Жекеменшік тәлімбақтың үлкені де мәндісі

Жасыл желек

Шортанды ауданында еліміздегі ең ірі жекеменшік орман тәлімбағы жұмыс  істейді. Жаңа жобаның жалпы құны 6 миллиард теңге. Бүгінде 485 гектар алқапқа көшет егіп отыр.

Көкшетау десе көз алдыңа көгілдір сағым көмкерген көркем даладағы мәңгі жасыл қарағай, ұшар басы ақша бұлттардың бауырын аймалаған зәулім терек, қолдың саласындай ақ қайыңдар елестер еді. Әйтсе де, сыңсыған орманның сыбағасы бар тарапқа бірдей бұйырмаған. Бұланды ормандарымен қойындасып жатқан Меңіреу, Бурабай баурайындағы жақпар тастарды қақ жарып өскен қалың қарағай, сары сағымы кілкіген Сандықтау өңірі болмаса, өзге өңірдің өңі жүдеу. Жаңа жоба сәтімен сабақталса, жалғыз Ақмола аймағы ғана емес, бар қазақтың даласы жасыл желекке малынатындай-ақ.

Аудандағы 19 инвестициялық жобаның ауыз толтырып айтуға лайық қомақтысы да осы «Қазақстан Орманы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазір серіктестікте ауылдың 35 тұрғыны тиянақты еңбек етіп жүр. 2027 жылы 150 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Орташа айлық мөлшері 250-300 мың теңге төңірегінде. Ауыл тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс, оның үстіне таза ауа, жанға жайлы жұмақ мекеннің бір пұшпағы. Төрт құбыласы тегіс жасыл өскін.

Кәсіпорынның құрылтайшысы жанар-жағар май өндіретін «ҚазМұнайХим» компаниялары тобы. Компания басшылары өздерінің экологиялық жауапкершіліктерін көрсеткісі келгені де. Қазақтың «алаған қолым береген» дегеніне келеді. Шынында да төл табиғатымыздың көл-көсір байлығын пайдаланғаннан кейін сол табиғатқа да жанашырлық жасалуы керек емес пе? Демек, жарқын жобаның астарында адамгершілік, ізгілік ізеттері жатқан тәрізді көрінді бізге. Алдағы мақсат болашақтағы бес жылдың ішінде Алтайдан Атырауға дейінгі тұлпардың тұяғын тоздыратын, сұңқардың қанатын талдыратын сайын далаға көгертіп көшет екпек. Алдымен табиғаттың тынысын, топырақтың құнарын зерделеген. Ағаш атаулының бәрі бірдей емес, қарапайым тілмен айтқанда, таңдап, талғап қана өспек. Тілін тапқан ғана қара жерге еккен көшетінің бой салып, бәйтерекке айналғандығын көре алады. Орманшы атаулы жеміс ағашын ексе, қашан соның жапырақ жайып, жемісін бергенін сағынып, сарғайып тосады емес пе? Қазір тәлімбақта жұмыс істейтін адамдар осындай күйде. Бел буып кіріскен соң бұл тараптағы бар білімін жетілдіріп, тиянақты еңбек етуде. Жаңа жоба 2027 жылы толық аяқталмақ.

Кәсіпорын директоры Қуат Ерғалиевтың айтуына қарағанда, «Қазақстан Орманы» бүгінгі күні Қазақстандағы ең ірі жемекеншік тәлімбақ. Тәлімбақтың жұмысына 1,2 миллиард теңге қаражат жұмсап үлгеріпті. Өндірістік база Шортанды селосының іргесінде. Екі маусым ішінде қисапсыз жұмыс атқарылған. Қай тұсына қарасаң да ұқыпты қолдың табы анық білінетін алаңқайларда биіктігі көп-көрім, 2,5 миллион әртүрлі ағаш көшеттері бой салып өсіп тұр. Осы көшет тұқымдарының басым бөлігін тәлімбақ жұмысшылары өздері жинапты. Үміттеріне орап, махаббатарымен аялап,  қара жердің қойнауына сіңірген. Маңдай терлерімен суарған. Ағаш түрлерінің де сан алуан екендігін айттық. Оның ішінде өте пайдалылары да бар. Мәселен, мына бір бұта тектестері шаң-тозаңды жұтып қояды екен. Ал, мына бір бұталар дыбысты бәсеңдетеді. Осы бір жан жадыратар жаңалықты естіген кезде Көкшетаудағы жаз бойы ақ мамыққа орап тастайтын теректердің ойға оралғаны. Қала тұрғындары осы күнге дейін аң-таң. Пайдасы жоқ, жұртқа зияны мол мұндай ағаштарды заманында неге екті екен? Сәл ғана лүп етіп жел соқса болды, теректің бұтағында тұнып тұрған ақ мамық лып етіп жерге түседі. Әп-сәтте боран басталады. Қардың емес, үлпілдеген мамықтың бораны. Қаншама адамдар аллергия, ойын балалары шырпыны тұтатып жіберсе, жалыны бұрқ ете түседі. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта тұста өрт қаупін өршітетін де осы мамық. Шіркін-ай, қала басшылығы жаңа жоба жайлы құлақтанып, келесі жылы қауқиып тұрғаннан басқаға қауқары жоқ қаптаған теректі қырқып тастап, шаңды жұтатын, дыбысты бәсеңдететін бұталарды егіп тастаса, тамаша болмас па еді.

Көшеттер балғын күйінде. Өткір желден қорғау үшін кейбір алқаптарды жауып тастапты. Алғашқы легін сата бастаған. Тәжірибе үшін алма ағаштарын да отырғызыпты. Мүмкін жерсініп кетер. Ағаш көшеттерінен басқа алты түрлі сәндік гүл өсіруді қолға алыпты. Оның ішінде жерсінуі жағынан жақсысы гортензия гүлі. Көз жауын алатын алқызыл гүл маусым айынан қыркүйектің соңына дейін шешек атып тұрады екен.

– Бұл жердің топырағы сарғыштау, құнары да мақтарлық емес, сондықтан, көп уақытымызды көшет егетін алаңқайларды дайындауға жұмсадық. Сәндік павлония егіп едік, жерсінбеді. Сексеуіл егіп едік, қурап қалды. Шамасы солтүстік және орталық аймақтың табиғатына көндігетін көшет түрлеріне иек артуымыз керек шығар, – дейді тәлімбақтың агрономы Ерназар Серікбаев.

Бүгінде компанияның басты тапсырыс берушісі «Астана зеленстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Олар қаланы көркейту үшін көшеттер сатып алуда.

– Технология тарапынан анау айтқандай құпия ештеңе жоқ, – дейді агроном, – топыраққа тұқым сіңіргеннен кейін тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Кейін көшеттерді басқа алаңқайға орналастырамыз. Бұл арада бір-бірінің арасындағы арақашықтықты сақтау керек. Табиғатқа төселу маусымы жауапты кезең. Әрбір көшет  жаңа жағдайда жатырқап өседі. Көшеттерге жел де, бөтен дыбыс та әсер етеді. Көліктерден шығатын түтін де бой салып өспей жатып тұншықтырып тастауы ғажап емес. Міне, осындай талаптардың бәрі сақталса, неге өспесін?

Суды үнемдеу үшін де әрекет етуде. 12 мың текше метр су сыятын ор дайындалған. Қар суы осында құйылмақ. Ұңғымадан үздіксіз аққан су да толықтырып отырады. Жиналған су күн сәулесімен жылынады. Ашық алаңқайда болғандықтан, оттегімен толықтырылып тұрады. Жерасты суы мол болғандықтан, тәлімбақтағы көшеттердің ылғалдан тарығуы мүмкін емес. Орды толтыру үшін жеті бірдей ұңғыма қазып тастапты. Суын ішіп көрдік, тап-таза, мөп-мөлдір. Тәлімбақ басшылары тағы төрт ұңғыма қазбақ.

Алдағы уақытта «Қазақстан Орманы» серіктестігі тағы бір жаңа жобаны жүзеге асырамыз деп ниеттеніп отыр. Екі гектар жерге он жылыжай орналастырылмақ. Жылыжайда өсірілген қызанақ, қияр,  шалғын тәрізді көкөністер өсірілмек. Қуат Ерғалиев жаңа жобаның табысты боларына сенімді.

– Жылыжайда өсірілген көкөністер бүгінгі нарық бағасынан әлдеқайда арзанға сатылады, – дейді ол, – сол сәтте ел де біздің жұмысымыздың игілігін көреді.

Серіктестік жаңа инвестициялық жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау үстінде. Бұл тараптағы мәселе ойдағыдай шешілсе, мемлекеттік сараптамадан өткізілмек. Алғашқы өнімді 2026 жылы ала бастаймыз деп үміттеніп отыр. Қыруар іс сәтімен сабақталса, ел үшін игілік болары сөзсіз. Инвестицияның иініңді көтерер қуаты да осы емес пе?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар