Бурабайда «Бөлектау» туристік соқпағы бар

Бәрекелді!

«Бурабай» ұлттық табиғат паркінде жаңа «Бөлектау» туристік бағыты  бойынша экосоқпақ ашылды. Қазақстандағы алғашқы толық геймификацияланған экосоқпақ келушілерге сапарды қызықты ете түсу үшін квест форматында өтіп, аудиогид пен Telegram-ботты пайдалануға мүмкіндік береді.

Ақмола облыстық əкімдігінің тапсырмасы бойынша атқарылған бұл жұмыс «Хоум Кредит Банктің» бас демеушілігімен жүзеге асты. Банк биыл құрылғанына 20 жыл толуына орай, Қазақстанның əлеуметтік-мəдени дамуына қосқан үлесі ретінде осы соқпақты сыйға тартты. Игі бастама  «Бурабай» ұлттық паркі, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы және Орталық Азияның тұрақты даму қоры мен италиялық серіктестер тарапынан да қолдау тапты.

Кіреберіс қақпадан басталатын соқпақ тау биігіндегі негізгі демалыс орнына дейін жалғасады. Бөлектау шыңына апарар жолда өсімдіктер дүниесі мен осы аймақты мекендейтін жан-жануарлар туралы деректерді де кезіктіруге болады. Сондай-ақ, қазақ, орыс жəне ағылшын тілінде қолжетімді аудиогид кіріктірілген QR-кодтар бар. Ең бастысы, соқпақ экологиялық таза материалдарды қолдана отырып жасалған.

– Біздің ойымызша, бұл жай ғана абаттандыру жобасы емес. Біз адамдарға заманауи, ыңғайлы əрі əдемі демалыс орны пайда болсын дедік. Келушілер отбасымен бірге серуендеп, жаңа нəрселерді танып, табиғаттың сақталуына көз жеткізе алатын орын болды бұл. Осындай маңызды іске күшіміз бен қаражатымызды сала алғанымызға марқаямыз, – дейді банктің басқарма төрағасы Кирилл Бачваров.

– Бұл соқпақ инфрақұрылымды табиғатқа зиян келтірмей жасауға болатынын көрсетті. Мұнда бəрі ұқыпты қолмен, жер бедеріне құрметпен жасалған. Хоум Кредит Банкпен ынтымақтастық арқасында туристерге тағы бір ерекше маршрут пайда болғанына қуаныштымыз, – деп өз пікірін қосты «Бурабай» ұлттық паркінің директоры Сергей Быков.

Экосоқпақтың ашылуында алғашқы келушілер маршрутпен жүріп өтіп, аудиогидті сынап, квест тапсырмаларын орындап көрді. Жобаның арқасында енді жас та, кәрі де тауға емін-еркін алаңсыз көтеріліп, түседі. Қысқасы, қауіпсіздік жайы бірінші орынға қойылған. Әрі тазалық жағынан да әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, маңызы зор. Бабалардан аманат, Жаратушыдан сый-сияпат болған табиғаттың қалыбын бұзбай, көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік береді.

– Бірнеше айдың ішінде жасалған бұл үлкен жобаның ең бастысы, құрылыс жұмыстарынан бұрын дизайны өте маңызды болды. Өйткені, бұл экологиялық тұрғыдан қорғалатын ұлттық парк қой. Сондықтан, өзінің стандарттары бар. Бір де бір ағашқа, экологияға зияны келмеуі керек. Соны ескере отырып, қандай материалдар қолданылу керектігі әбден пысықталды. Үлкен тау болғандықтан, бізге қауіпсіздік жағы да сын болды. Туристерге жайлы жағдай туғызу үшін жобаны халықаралық және жергілікті сарапшылармен біріге отырып жасадық. Барлығы 20 миллион теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын да қаражат жұмсамадық. Бұл құрылымдардың жекеменшік қаржысы. Олардың әлеуметтік жауапкершілігінің бір әдемі көрінісі. Бурабай халқына, туристерге деген бір әсем сый. Президентіміздің былтырғы берген тапсырмасына сәйкес, Бурабай Қазақстанның ең басты 3 туристік нысанын бастап тұр. Әрине, Қазақстан –  табиғаты бай мемлекет, мұнда туристерге арналған небір демалыс орындары  бар. Бірақ, ең атап өтерлігі осы үштікке кірген Бурабай, Маңғыстаудағы Бозжыра мен Алматыдағы «Шымбұлақ» шаңғы тебу курорты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы үш орынды бөлек, жаңа деңгейде «Қазақстанның беткеұстар демалыс орындары» ретінде бекітті. Сондықтан, бұл бізге өте үлкен жауапкершілік. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасына сәйкес, бұл курортқа қатты маңыз беріліп, әр жобаны сапалы деңгейде аяқтап отыру қажет. Сондықтан, біз осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Пайдасы, әрине, бұл соқпақ цифрлық технологияларды қолдана отырып, қай жаста болмасын, барлық туристерді Бөлектаудың шыңына қауіпсіз жетуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.

Бурабайда мұндай экологиялық соқпақтың салынуы – туристердің серуен кезінде шаршап-шалдықпай, ғажап табиғат аясында саф ауамен тыныстап, айналаны тамашалап, ғаламмен ғажап байланыс орната алуына тамаша мүмкіндік. Артық жүріс-тұрыс адамға жаңа ақпаратты қабылдауға да, табиғаттың сұлулығына беріле тамсануға да кедергі келтіреді. Осы себепті де туристерге ендігі арада жаңадан ашылған «Бөлектау» соқпағының пайдасы аса зор.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар