралары, оның ішінде мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы әрекет ету, көше мен қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың, жасөспірімдер қылмысының, кәмелетке толмағандар арасында ішімдік ішу, нашақорлық пен суицидке барудың алдын алу жолдары қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға профилактикалық жұмысты күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Әсіресе, түнгі уақытта алкоголь өнімдерінің заңсыз саудасына және ойын-сауық орындарының қызметіне бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді. Мұндай нысандарда, әсіресе, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтарға жедел әрекет ету, тәртіп бұзуды жүйелі түрде қайталайтын мекемелерге шара қолдану маңызды екені айтылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған мақсатты шараларды күшейту, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын нәтижелі жүргізу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Алтынай Әміренова қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасында азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және заңдарды сақтау маңызды қағида ретінде бекітілгенін атап өтті. Сонымен бірге, «Зиялы қауым» бағдарламасының оң тәжірибесін өрістету тапсырылды.

Жалпы, барлық меншік нысанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілеріне құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидасын ұстану міндеті қойылды.

Комиссия отырысында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кешенді шараларды күшейтуге және халық үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған шешімдер қабылданды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар