Жиырма мыңнан астам жүк көлігі шығарылды

«КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы жүк автокөлігін шығару саласында осыдан 20 жыл бұрын қолға алынған Қазақстан мен Ресейдің алғашқы ең ірі және табысты бірлескен жобаларының бірі. Бұл жылдар кәсіпорын тарихындағы маңызды кезең. Аталған өндіріс орнын өңірдің индустриялық табысының бір өлшемі және Қазақстанның әлемдік деңгейде техника шығара алуға қабілеттілігінің дәлелі десек болады.

Кәсіпорын 2005 жылы «КамАЗ» жабық акционерлік қоғамы және «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» акционерлік қоғамы арасындағы бірлескен кәсіпорын ретінде құрылды. Сол жылы 19 тамызда алғашқы жүк көлігі конвейерден шықты. 2015 жылы осы автотехниканың 10 мыңыншы данасы, ал, 2024 жылдың 31 қаңтарында 20 мыңыншы КамАЗ-54901 магистральдық тартқышы құрастырылды.

Сөйтіп, екі онжылдықта зауыт еліміздің халық шаруашылығының барлық салаларында табысты жұмыс істей алатын 20 мыңнан астам жүк көлігін шығарды. Олардың түр-түрін атасақ, самосвалдар, борттық автомобильдер, вахталық автобустар, ауыз су мен техникалық суға арналған автоцистерналар, коммуналдық машиналар болып жалғаса береді.

–Жиырма жыл ішінде «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы бос цехтан қазақстандық машина жасау флагмандарының біріне дейінгі жолдан өтті. Компания инновацияларды дамытуға дәйекті түрде көшіп отыр. Автокөліктер қауіпсіз, экологиялық таза және жұмыс істеуге ыңғайлы. Коммерциялық көліктің жүк көтергіштігі мен отын үнемділігі өсе түсуде, электрондық жүйелер мен инновациялық материалдарды қолдану аясы кеңейіп жатыр. Мұның бәрі кәсіпорынның ұзақ мерзім табысты жұмыс істей алатынын растайды, – дейді кәсіпорынның бас директоры Сергей Кистин.

Оның айтуынша, кәсіпорынның сенімді серіктестері – еліміздің мемлекеттік және жеке құрылымдары. Дәл осы серіктестік өткен жылдарда тұрақтылықтың кепіліне айналды және бүгінгі таңда өндірістің өсуінің негізгі факторларының бірі болып қала береді.

Қазіргі кезде «КамАЗ-Инжиниринг» 12000 шаршы метрден астам өндірістік алаңға ие болып отыр. Оның 5000 шаршы метрі автоқұрастыру өндірісі және 2000 шаршы метрі дәнекерлеу цехы. Тағы мыңдаған шаршы метр алаң қосалқы бөлшектер қоймасы, көліктерді сақтайтын және логистикалық аймақтарды алып жатыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 1 мың жүк көлігін шығаруға жетеді.

Зауыттың Астана мен Алматы қалаларындағы инженерлік және сервистік қызмет көрсетуге шоғырланған филиалдары табысты жұмыс істеуде. Олар серіктестермен тығыз бағытта жұмыс істеп, техникалық қолдау көрсетеді. Таяу болашақта Ақтау қаласында да кәсіпорынның филиалын ашу жоспарланған, бұл компанияның дамуындағы жаңа кезең болары сөзсіз.

Кәсіпорын өнімінің жоғары сапасы мен ұжым жауапкершілігі бірнеше рет жоғары марапаттарға қол жеткізуге дәнекер болды. Атап айтқанда, 2017 жылы кәсіпорын «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпазы атанды. 2021 жылы компания орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясын жеңіп алып, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық байқауының алтын белгісіне ие болды. Бұл марапаттар зауыттың осы реттегі жүйелі жұмысын және әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары деңгейін растай түсеріне сөз жоқ.

Бұл күнде «КамАЗ-Инжиниринг» осы заманғы машина жасау кәсіпорны ғана емес, сонымен қатар, тартымдылық орталығы мен шеберлік мектебі және инновацияға негізделген әрі өзін ақтаған озық жоба болып табылады. Алғашқы күндерден бастап мұнда технологиялық тәртіп, әрбір жабдық пен бөлшек үшін жауапкершілік, еңбекке құрмет сияқты ұстанымдар қатаң ескеріліп келеді.

–Біздің өндіріс орнында кездейсоқ адам деген жоқ. Әрбір маман автомобильдерді жинап қана қоймай, оның одан арғы тағдырына жаны ауыратын тұтас бір команданың бөлігі. Зауытта күн сайын 300-ден астам маман өздеріне сенуге болатын осы техниканы шығару үшін кәсіпорын табалдырығын аттайды, – дейді тағы да Сергей Кистин.

20 жылдық мерейтойына орай, кәсіпорын өндірістік цехтар бойынша экскурсия ұйымдастырды, ал, «Bolashaq» сарайында осы қуанышты оқиғаға арналған салтанатты шара өтті. Бұл күні еліміздің және облысымыздың әр жерінен жиналған облыс басшылығы, компания құрылтайшылары, серіктестер мен әріптестер, әкімшілік пен қоғам өкілдері тарапынан білдірілген жылы сөздер мен құттықтаулар бір толастамады.

Солардың бірі – Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы да зауыт ұжымына ерекше назар аударды. Ұйым басшысы Ерқанат Мұсылманбек «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы облысымызда жылдан-жылға кең қанат жайып келе жатқан шағын және орта бизнестің мәуелі бір жемісі екенін атап өтіп, қуатты өндіріс орнының одан әрі өркендеп, өсуіне тілектестік білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар