Этномәдени бірлестіктер гранттар жеңіп алды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Қазақстан халқы ассамблеясының «Елтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында аймақтың бірнеше этномәдени бірлестіктеріне гранттар табыс етіп, олардың қолға алған жобаларына сәттілік тіледі.   

Іс-шара Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы және «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің қазақстандық патриотизмді және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған «Елтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында жүзеге асырылды.

Жобаның негізгі мақсаты ел тұрғындарының бойына рухани және мәдени құндылықтарды сіңіру, азаматтық қағидаттарға негізделген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін одан әрі жетілдіру, этносаралық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту болып табылады.

– «Елтану» жобасы Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың бірлігін, этносаралық қатынастарды нығайтуда маңызы зор бірегей жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларының бірінде берген тапсырмасына сәйкес  облысымызда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында этномәдени бірлестіктердің маңызды қоғамдық бастамалары мен жобаларына қолдау көрсету мақсатында оларға гранттар бөлу былтырғы жылдан бері іске асырылып келеді. 2024 жылы республика бойынша біздің облыс алғашқылардың бірі болып, осы гранттарды табыстады. «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында грантпен қаржыландыру негізінде өткен жылы Ақмола облысындағы қазақ және орыс қауымдастықтары, поляктар бірлестігі, өзбек мәдени бірлестігі, қаржыландырылған болатын. Енді биыл жоба бойынша этномәдени бірлестіктер арасынан комиссия таңдап алған 4 орталыққа 1 миллион теңгенің гранттары беріледі, – деп облыс әкімінің орынбасары жеңімпаз атанған этномәдени бірлестіктерге қаржылай сертификаттар мен арнайы дипломдар табыс етті.

Сонымен, «Елтану» жобасы бойынша ұйымдастырылған  байқау нәтижесінде «Чинсон» кәріс мәдени орталығы» «Ұмытылған қазақ салт-дәстүрлерін жаңғырту және насихаттау бойынша «Күн көрсету», «Аманат», «Чуваш этномәдени орталығы» «Бесіктен ұзатуға дейін: қазақ қызының жолы»,  «Ақмола облысының татар-башқұрт бірлестігі» «Абайдың сөзі – ұрпақ жүрегіне» және «Әзербайжандар қауымдастығының» облыстық филиалы «Отбасы құру» жобаларымен аталмыш гранттарды иеленді.

Осы ретте атап өтетіні, республика бойынша этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін мұндай мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тек Ақмола облысында ғана қолға алынып отыр.

Ы.ШАМШИЕВА.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар