Үйде қағаздарымның арасынан әлдеқалай қажетті бір құжаттарды іздеп отырғанда Рысты апамыздың осы бір толғауы қолыма ілікті.
Әлі есімде, осыдан 30 жыл астам уақыт бұрын газетіміздің 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған арнаулы санына жоспарланып, ресми құжаттардың салынуына байланысты сол нөмерден ысырылып қалып еді. Кейінгі бір нөмерлерге жоспарланғанымен, сәті түспеді.
Уақиға желісі оқырмандарды Бестөбе кенішінің өндіріс орындарында еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қапан Ержанов пен Федор Федорович Мельник арасындағы достықтың куәгері етеді. Екеуі бірге майданға аттанып, бір бөлімде фашистерге қарсы қанды шайқастарға қатысады. 1943 жылы кезекті шабуыл кезінде Қапан Ержанов ауыр жараланып, Федор Мельник оны арқалап, ұрыс даласынан алып шығып, медсанбатқа тапсырады. Қызыләскер Қапан Ержанов госпитальда ұзақ уақыт емделіп, мүгедектігіне байланысты елге оралады. Қ.Ержанов соғысқа қатысқан кезінде жасаған ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», 2 дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған. Кен орнындағы еңбекке араласып, майдандағы досы Федордың зайыбы мен екі қызын қамқорлыққа алады.
Жеңіспен оралған Федор отбасымен қауышып, екі майдангердің достығы одан әрі жалғасады. Жұптары жазылмай жанұяларымен бірге араласып, ғұмыр кешеді.
Ұлы Жеңістің биылғы 80 жылдығына орай, бүгінде арамызда жоқ майдангерлердің, олардың достығын өз шығармасына арқау еткен жерлес ақын апамыз Рысты Шотбаеваның рухы риза болсын деген ниетпен редакцияға жолдап отырмын.
Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
«Арқа ажары» газетінің ардагері,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Достық
Мен осы еңбегімді Ұлы Отан соғысы ардагерлері Қапан Ержанов пен Федор Федорович Мельниктің достығына арнаймын.
Автор.
Өмір сүріп өтсе де барлық адам,
Сол өмірдің сырына қанды ма адам.
Асуы көп алдағы арман тауға,
Түзу жүріп жете алмай қалжыраған.
Өмір заңы қаталдық тегін емес,
Жақсылықтың жобасы көбіне елес.
Адам адам болғалы сырлы дүние,
Өмір сүру қашанда жеңіл емес.
Қасірет бар, қайғы бар, қуану бар,
Келер күнді болжайтын ғұламалар.
Топ алдында көсіліп сыналу бар,
Бірін-бірі сонда да күндейді адам,
Көрместей боп налытып тілдейді адам,
Ертеңгі күн елесі көз алдында,
Не боларын күні ертең білмейді адам.
Айтып келмес сорлылық, қауіп-қатер,
Ол жұмбақ сыр жаңбырдай жауып та өтер.
Басқа түскен батпандап бөгеттерден,
Жолын тапқан тұлпардай шауып та өтер.
Мұз ызғарын көңілдің жылытқасын,
Жылылықты мұз ызғар суытпасын.
Тұнық суын лайлап жақсылықтың,
Тағзым етсін, тәубесін ұмытпасын.
Қайғылыны табалап қуанбаймын,
Мүмкін өткен қатемді жуа алмаймын.
Нанасың ба оқырман бұл сөзіме,
Таң атқанша не болам, біле алмаймын.
Мезгіл жетпей ортаңнан кете алмаспын,
Көп нәрсеге асылық ете алмаспын.
Сақта тәңірім, азыну сайтан жолдан,
Дүниенің түбіне жете алмаспын.
Сапырылысқан сан ойлар азап емес,
Өмірлік заң білгенде мазақ емес.
Ертең жұмбақ жер басып оянарың,
Мәңгі ұйықтап қалуың ғажап емес.
Сап-сап көңілім аялап тоқта төзім,
Оянбаса ізгілік несі сезім?
Егер мұрын болмаса бөгет болар,
Бірін-бірі шұқитын екі көзім.
Неге адамдар алданып арбасады,
Жылылықты боранды қар басады.
Өлмейді өмір өседі өркен жайып,
Ұрпағымен бәрібір жалғасады.
Достық, бірлік сүйеніш қуанышым,
Ұран етем, тәубем сен жұбанышым,
Қанша қаһар соқса да мызғымайтын,
Мәртебесі жоғары тұрады шын.
Алыста емес, мысалдар арамызда,
Мақтанышпен тұтанып, жанамыз да.
Қатар жүрген қаһарман зияттылар,
Көрмей, білмей соларды қаламыз ба.
Мезгіл біткен адамдар көп тұрмайды,
Өмір артын кеткеннің бос қылмайды,
Әркім шығып сөйлеп тұр мінбелерде,
Көргені мен білгенін достық жайлы.
Сөйлеп тұрған мінбеде мынау орыс,
Қазақ жерін ежелден еткен қоныс.
Өзіміздің Федор ғой Федорович,
Үлгі-өнеге айтса егер ол да жөн іс.
Бастап кетті ақырын сөзді жайлап,
Шешен екен көсіліп кетті сайрап.
Жайлап бастап шықса да даусы ақырын,
Шешенді тыңдағандай барлық аймақ.
–Мен орыспын, ұлтымды жасырмаймын,
Әлде кімдей мақтанып тасынбаймын.
Көргенімді айтайын, уа, халайық
Артық сөйлеп әрине, асырмаймын.
Аты шыққан айтулы ел едік қой
Біреу етек, екінші жең едік қой.
Ел басына қатерлі күн туғанда,
Сен орыссың, мен қазақ демедік қой.
Бірнеше ұлт соғысқа бармадық па,
Тамақ-киім сол шақта таңдадық па?
Көбі қалды сабаздар елге оралмай,
Отан үшін құрбан боп қалмадық па.
Осы аймақта ер жетіп, туып-өстім,
Қазақ жерін мәңгілік мекен еттім.
Азат етіп жаулардан туған жерді,
Бес жыл бойы бейнет пен қанды кештім.
Адам бауыр адамның жамағаты,
Шүкіршілік көңілдің қанағаты.
Бірге жүрдік соғыста қатарласып,
Бірге болдық окопта қатар жатып,
Жаңбырдай оқ жауғанда төбемізден,
Бауырымызға қара жер жатар батып.
Бірнеше ұлт адамдар жаны бірге,
Бөлінуге білмейді қаны бірге.
Сақтау керек Отанды жау қолынан,
Мақсаты бір, ойы бір, заңы бірге.
Уақыт па жай біліп, хал сұраған,
Маңдайдан тер жаспенен тамшылаған.
Халы нашар, шама жоқ қимылдауға,
Жатыр Қапан оқ тиіп қаңсыраған.
Ойланбастан белбеумен таңып алып,
Жүріп кеттім арқама салып алып,
Өзім ашпын, шаршаған, қалжыраған,
Жетер мүмкін еліне жаны қалып.
Басқа орнап батпандап бұйығы мұң,
Көңілімнің өзгеріп күйі бүгін,
Аспан жерді аударып тастағандай,
Құлағыма зарлаған құйылды үн.
–Жаным Федор, бауырым тыңда жаным,
Тым төмендеп кетті ғой менің халым.
Қалдырып кет, басыңды арашала,
Мен жан досым өзіңе ризамын.
–Сенен қалған жанымды жан қылмаймын,
Көз алдымда ажалға алдырмаймын,
Өлсем бірге өлемін, бір қаламын,
Досым сені мен бұлай қалдырмаймын.
Соғыс бітті оралдық жауды жеңіп,
Үміт, бірлік біздерге болған серік,
Бір ертегі тәрізді көрген бейнет,
Құшақтасып табыстық елге келіп.
Құр туысқан не керек пайдасы жоқ,
Қысылғанда ақылы, айласы жоқ.
Байқап тұрсам мастанған кейбіреулер,
Ел тілегін тілейтін қайда тілек?!
Өле-өлгенше екеуіміз туыс болып,
Дастарханнан дәм-тұз да үзілген жоқ,
Ойнап-күліп жеп жүрдік бірге бөліп.
Болған жайды жасырып қала алмаймын,
Жан-жағыма әлі де алаңдаймын.
Жау қолынан қалсам да өлмей тірі,
Заңды ажалдан мен сені ала алмаймын.
Бір жыл болды арадан кеткеніңе,
Бұл өмірден мәңгілік өткеніңе.
Халы нашар, төсекте жатыр екен,
Хабар келіп асығыс жеткенімде.
–Сені күтіп жатырмын, асыл бауырым,
Өзіңменен бар ғұмыр, өткен дәуірім,
Екі ұлттың екеуіміз баласы едік,
Қиындықтың көтердік жеңіл-ауырын.
Ұрпағың бар, қалған жоқ жұда болып,
Қайта оралған өмірге бұ да көрік.
Талай жерде отырдым жиын-тойда,
Қазақтардың төрінде құда болып.
Біріне іні, біріне аға болдым,
Жақсысына сүйсініп баға бердім.
Ақыл айтып ағайын арасына,
Қамқоршысы, ақылшы пана болдым.
Орыс, қазақ қашанда сыйласыңдар,
Ашу-араз, жалған сөз жимассыңдар.
Өздеріңмен бірге өсіп, біте қайнап,
Қалған күнге достықты тыймассыңдар.
Ду қол соғып көпшілік мына сөзге,
Не айтылмақ басқа да мұнан өзге,
Ержанов пен Мельниктің сыйластығын,
Кейінгі ұрпақ сыйғызар айтса сөзге.
Талай көзге жас толып бұлап жатты,
Тау толқындар теңізде тулап жатты.
Мың сан рет ұлы сөздер қайталанып,
Орман-тоғай жел шайқап тулап жатты.
Шамшырағын арайлап жағып жатты,
Күн бояған алқасын тағып жатты.
Бейбіт күнгі бақытқа сылқ-сылқ күліп,
Таудан төмен бұлақтар ағып жатты
Рысты ШОТБАЕВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
![]()

