14 қыркүйек – Отбасы күні
Отбасы күні қарсаңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахинаның төрайымдылығымен «Бірлескен іс – берекелі нәтиже» тақырыбында тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды. Отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесі төңірегінде тағылымды әңгіме өрбіген тәжірибе алмасу алаңына аталмыш Аналар кеңесінің, Әжелер, Қыздар клубтарының мүшелері, өнегелі отбасылар жиналды.
Шараға аталмыш ұйымның бұрынғы төрайымы, сарапшы Айнагүл Жазиева қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны өткізудегі басты мақсат – отбасы институтының маңызын арттыру, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау және қоғамдағы өзара сыйластық пен берекені нығайту.
Еске сала кетсек, 2013 жылдан бастап Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде ерекше мәні бар Отбасы күні атап өтілуде. Бұл күн – отбасы құндылықтарын дәріптеуге, қоғамда мейірімділік пен ізгілікті насихаттауға арналған маңызды мерекелердің бірі. Биыл бұл атаулы күн 14 қыркүйекке сәйкес келіп отыр.
Аналар құрметіне арналған әдемі әндердің попуриімен басталған отырыс аталмыш кеңеске енді өтіп жатқан жаңа мүшелеріне арнайы сертификаттар табыстау рәсімімен жалғасып, облыстық әжелер және қыздар клубтарының жетекшілері тағайындалды. Әжелер клубына бұдан былай аналар кеңесінің мүшесі, журналист әріптесіміз, тәжірибелі педагог Нұрсәуле Мұрат жетекшілік етсе, облыс аумағындағы Қыздар клубтарын «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі Бақытжан Айдосова басқаратын болды.
– Аналар кеңесі облыстағы білім беру мекемелерімен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етеді. Бірлескен іс-қимылдар арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттайтын іс-шараларды, жастарға арналған тәлім-тәрбие беру дәрістерін, қайырымдылық акцияларын, ұлттық мәдениетті дәріптейтін жобаларды жүзеге асырып келеміз. Қазіргі кездегі біздің ұйымның басты мақсаты – мектептер мен колледждердің ата-аналарымен, ұстаздарымен, жастарымен кездесіп, тәрбиелік мәні зор шаралар өткізу, – дей келе Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Құрманбайқызы ұйымның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары мен жобалары туралы баяндады. Әжелер мектебін қалыптастыру мен Қыздар клубын ұйымдастырудағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
Жиында сөз сөйлеген аналар кеңесінің мүшесі, облыстағы Қыздар клубтарының жетекшісі Бақытжан Айдосова «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», Көкшетау қалалық білім бөлімінің әдіскері Бақытгүл Долайқызы «Альфа ұрпақтың Абай іліміндегі тәрбиесі» тақырыбында өздерінің ойларын ортаға салып, тәжірибе алаңына жиналған жас ұрпаққа – қыз баланың отбасындағы рөлі, мінез-құлқы, тәлім-тәрбиесі туралы өнегелі әңгімелерін, ақыл-кеңестерін ұлағатты мысалдармен жеткізді.
– Қазақ халқы ертеден қыз балаға қырық үйден тыйым салып, бүкіл әулет, ауыл болып тәрбиелеген. Себебі, қыз бала ертеңгі ана, белгілі бір шаңырақтың ұйытқысы болатынына сенім білдіріп, қадірлеп, құрметтеген, – деп Бақытжан Досымбекқызы жас қыздарға қазірден бастап өздерінің жүріс-тұрыстарына, мінез-құлқына көңіл аударып, отбасында әкені сыйлау, ананы құрметтеу, туған-туыс, бауырға, достарына қайырымды, мейірімді болу секілді жақсы әдеттерге шақырып, айналасына үлгі болу керектігін түсіндірді. Ал, Бақытгүл Долайқызы өзінің негізгі баяндамасынан кейін «Адал азамат» жобасы аясындағы мектептердегі «Әжемнің өнегесі» атты тәрбие сағатына ақ жаулықты әжелердің қатысып, жас ұрпаққа дәріс оқуын ұсынды.
«Әжемнің өсиеті» тақырыбында тағылымды да мазмұнды әңгіме өрбіткен Қарашаш Ахметова есімді ақ жаулықты әже 45 жыл ұстаздық еткен зейнеткер. Ол отбасы құндылықтарын сақтау, жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ғұрыптарымызды ұмыттырмау, әке мен ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, ата мен әженің өнегелі мектебі, жастардың отбасын құрар алдында болашақ өмірлік серіктерін өз ұлтынан таңдау қажеттігі, қыздарымыздың ұлттық генезисті таза қалпында сақтауға ұмтылудың маңызы секілді бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Соның ішінде әжелердің немерелеріне ертегі айтып, жыр-дастандарды үйрету парызы, жас аналардың сәбиіне бесік жырын айтуының маңызы сияқты жағдайларды да мысалдармен әсерлі түрде жеткізіп, жиналған қауымға ой салды.
Осылайша, «Бірлескен іс – берекелі нәтиже» тақырыбындағы тәжірибе алмасу алаңына жиналған қауым отбасылық құндылықтарды сақтаудың мән-маңызы туралы жан-жақты өнегелі әңгімелерді тыңдап, ашық микрофонда өздерінің де орамды ойларымен бөлісті.
Жиын барысында «Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясы бойынша алдын ала ұйымдастырылған байқауда жеңімпаз атанған Есләмбек Смағұл мен Маржан Тоқымның отбасы арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

