Ақкөл де курортты қала бола алады

Әкім – ел ішінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ақкөл ауданына жұмыс сапары аясында  бірқатар әлеуметтік нысандарды, жемдік протеин өндіретін жаңа кәсіпорынды аралап, алдағы міндеттерді белгіледі, тұрғындармен кездесіп, Қарттар айлығына орай, тыл еңбеккері Шәрипа Құсайынованың үйіне барып, көпті көрген көнекөз қарияның қал-жағдайын білді.

Новорыбинка ауылында өңір басшысы салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Нысан аяқталу сатысында тұр және бір апта ішінде алғашқы пациенттерді қабылдай бастайды. Жаңа амбулатория аудан бойынша ең ірілерінің бірі саналады, ауысымына 45 адам қабылдауға арналған. Мұнда тұрғындарға қызмет көрсетуге арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған.

Тек кадр мәселесі өзекті болып отыр. Атап айтқанда, мекемеге дәрігер қажет. Облыс әкімі жауапты қызмет басшыларына қысқа мерзім ішінде нысанды медициналық маманмен қамтамасыз етуді тапсырды.

Тыл еңбеккері Шəрипа Құсайынова.

– Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың басты мақсаты халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Салынып жатқан барлық нысандардың түпкі мақсаты – адамдардың өмір сапасын арттыру, – деп атап өтті бұл орайда, Марат Ахметжанов.

Аудан орталығы Ақкөл қаласында өңір басшысы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта кіреберіс бөлігіне кірпіш қалау, ішкі әрлеу, линолеум төсеу, қабырғаларды су эмульсиялы бояуымен сырлау және санитарлық тораптарды кафельмен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жертөледе жылу торабы орнатылып жатыр. Облыс әкімі мердігерге құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды.

Бір ай бұрын аудан орталығында «Агропротеин» ЖШС жемдік протеин өндіретін зауыт іске қосылған болатын.

Облыс əкімінің тұрғындармен кездесуі. Залдан көрініс.

Марат Ахметжанов осы кәсіпорынның да жұмысымен танысты. Бұл инвестициялық жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және импорттық жемдік қоспаларға тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Өндірілетін жемдік протеин құс, балық, жылқы, қой және ірі қара малды азықтандыруға пайдаланылады. Заманауи жабдықтар мен инновациялық технологиялар жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұндай өнім мал шаруашылығында да, балық шаруашылығында да үлкен сұранысқа ие.

Облыс әкімі осы жолы Қарттар айлығы аясында Ақкөл қаласының 98 жастағы қарт тұрғыны, тыл еңбеккері Шәрипа Құсайынованың үйіне де барды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ол кісі егіс алқабында еңбек еткен, ал, соғыстан кейін 20 жылдан астам уақыт бойы Алексеев аудандық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің Кеңес бөлімшесінде сауыншы болып, еселі еңбегі үшін ауылдық және аудандық Кеңестердің депутаты болып сайланған. Кейін Алексеев элеваторында 20 жыл транспортерші болып жұмыс істеген.

Өңір басшысы одан әрі Новорыбинка ауылы тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің жағдайына қанықты. Ашық диалог форматында өткен кездесуде облыстың даму барысы туралы әңгіме өрбіп, тұрғындардың өзекті сұрақтарына жауап берілді. Аудан экономикасының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Биыл өңір диқандары 243 мың тоннадан астам астық жинады.

– Аграрлық секторға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Соның ішінде жеңілдетілген несие беру арқылы биыл ақмолалық аграршылар бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдауға ие болды. Атап айтқанда, Ақкөл ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне былтырғы 3,7 миллиард теңгемен салыстырғанда екі есе көп, 6,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бүгінде орақ науқаны аяқталып, облыс соңғы жылдардағы ең үздік нәтижелердің бірі – 7,6 миллион тонна астық жинады. Биылғы астықтың сапасы да айтарлықтай жоғары. Бұл жетістікте ақкөлдік еңбеккерлердің де үлесі зор, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударды. 2025 жылы ауданда жалпы құны 10,6 миллиард теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 51 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың қатарында тауарлы-сүт фермасы құрылысы, ірі қара мал терісін өңдеу және тыңайтқыш өндіру зауыттары, астық қоймасы мен астық өңдеу цехы бар.

Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде цифрлық технологиялар заманауи өмір салтының негізіне айналуда.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткеніндей, алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру – басты мақсатымыз. Ақкөл цифрлық технологиялар енгізіле бастаған Қазақстандағы алғашқы қала. Алайда әзірге жоба күткен нәтижеге жете қойған жоқ, олай дейтініміз, цифрландыру тұрғындардың өмір сапасына нақты оң әсер етуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Осы мақсатта «Смарт Ақкөл» жобасын дамыту аясында жаңа жол картасы бекітілді. Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігімен бірлесіп, аудан орталығында жасанды интеллект технологияларын қолданатын бірқатар инновациялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, өңір басшысы Ақкөлдің курорттық қала мәртебесіне ие болуы қажеттігін атап өтті.

– Ауданды өзгелерінен ерекшелендіре түскен бірегей табиғаты және елордаға жақындығы. Туризмді дамыту  жобаларын одан әрі жалғастыру, салаға инвесторлар тарту және инфрақұрылымды дамыту қажет, – дей келе, Марат Ахметжанов аудан басшылығына тиісті тапсырмалар берді.

Кездесу барысында тұрғындар үй құрылысы, кадр тапшылығы және жастарды ауылға тарту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, аудан тұрғыны Николай Швец Новорыбинка ауылындағы жөнделген жол үшін облыс басшылығына алғысын білдірді.

– Бұл жол 50 жыл бойы жөнделмеген еді. Онымен жүрген көліктер жиі істен шығатын. Енді біз жаңа, жақсы жолмен жүріп жатырмыз, – деді ол.

Іс-шара соңында облыс әкімі бірқатар ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттап, тұрғындарды жеке қабылдау жүргізді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар