Ашиды жаның!..
«Баяғы жартас, сол жартастың» күйін осыншалықты кеше береміз бе?
Көкшетауда жаңа оқу жылы басталысымен-ақ, сол баяғы тіл, қазақ сыныптары жайында даулы мәселенің шеті шығып үлгерді. Біз тағы да бір қозғағалы отырған бұл түйткіл жылдар бойы әбден жауыр болған аса өткір мәселе. Алайда, бұл жолы тіптен тұтас иісі қазақтың жүрегіне салмақ салатындай күйге түсіргенін ашына айтуға мәжбүрміз. Оған себеп, болашағымыздың тізгінін ұстайтын, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің басым көпшілігі орыс сыныбына баруы болды. Бұл қоғам арасында үлкен пікір тудырып, әлеуметтік желіде желдей есіп, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Бүгінде бүкіл теріскей аймақты алаңдатып тұрған жайды біз де жан-жақты байыптап, барлық тараптардың пікірін сараптауға тырыстық.
Облысымызда тұтас еліміздегідей, мемлекеттік тілдің ахуалының тақа бапты емес екендігі тап бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Ауылдарды былай қойғанда, облыс орталығы Көкшетаудың өзінде таза қазақ мектебінің саны күні бүгінге дейін саусақпен санарлық. Қазақ тілінде оқытатын сыныптар жетерлік деп ауыз толтырып айтқанымызбен, іс жүзінде оның бәрі аралас мектептер екені халыққа аян. Салдарынан қазақ сыныптарында оқитын балалардың өзі мемлекеттік тілде шалағай екенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп келеміз.
Аралас мектептерді қысқарту, қазақ сыныбының санын көбейту күні бүгінге дейін шешімін таппай, керісінше, жыл өткен сайын күрделене түсуде. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін заманда бәрі қаражатқа тірелетіні де түсінікті. Дегенмен, тәуелсіздіктің отыз төрт жылында да жағдай біріздендірілмей, бүгінгі күннің өзінде бүлдіршіндеріміз ана тілінен алшақтап, өзге тілде былдырлап бара жатқанын көргенде ішің қалай ашып, жаның қалай ауырмасын? Бүгінгі бала ертеңгі болашағымыз десек, келешекте ана тілінің уызына қанбаған ұрпақ елдің тізгінін қолға ұстаса, тұтас ел тағдыры не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты емес пе?!
Мұның себебін бірде идеологиялық саясаттың әлсіздігінен десек, енді бірде өзіміздің енжарлығымыздан көреміз. Қысқасын айтқанда, жылдар бойы айтылып та, жазылып та жүрген мәселе болғанымен, шешімі жоқ. Мұнымен тікелей айналысатындардан сұрасақ, «шешіп жатырмыз…», «жағдай оңалып келеді…» дейді. Олай болса, көпшіліктің көкейіндегісі неге әлі күнге дейін шешілмес мәселеге айналып отыр?
Біз алдымен көкшетаулық белгілі айтыскер ақын әрі асаба Әлібек Серғалиевтың осы мәселеге қатысты өз алаңдаушылығын білдірген бейне үндеуімен танысып шықтық. Онда айтыскер биылғы жылы Көкшетауда жаңадан ашылған мектептердің бірінде қазақ сыныбына баратын балалар саны толмағандықтан, сынып ашылмай қалғанын, бұл одан сайын жағдайды күрделендіре түскенін айтып, өз қынжылысын білдіреді. Әлібек ақын өз сөзінде қазақ сыныбына барар баланың болмағандығына қапалы екенін жеткізіп: «Бұл барша көкшелік ағайын үшін сын, ал, болашағымыз үшін төнетін көп қатерлердің бірі» деп ашына айтады. Өз ана тілінде білім алу бақытынан айырылған балалардың болашағына алаңдайтынын жасырмаған ол билік пен қоғамға да өкпесі қара қазандай екенін жасырмайды. Сондай-ақ, кешегі қылышынан қан тамған Кеңес заманының қысастық кезінің өзінде де ана тіліміздің дәл осылай көштен қалып көрмегеніне қиналатынын ашық айтады. Талай сын мен қатерден өтсе де, өзінің ана тілі мен ұлттық құндылығын көздің қарашығындай сақтаған жандардың жанкешті еңбегімен мемлекеттік тілдің оты өшсе де, шоғы сөнбегенін еске түсіреді. Ол үшін жанын да, барын да аямаған азаматтарымыздың ерлік ісі көпке үлгі болғаны анық. Айтыскер ақын бүгінгі қоғамда не себепті дәл мұндай кереғарлық орын алып отыр?» деп налиды.
Содан соң әлеуметтік желі белсенділерінің бірі, журналист Айгүл Құрманбек те өз парақшасында «Көкшетауда қазақ сыныбына баратын бала жоқ» деген мәліметті алға тартып, «бұл бізге соғылған соңғы дабыл қоңырауы» дегенді айтады. «Мен мұны ата-аналардың таңдауы деген сылтаумен бүркемелеуді бос сөз деп білемін. Мемлекет ең алдымен, ұлттың мүддесін қорғауға тиіс!» деген журналист кез-келген санасы ояу әрбір азамат дәл қазір осы мәселеге үн қосып, жағдайдың алдын алмаса, кейін кеш болады деп ой түйеді.
1 қыркүйек – Білім күнінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қадамына сәт сапар тілеу үшін қаладағы №10 мектеп-гимназиясында өткен мерекелік шараға қатысқанымызда, бірінші сыныпқа баласын жетектей келген ата-аналардың бірімен сөйлесудің сәті түсті. Өз баласын амалсыздан орыс сыныбына берген ол, қазақ сыныбына қабылдауға үлгермей қалғанын, енді қалған бірлі-жарым бала үшін дардай сыныпты ешкім ашпайтындығын айтып қынжылды. Өзінің аты-жөнін жасыруды өтінген кейіпкеріміз қаладағы өзге мектептердің үйден алыс екендігін, баланы онда тасуға уақыт қолайсыздық тудыратынын айтып, осы мектептің орыс сыныбына баласын амалсыздан бергенін жеткізді. «Егер қазақ сыныбына баратын бала көп болса, бұлай болмас еді» дейді ол тұнжырап.
Айтса айтқандай, бұл мәселе еліміздің солтүстігі саналатын аймағымызда расында да өзекті болып отыр. Бұл сөзімізге Көкшетаудағы көп мектептің дені аралас мектеп, яғни, таза қазақ тілінде оқытатын мектеп санының аздығы дәлел болады. Қаладағы аралас мектептердің қайсыбірін алсаңыз да, тіл мәселесінде тепе-теңдік жоқ. Ондай талап та, ереже де жоқ. Сәйкесінше, мұндай мектептерде орыс сыныбы басым.
Біз жоғарыда айтылған мәселелер бойынша алдымен, бірден-бір осы салаға жауапты құзырлы мекеме – Ақмола облыстық білім басқармасына жүгіндік. Мұндағы мақсатымыз, әрине, түсінікті. Сонымен статистиканы сөйлетсек, басқарманың мәліметінше, биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша барлығы 13 350 бала 1 сыныпқа қабылданған. Оның 7 120-сы орыс сыныбының партасына жайғасыпты. Ал, Көкшетау қаласы бойынша 3143 баланың 1710-ы орыс сыныбына, 1433-і қазақ сыныбына барған. Көкшетау қаласындағы жоғарыда аты аталған №10 орта мектеп бойынша мәліметті білгенімізде биылғы оқу жылында ашылған 10 сыныптың тек үшеуі ғана қазақ сыныптары екені белгілі болды. Көкшетауда бүгінде мұндай мысалдан көз сүрінеді.
Биылғы жылы Президенттің тапсырмасына орай, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысында барлығы 9 мектептің есігі айқара ашылғаны мәлім. Облыстың 12 200-ге жуық оқушысына білім беріп, қанатын қатайтатын бұл білім ордаларында да тіл мәселесі мәз емес. Қазақ сыныбына баратын баланың аздығы, ата-аналардың көбіне-көп ұл-қыздарын қазақ сыныптарына бермеуі жағдайды тұралатып, онсыз да ілгерілеп кетпеген іске тұсау болып тұр.
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташевамен сол күні жиналыстардан уақытының тығыздығына байланысты кездесудің сәті түспеген соң, телефон арқылы тілдесіп, өңірдегі қазақ сыныптарын көптеп ашу жұмыстарының қаншалықты жүргізіліп жатқанын сұрадық. Аймақтың бас педагогы мәселенің басқарма тарапынан күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.
– Жалпы, хаттама бойынша ауқымды шаруа істеліп жатыр. Ол жұмыстарды өзім тікелей қадағалап отырамын. Мені де бұл мәселе толғандырады, сіздер оны өздеріңіз де білесіздер. Жақында мониторинг жүргіземіз. Сол кезде осыған дейін атқарған жұмыстардың нәтижесін көретін боламыз. Соған сәйкес жұмысты жетілдіретін қосымша тетіктер енгізілетін болады, – дейді Айнагүл Қыдырбайқызы.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жаңа оқу жылына дайындық» тақырыбына арналып өткізілген брифинг кезінде де біз өз тарапымыздан Көкшетаудағы қазақ мектептері мен сыныптарының санын көбейту мәселесін көтерген едік. Оған аталған басқарма басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова жауап беріп, бұл жұмыс кешенді жоспар бойынша жүзеге асырылып келе жатқанын айтқан еді. Бірақ, осы арада ауызекі әңгіме, брифинг өз алдына, бұл өткір мәселеде білім басқармасы тарапынан да табанды жұмыстар керек екендігі әмбеге аян.
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, біз бұл мәселе тек мемлекеттік органдар мен ондағы мамандарға ғана қатысты деуден аулақпыз. Алдымен, «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, баласын қазақ сыныбына бергісі келмей, орыс сыныбына сүйрелеген ата-анаға не деуге болады?!
Ақмола облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы және Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов та бұл мәселе өзін үнемі толғандыратынын айта келе, өз тілін ұмытып, өзге тілді құп көрген ата-аналармен үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, олардың санасына сәуле түсіретіндей саңылау іздеу қажет дейді.
– Бұл біздің үлкен трагедиямыз! Өз тілі тұрғанда өзге тілде шүлдірлейтіндерде намыс жоқ. Ұлттық қасиет, ұлттық мінез дегендер олардың ойына да кіріп шықпайтын сияқты. Міне, осы бізді қынжылтады. Ұрпағымыздың болашағына алаңдаймыз. Тіліміздің мәртебесі түсіп жатса, қолданыстан ажырап жатса, одан артық қасірет бар ма?! Мұның барлығына өзіміз кінәліміз, идеологияның дұрыс жүргізілмей отырғандығы себеп. Әрбір азамат бұл мәселеге жауапкершілікпен қараса, жағдай бұлай ушықпас еді. Мен сізге бір мысал айтайын. Жақында осындағы шешен-ингуш қоғамдық бірлестігімен етене жақын жұмыс істедім. Бір жоба бойынша олардың жанында екі айдан астам уақыт жүрдім. Сондағы байқағаным, олар үнемі өз тілінде сөйлеп, өздерінің ұлттық қасиеттерін паш етумен болды. Қарап отырсаңыз, олар да біз көрген жаңалықты көріп, біз ұстаған смартфонды ұстап, біз барып жатқан орыс сыныбына барып жүр. «Сонда қалай?» дегің келеді. Демек, саны аз болса да, бұл халықтың ұлттық намысы ояу, санасы сергек. Оның себебі сол. Ал, біздің қарагөздерімізде намыс деген аяқасты болып отыр. Жас ұрпаққа жігер беретін, намысын қайрайтын кім? Әрине, ол – біз, қоғам. Сондықтан, ата-аналарды қазақ сыныбына баласын беруге үгіттеуді тоқтатпау керек. Керісінше, осыны үдете түсу қажет. Біз аралас мектептердің санын азайту жөнінде де үнемі айтып келеміз. Мектептерді, сыныптарды біріктіру арқылы мәселені шешуге болады. Бұған құлықсыздық танытып отырған да өзіміз, – дейді төраға бізбен сұхбаттасу барысында.
Бірақ, осы арада, бірақ, көкейге тағы да бір мынадай ой келеді. Тәуелсіздік алғанымызға биыл бақандай 34 жыл! Содан бері жауыр болған бір мәселе! Сонау 1988 жылдары қайта құру кезеңі келіп, оң-солымызды пайымдай бастағанымызда, осы газет маңында жұмыс істеген аға-апаларымыз үй-үйден қазақ сыныптарына үгіттеп бала жинап, қоярда-қоймай, сол кезде орыс мектебі болып тұрған МүҒабдуллин атындағы №3 орта мектептің қазақ мектебі болуына қол жеткізіпті.
Жарайды, ол кезде заманға байланысты солай-ақ болсын. Ал, енді содан бері де баласын қазақ мектебіне беру жөнінде әлі үгітті қажет ететін, бұл мәселеде кежегесі үнемі кейін тартып тұратын, өз тілі өзіне керек жоқ бұл қазақ деген ұлт туралы не айтуға болады, апыр-ау! Бізді бәрінен бұрын осы жағы қинайды, осы жағы жүрегімізді ауыртып, бетімізден отымызды шығарады!
«Жаманды жақсы дей берсең, жақсы болады» дейтін қырғыздың мақалы бар ғой. Біздің мақсатымыз жамандық іздеу емес, жақсылықты да көрсете отырып, одан әрі жағдайдың оңалуына ат салысу. Мәселен, Айгерім Алтайқызы бастауыш сыныпта оқитын екі бірдей баласын орыс сыныбынан қазақ сыныбына ауыстырыпты. Айгеріммен тілдескенімізде балаларының болашағы үшін осындай шешімге келгенін айтады. Әрине, тілі орысша шығып, сауаты өзге тілде ашылған балаға мұндай салмақ салу ауыр екені даусыз. Бірақ, алдымен намысты жоғары қойған Айгерім балаларына қосымша мұғалім жалдап, оның да амалын тауып жүр. Айтуынша, балалар да ақырындап, өз ана тілінде сөйлеп, білім алуға машықтанып келеді.
Иә, батпандап кірген дерт мысқалдап шығады. Орыс тілді көп ата-ананың баласын қазақ мектебіне беруіне «баланың оқуына көмектесе алмаймын» деген өз-өзіне жамап алған қорқынышы кедергі болып отырғандай. Оған қит етсе, «қазақ сыныбы мен қазақ топтарындағы білім мен тәрбиенің сапасы нашар» деп шыға келетін үйреншікті таптырауын түсінікті қосып қойыңыз. Ал, мұның барлығы ешбір шындыққа жанаспайтын, жалған пайымдар екенін біз жақсы білеміз. Бірақ амал қайсы?! Егер осы қалпымызбен кете берсек, түбі бұл ойсыздығымыз ешбір жақсылыққа апармайтынын айтып жатудың өзі артық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

