Тәрбие – тал бесіктен
Жастарға құқықтық білім бере отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның алдын алу мүмкіндіктері, жәбірленушіні қорғайтын заңдар мен буллинг және кибербуллинг жайында сөз қозғамай тұра алмаймыз.
Бұл қоғам үшін нәзік мәселе. Мүмкін біреу үшін ол жағымсыз,біреу үшін жаңа тақырыпболуы мүмкін. Бірақ, біз бұл туралы айтуымыз керек, өйткені, білген жағдайда онымен күресу дежеңіл. Біз қиын және қатал уақытта өмір сүріп жатырмыз. Елімізде баланың құқықтары жеткілікті қорғалған ба, жоқ па? Міне, бұл да үлкен мәселе.
Бала – адамның келешегі, баланы тәрбиелеу, қоғамның сапалы мүшесі етіп өсіру ата-ананың ардақты борышы. Бала жасында қалай тәрбиеленсе, есейгенде соны істейді. Халқымызда «Баланы – жастан» деген мақал бар. Бірақ, үнемі «үйтпе, бүйтпе» деп отырса, бала ынжық, жасқаншақ болады. Бала тәрбиелеудің жөні осы екен деп, тәрбиеден тыс қаталдық көрсетудің өзі бала өміріне қауіп туғызады. Қаталдық керек десек те, тәрбиелеудің дұрыс жолдарын қолданған жөн. Бала білуге құмар, көргеніне еліктегіш, түсінбесе сұрағыш, көкірегі таза, сыншыл және шыншыл болады. Оның бойындағы осы қасиетін сақтау үшін оған адал, адамгершілік тәрбие керек.
Қазіргі уақытта балалардың да, жасөспірімдердің де компьютерден, әлеуметтік желіден көретіні бір-бірін ұрып-соғу, жан-жануарларды жәбірлеу. Осыны көрген жас жеткіншек іштей ненің дұрыстығын, ненің бұрыстығын түсіне бермейді. Негізі балаға, тіпті, ересек жастарға да күнделікті үлкендердің, мұғалімнің айтқан сөздерінен гөрі ұялы телефонның, киноның әсері мол. «Кино да өмірден алынған» деп түсінетін сезімтал жастар ата-анасына, қоғамға не заңға қайшы қылықтар жасап адасады.
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деп хакім Абай айтқандай, теріс қылықтан кейін, әрине, жаза тұрады.Бала ата-анасының жазасын кейде әділетсіз жаза деп сезінеді. Бірақ, балаға не үшін жазаланғанын дұрыстап түсіндіріп, ойландырған жөн және бала өзін ата-ананың орнына қойып, өз қылығын олардың көзімен көруге тырысса, құба-құп. «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» демекші, балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Күнделікті араласатын ортасы, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, балаға мұның бәрі кері әсер етеді. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы – балаға үлгі-өнеге алатын басты нысана. Егер ата-ана баланың көзінше бір-бірімен ұрысып, бір-бірін балағаттап не өзге адамға тиісіп, заң мен заманға тіл тигізіп, көбіне біреуді жамандап жатса, маскүнемдікке, есірткіге әуес болса, оны көрген бала тұйық, өз ойын ашық айта алмайтын, стреске, депрессияға бейім болып өседі.
Сондықтан, құрметті ата-ана, әсіресе, жас ата-аналар, мүмкіндігінше өсіп келе жатқан балаңыздың көңіл-күйіне, оқу-біліміне, қызығушылықтарына көңіл бөліп, оның қажеттіліктерін ескеріп, отбасыңызда махаббат, сыйластық бар екенін сездіре білсеңіз, нұр үстіне нұр. Олай болмаған, баланың мүдделері мен қажеттіліктері ескерілмеген жағдайда, материалдық қиындықтарды желеу етіп, жасөспірімді ауыр еңбекке жұмсаған жағдайда балада отбасы мүшелеріне қатысты жүйелі агрессивті әрекеттер пайда болуы әбден мүмкін. Нәтижесінде отбасындағы жанжал, кикілжіңмен қоса, өзіңіз не өзге отбасы мүшелері зорлық-зомбылық нысанасына айналып, ол қорқыныш сезімін оятып, зиянды әрекеттерге, жарақат пен қорлауға әкелуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың психологиялық салдары сыртқы агрессияның, мысалы, көшедегі бұзақылықтың салдарынан әлдеқайда ауыр.
Нәтижесінде созылмалы аурулардың өршуі, жарақаттан кейінгі стресс, депрессия, үнемі қорқыныш сезімі, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты мынадай сауалдар туындауы да заңды. Қоғамда өзекті мәселеге айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы ішіндегі сыйластық пен сенімді нығайту, әйелдер мен балалардың, жалпы адамдардың құқықтарын қорғау үшін не істеліп жатыр?Әрине,біріншіден, «111»сенім телефоны бар, оған сіз тегін және жасырын түрде қоңырау шалып, өміріңізде не болып жатқандығы, басыңыздағы жағдай туралы хабарлай аласыз. Олар сізді тыңдайды, кеңес береді, қиын сәтте көмектеседі.
Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы көрікті Бурабай баурайында өткен ІV Ұлттық құрылтайда да осы бағытта «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдау қажет екендігін айтып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралардың қабылданғандығын жеткізген болатын.
Адам құқығы алдымен, бала құқығын қорғаудан басталады. Бала атаулы қашанда ерекше қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж болғандықтан, бұл заң жүзінде реттеліп, бекітілген. «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекен жайына қарамастан, барлық баланың құқығы тең. Яғни, бала құқығының қорғалуы аса маңызды жауапты іс. Өйткені, өскелең ұрпақ өз құқығын жете біліп, демократиялы,тең құқықты мемлекетте өмір сүріп жатқандығын толықтай сезінуі тиіс.
Біз, «Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасының қызметкерлері оқырмандарымызға өзіміз өткізетін әртүрлі шаралар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға құқықтық және психологиялық көмек көрсету жолдары, отбасындағы кикілжіңдердің себептері мен оларды болдырмау, әйелдер мен балалардың құқықтарының қорғалуы туралы кең көлемде мәліметтер береміз.
Бала – мемлекеттің басты байлығы. Елімізде өмірге келген әрбір баланың денсаулығы, білім алуы, қолайлы ортада өмір сүруі мемлекет назарынан тыс қалған емес. Өйткені, мына ұлан-байтақ кең далаға ие болатын, келешектің тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақ. Олар біздің болашағымыз, тәуелсіз еліміздің ертеңі. Сондықтан, жастар мен балаларға физикалық, моральдық және эмоционалдық жағынан күш көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ. Сол себепті көзіміздің ағы мен қарасы болып табылатын балаларымыздың өз құқығын білуі үшін олардың осы орайдағы сауатын арттырып, заң жүзінде сенімді қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек.
Бақыт ЕСМАҒАНБЕТОВА,
кітапханашы.
![]()

