Бурабайды бойлаған берекет

Әкім —  ел ішінде

Республика күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әкімшілік нысандардың ашылу рәсіміне қатысты.

Сапар басы Кенесары ауылындағы Мәдениет үйінің ашылу салтанатынан басталды. Залдың сыйымдылығы – 120 орын. Нысан ауыл тұрғындары мен жастардың мәдени шаралар өткізуіне толық мүмкіндік береді.

– Отыз жыл бойы ауылымызда мәдениет ошағы болмаған еді. Енді, міне, Республика күніне орай жаңа ғимарат сыйға тартылды. Сол үшін облыс әкіміне, аудан әкіміне алғыс айтамын. Осы мәдениет үйін бір жылдың ішінде салып, қолданысқа беріп отыр. Болашақта осындай әдемі, көркем, зәулім ғимараттың ішінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі бойынша домбыра үйірмесін ашқымыз келеді. Бұл ауылда қолөнер туындыларымен шұғылданатын адамдар да көп, – дейді мәдениет үйінің қызметкері Гүлнәр Есжанова.

Марат Ахметжанов Кенесары ауылының тұрғындарын мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады. Сүйінші ретінде ұжымға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстады. Нысанның ерекшелігі сол, мұнда баладан еңкейген қарияға дейін түрлі клубтарға жазылып, өз өнерлерін ортаға салып, таланттарын шыңдай алады. Би үйірмесінен бастап, домбыра, бейнелеу өнеріне арнайы кабинеттер ашылған.

–  Неткен керемет! Шынымды айтсам, ғимараттың іші осыншама әсем болар деп күтпеп едім. Енді біздің балаларымыз, немерелеріміз осында келіп, Мәдениет үйіндегі үйірмелерге қатысатын болады. Ғимаратты салған құрылысшыларға, аудан мен облыс әкіміне және Диана Еркенқызына ризамын, – деп, Кенесары ауылының әкіміне де алғысын айтты 73 жастағы ауыл тұрғыны Любовь Скотаренко.

Одан кейін аймақ басшысы Қызылғаш ауылындағы робототехника кабинетінің жұмысымен танысты. Абылай хан атындағы мектептің оқушылары Италияда өткен халықаралық робототехника жарысында жеңімпаз атанған. Бұл туралы информатика пәнінің мұғалімі Нұржан Әбілжанов айтып берді.

– Алты жыл бойы ауыл оқушыларын инженерия және IT бағытында оқытып келемін. Балалар бұл салаға ерекше қызығушылық танытады, республикалық байқауларға белсенді қатысып, жоғары оқу орындарында білім алуда. Оқушыларымыз өздерінің техникалық, шығармашылық қабілеттерін,  ол моторикаларын дамытып,  көптеген жетістіктерге қол жеткізуде, – дейді ол.

Оқушылардың талабына риза болған облыс әкімі Марат Ахметжанов жас таланттарды қашанда қолдау керектігін, сол кезде жастардың шығар шыңы мол болатынын айтты.

– Рахмет, Нұржан Ғалиұлы! Бұл балалар тек ауданның, ауылдың ғана емес, біздің республикамыздың мақтаныштары. Көк туымызды үлкен-үлкен додаларда желбіретіп, қазақ халқының рухын көтеруде. Сондықтан, өзіңе алғыс айтамын! Біздің бизнесмендерден әлеуметтік жауапкершілігі үшін Ербол бауырыма үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Жастарға қолдау болса, болды ғой. Біздің өсіп келе жатқан балалар өте талантты. Тек қолдап, демеп жіберу керек, көңіл бөлу керек. Сол кезде олардың таланты әрі қарай ашылады. Президентіміз өзінің Жолдауында 3 жылдың ішінде цифрлық ел болуымыз керектігін айтты. Сондықтан, осы балалар ертең де еліміздің дамуына үлес қосатын болады.  Тек қана үйренбей, әлемге өз жетістіктеріңізді көрсетіп, жақсы көрсеткіштерге ие болып жатырсыздар. Сондықтан, сіздерді құттықтаймын, – деп облыс әкімі Марат Ахметжанов оқушыларға 1 миллион теңге қаржылай сыйақы берді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қызылағаш ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт орналасқан әкімшілік орталыққа да барды. Нысан «Сарыарқа Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Алматы Инженер Строй» филиалының демеушілік қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткен. Жалпы құны 100 миллион теңгеге бағаланған жөндеу жұмыстары үш айда аяқталған. Жауапты тұлғаларға алғысын айтқан облыс әкімі әлеуметтік осал топтарға қатысты жаңалықтан да құлағдар етті.

– Бурабай ауданында да үлкен өзгерістер бар, курортты өңір көркейіп келе жатыр. Біз қаражат бөліп, «Отбасы» банкіне 90 пәтер бердік. Жылдың аяғына дейін көп балалы  аналар, мұқтаж топтар кезекпен пәтерлерге ие болады. Былтыр 235, биыл міне, 90 пәтер беріп жатырмыз. Оның алдында екі-үш жылдың ішінде жиырма ғана пәтер берілген. «Реновация» бағдарламасымен көптеген тұрғын үйлерді сырып тастап, оның орнына жақсы заманауи үйлер салып жатырмыз. Бұл енді біздің курорттық аймағымыз ғой. Сондықтан, оның әрі қарай дамуы Президенттің де басты назарында, – деп түйіндеді өз сөзін Марат Ахметжанов.

Келесі нысан – Ұрымқай ауылы еді. Мұнда облыс әкімі тағы бір Мәдениет үйінің ашылуына қатысты. Нысан мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджет қаражатына жөнделген. Жобаның жалпы құны – 265,8 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Строй Тех IC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Мәдениет үйі 200 көрерменге арналған.

Сапар соңында облыс әкімі Ұрымқай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Нысан «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілік қаржысы есебінен жөнделген. Жобаға 100 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалып, жөндеу жұмыстары бес айда аяқталған.

– Ауылдарда денсаулық сақтау саласын модернизациялау аясында 38 заманауи амбулатория салдық. Бұл ауылдық жерлерде тұрып жатқан халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жасалып жатқан іс-шаралар. Келесі жылы 4 миллиард теңге бөлініп, жолдар төселетін болады, – деді Марат Ахметжанов.

Аймақ басшысы мәдениет үйіндегі кітапханаға, би үйірмелеріне баратын оқушыларды көріп, оларды жасанды интеллект дәуірінде озық технологияларды оқып-үйренуге шақырды. Сондай-ақ, сапалы білім алудың өскелең ұрпақ үшін аса маңызды екенін атап өтіп, ағалық ақыл-кеңесін айтты.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар