Сессия
Ақмола облыстық мәслихатының сегізінші шақырылымының кезекті жиырма екінші сессиясы өтті. Оған облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жәркешов және депутаттар мен басқармалар мен ведомстволардың басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібі бекітіліп, жиналғандар алдымен Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурскийдің «Ақмола облысының туристік саласының жай-күйі мен даму перспективалары» туралы баяндамасын тыңдап, саланы одан әрі дамыта түсудің жолдарын талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы өз Жолдауында туризм саласын инустриалдық-иновациялық тұрғыдан дамыту жөнінде баса айта келіп, туристік аймақтарға тұрақты қолдау көрсету қағидаларына тоқталып өтті. Президент курортты аймақтардың инфрақұрылымын жақсарта отырып, еліміздегі көрікті жерлерді ұлттық брендке айналдыру арқылы көптеп туристерді тарту мәселесін қолға алуды тапсырды.
Ақмола облысы еліміздегі аграрлық сала жолға қойылған аймақ болумен қатар, туризм саласын дамыту үшін де қолайлы өңір екені белгілі. Сол үшін де мемлекет тарапынан Ақмола облысының туризм саласын дамытуға тұрақты жағдай жасалып келеді. Жиын барысында басқарма басшысы Андрей Подгурский өңір депутаттары алдында еліміздегі туризмді дамытудың жетекші бестіктерінің бірі саналатын Ақмола облысының туризм саласының жай-күйі мен болашағынан хабардар етті. Оның айтуынша, облыста 700-ге жуық туристік нысан жұмыс істейді. Бүгінде облыстың туристік инфрақұрылымын жақсарту үшін үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде.
Біріншісі, Шучинск-Бурабай курорттық аймағы туризм өнімінің 90 пайызын құрайтын негізгі туристік бағыт болып табылады. Екіншісі, Зеренді мен Сандықтау. Ал, үшінші бағытқа жататын Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласы Астана мен облыс тұрғындарының негізгі демалыс орындары орналасқан курортты аймақ болып саналады. Міне, осы үш бағыт бойынша бүгінде аймақ туризмін дамыта түсуге күш жұмсалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, туризмді, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ағымдағы жылы 137,2 миллиард теңгені құрайтын барлығы 118 жоба бекітіліпті.
–Жыл сайын Ақмола облысына бір миллионнан астам туристер келеді. Биыл жыл соңында бұл көрсеткіш 1,5 миллионға дейін ұлғаяды деп жоспарлап отырмыз. Жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақтың курортты жерлерін танымал ету үшін жаңа инфрақұрылым салып, оларды ұлттық брендке айналдыруға баса назар аударылып отыр. Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы Ақмола облысы үшін өңірдің негізгі туристік бағыттарының инфрақұрылымын жақсартуға ынталандыру болатыны сөзсіз, – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының баяндамасынан соң, мәслихат отырысының сұрақ-жауап бөлімінде депутаттар тарапынан Астана қаласынан Бурабай өңіріне дейінгі аралықта және аймақтың кейбір туристік орындарында жоғары жылдамдықтағы интернет желісінің болмауы жөнінде айтылды. Бұл мәселеге басқарма басшысы жауап беріп, Шучинск-Бурабай курортты аймағында ұялы байланыс қызметін және мобильді интернетке қолжетімділікті жақсарту үшін жеті бірдей антенналық тірек орнатылғанын айтып өтті. Сондай-ақ, ол алдағы екі жылдың ішінде Астана-Бурабай тас жолының бойына тағы осындай үш антенна тіректерін қою жоспарланғанын атап көрсетті.
Содан соң сөз кезегі Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық сұрақтар және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Әбілқайыр Ошақбаевқа беріліп ол, тұрақты комиссияның жұмысы туралы есеп берді.
Ақмола облысының аграрлық секторы аймақ экономикасында шешуші рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан, арнайы комиссия аграрлық қоғамдастық алдындағы жауапкершілікті терең түсініп, жұмыс істеуге тиіс. Комиссия төрағасы өз сөзінде жұмыс құрамында аграрлық сектордың өкілдерімен қатар, шаруашылық басшылары, сондай-ақ, ауыл шаруашылығында 30 жылдан астам тәжірибесі бар мамандардың бар екендігін айта келіп, олардың әрқайсысы осы саланың алға жылжуына өзіндік үлес қосып отырғандығын атап өтті.
Комиссия мүшелері ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда астықты терең өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударған көрінеді.
–Біз тек «шикізат аймағы» ретінде қалып қоймауымыз керек. Сондықтан, қайта өңдеу саласын дамыту басты басымдықтардың бірі болып табылады. Сапасы мен құны жоғары өнім өндіру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетімізді арттыруға жағдай жасауға мүмкіндік туады. Тұқым қорының жай-күйі, егін егу және оны жинау науқанына дайындық және өнімді сақтау, кептіру мен сату мәселелеріне баса назар аударылуы қажет. Мал мен астық өсірушілер үшін субсидия беру, ақбөкендердің көші-қонының салдары, ауа райының қауіп-қатері үшін өтемақы төлеу, астықты терең өңдеу перспективалары мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту салаларында қиындықтар кездесіп жатады. Біз соның барлығын бақылап, дер кезінде шешім қабылдап, нақты өтініштерге, жергілікті мәселелерге, фермерлер мен ауыл тұрғындарының үміт-тілегіне негіздеп қорытынды жасаймыз, –деді комиссия төрағасы өз баяндамасы барысында.
Оның айтуынша, соңғы жылдары ақбөкендердің көші-қонының салдары ауыл шаруашылығы мамандарының алаңдаушылығын туғызып отыр. Кейбір аймақтар үшін бұл мәселе таза экологиялық мәселелерден әлдеқашан шығып кеткен. Енді ол ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына тікелей әсер етуде.
–Ақбөкендер тура мағынасында егінді құртады, жайылымдарды таптайды, шаруашылықтарға айтарлықтай зиян келтіреді. Көптеген ауыл шаруашылығы құрылымдарын бұл айтарлықтай шығынға ұшыратып отыр, – деген комиссия төрағасы бұл жөнінде мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар енгізілгенін айта келіп, қоршаған ортаны қорғау мен ауыл шаруашылығы мекемелері арасында ақылға қонымды шешімдер қабылдануға тиіс екенін атап өтті.
Содан соң, мәслихат отырысында комиссияның келесі жылға қандай міндеттер қоятыны айтылып, комиссия тарапынан көтерілген ұсыныстары қаралды. Әбілқайыр Ошақбаев қатысушылардан аудандарда жиі болу үшін көшпелі отырыстардың санын көбейтіп, фермерлермен және кооперативтермен кері байланысты жүйелеу мәселелеріне назар аударуды сұрады. Сондай-ақ, ол аграрлық салада мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуындағы бақылауды күшейтіп, негізгі шешімдерді талқылауға сараптамалық және ғылыми қауымдастықты тарту жөнінде бастама көтеруді ұсыныс ретінде енгізуді сұрады.
Сессияда сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті сессиясының күн тәртібіне енгізілген өзге де бірқатар шешімдер қаралып, бекітілді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

