«Бүгін біз үшін арманымыз  орындалған күн»

Сүйінші хабар

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов реновация бағдарламасы бойынша көкшетаулық тұрғындарға 100 пәтердің кілтін тапсырды

Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-жылдығы қарсаңында 100 отбасы реновация бағдарламасы аясында жаңа пәтерлерге ие болды. Көп адамдар үшін ақ түйенің қарны жарылған күні біз де жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне қатысып, көпшіліктің қуанышына ортақтасып қайттық.

Облыс орталығы кеңестік кезде салынған ескі үйлерден біртіндеп арылып келеді. Көкшетаудың кейбір шағын аудандарында екі қабатты ескі Хрущев үйлерінде тұрған тұрғындар тіпті, осы уақытқа дейін от жағып, күл шығарып келді. Енді ол келмеске кетіп,  көп жыл апатты үйде тұрып, берекесі қашқан тұрғындар бүгінде су жаңа жайлы баспанаға қол жеткізіп отыр. Көптен күткен жайлы баспана 100-ге жуық отбасына «Жаңа Шаңырақ» тұрғын үй кешені мен Вернадский көшесіндегі жаңа тұрғын үй кешенінен берілді.

Ерекше атап өтетін жайт, Мемлекет басшысының реновация бағдарламасын жүзеге асыруды Ақмола облысы елімізде бірінші болып бастап, тұрғындарға оның жемісін тарту етіп отыр. Әлеуметтік осал топтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету, әсіресе, осы реновация бағдарламасы бойынша облысымызда жүргізіліп жатқан жұмыстар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оң бағасын алды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов салтанатты шарада өңір тұрғындарын бүгінгі қуанышты оқиғамен құттықтады.

–Бұл үлкен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Ескі тұрғын үйлер тарих қойнауына кетіп, олардың орнында жаңа әрі заманауи шағын аудандар бой көтеруде. Бүгінгі қуаныш әрбір отбасы үшін жаңа өмірдің бастауы деп білеміз, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Тағы бір ерекшелігі, реновация жобалары бюджет қаржысынсыз жүзеге асырылуда. Бұл мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесі. Облыс әкімдігі, «KOKSHE» және құрылыс компаниялары бірлесіп қабылдаған шешім халық игілігіне жарап, көптің көл-көсір қуанышына айналуда. Осы бағдарламаға  қатысушылар үшін арнайы пәтерлер сатып алынып, тұрғындарға тегін үлестірілуде.

Қазіргі таңда бағдарлама тек облыс орталығында ғана емес, сондай-ақ, Щучинск, Макинск қалаларында, Аршалы мен Зеренді кенттерінде де табысты іске асырылуда. Жаңа пәтерге қол жеткізген қала тұрғыны Шәрбану Қожабаева өз  қуанышымен бөлісіп:

–Бізге әкімдіктен адамдар келіп, жаңа үй берілетінін айтты. Ортақ шешімді бірден құптадық. Міне, енді жарық та жайлы пәтерге қоныс аударып отырмыз. Мемлекетке және осы іске ат салысқандардың бәріне алғысымыз шексіз. Бүгін біздің арманымыз орындалған күн, – дейді тебіреніп, толқыған күйде.

Тұрғындардың жайлы қонысына айналған «Жаңа Шаңырақ» тұрғын үй кешені Уәлиханов, Быковский, Саин, Тілендиев көшелерінің қиылысына салынды. Мұнда 2024 жылдың қараша айында алты ескі үй сырылған болатын. Ал, Вернадский көшесіндегі жаңа үй 2024 жылдың сәуірінде сырылған ескі үйлердің орнына тұрғызылды. Аталмыш бағдарламаға инвестор ретінде жергілікті құрылыс компаниялары тартылды. Жаңа салынған үйлердің заманауи стандарттарға сай барлық инженерлік коммуникациялары жүргізіліп, аулалары абаттандырылып, балалардың ойын алаңдары мен футбол алаңдары салынды. Пәтерлердің барлығының іші әрленген, тұруға жарамды. Тек, тұрмыстық техника мен жиһаз әкелінсе, су жаңа пәтерлер одан сайын жайнап шыға келейін деп тұр. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұрынғы барак үлгісіндегі ескі үйлердің орнына тұрғындардың серуендеп, демалуы үшін сквер пайда болмақ.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар