Көкшетау – көркімен көз сүйсіндірер, жанға жайлы, көңілге шуақ шашар қала. Уақыт өте тозбайтын дүние жоқ: күн мүжіп, жел мен жауын қажаған тас та, күтім көрмеген қала да өңінен айрылады. Сондықтан, Көкшетау бүгінде жаңа кейіпке еніп, түлеп жатыр.
Бүгінгі тұрғын – талғампаз. Ол жаңашылдықты қалайды. Қаланың тазалығы мен сәулеті, жолдары мен тынысы, бәрі-бәрі өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осы орайда, соңғы жылдары қолға алынған құрылыс пен абаттандыру жұмыстары көкшетаулықтардың көңілінен шықты. Қала күн сайын жаңарып, жаңа тыныс алуда.
Көкше – көп көңіліндегі көркем бейне
Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Сәкен мен Шәмші әнге қосқан Көкше қазақ санасында көркем табиғатымен, көгілдір көлдерімен, салқын самалымен сіңіп қалған қасиетті мекен. Аққу жүзіп, ән қалықтап, қайың тербеліп, қарағай сыбдырлаған бұл өлкені жұрт әрдайым әдемі кейіпте көргісі келеді.
Көкшетау — көңілдердегі көктем, кеуделердегі ақ арман! Сондықтан, бұл қаланың жайнап, жаңарып, көркейіп жатуы – халық үшін зор қуаныш.
Ниетті ерте, кеш деме,
Шындыққа жетпес ештеңе.
Жан-тәнімменен құмармын,
Ғашықпын сұлу Көкшеге!
Құрылыс қарқыны мен ажары көз қуантады
Көкшетауда бұрынғы ескі, тозығы жеткен аулалар мен жолдар, автотұрақтар, кәріз жүйелері жаңартылып, жаңа келбетке ие болды. Жолдар тегістеліп, тұрғындар көлікпен емін-еркін жүйтки алады. Қуықтай пәтерде қысылған талай отбасы кең әрі жаңа қонысқа қол жеткізді. 1400 әлеуметтік пәтер тапсырылып, жаңа мектептер есік ашты. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерлігі ескерусіз қалмай, лайықты қолдау көрсетілді.
Қопа көлі халықтың көзайымына айналады
Қала тұрғындарын ерекше қуантқан жаңалық – Қопа көлінің жағалауын абаттандыру. Бұрын қоқыс пен қоға басқан көл маңы бүгінде демалыс орнына айналды. Веложолдар, спорт алаңдары, мәдениет сахналары, бәрі халықтың игілігіне берілді. Атақты Құрманғазы оркестрінің жағалауда күй төккен кеші – соның жарқын дәлелі.
«Көк шалғын» – қала тынысын ашатын жоба
Қала орталығынан жағажайға дейін тартылған «Көк шалғын» аллеясы – тағы бір ауқымды жоба. Енді тұрғындар көлге көк желекті, гүлзарлы көшемен емін-еркін серуендеп бара алады. Бұл – экологияға да, мәдениетке де серпін беретін бастама.
Таза ауыз су көптен тұрғындар арманы еді
Көкшетаулықтар көп жылдан бері күткен таза ауыз су жүйесі де іске қосылғалы отыр. Бұрын тұрғындар сүзгі іздеп, сырттан су тасып әбігерге түсетін. Енді бұл да артта қалса, жақсы болмақ. Сонымен қатар, қалада жаңа жылу-электр стансасының құрылысы басталды. Бұл болашақта жылумен толық қамтамасыз етілетін күннің жақындығын көрсетеді.
Көркейген қала – сенімге лайық басшылық
Көкшетаудың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалып, нақты жоспарлар іске аса бастады. Облыс әкімі Марат Ахметжанов пен қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің бірлескен жұмысы ел сенімін нығайтты. Су тасқыны сынды сын сәттерде жедел шешім қабылдап, қала мәдениетін көтеруге батыл кіріскен басшылықтың әрекеті халық көңілінен шықты.
Қорытындылай келе айтарымыз, Көкшетау бүгінде жаңа белеске бет алған, көркейіп келе жатқан қала. Тарихы терең, табиғаты көркем бұл өңір – тек бүгінгі емес, болашақ ұрпаққа да көрікті, қолайлы орта болмақ.
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Көкшетау қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

