Тасқыннан зардап шеккендер пәтер алады

Ауданорталығы Макинск қаласында 120 пәтерден тұратын екі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы одан әрі жалғасуда.

Жаңа нысандар апатты деп танылған үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған Реновация бағдарламасы аясында салынып жатыр. Еске сала кетсек, аудан орталығы су басу қаупі жоғары аймақта орналасқан. Биыл көктемде табиғи апат салдарынан тағы да бірнеше тұрғын үй зардап шеккен болатын. Сол кезде мемлекет апатты үйлердің иелеріне және тасқыннан зардап шеккен өзге де тұрғындарға көмек қолын созды. Көп пәтерлі үйдің құрылысы жыл ортасында басталып, бүгінде аяқталуға жақын.

– Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Үйдің шатыры жабылып, терезелерін орнату және ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Биылғы жылдың соңына дейін құрылыс толық мәресіне жетіп, пәтерлерді тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда апатты үй кезегінде 60 адам тұр, олардың 12-сі көктемгі су тасқынынан зардап шеккендер, – дейді аудан әкімінің орынбасары Самат Жүсіпов.

Әкімдік мәліметінше,  тұрғын үйлердің кейбірі апатты үй иелеріне берілсе, екінші бірін жергілікті қызметкерлер жұмыс берушілердің қолдауымен сатып алмақ. Олардың қатарында Макинск құс фабрикасы, жылу оқшаулағыш зауыты және «Арна» компаниясы бар. Бұл бастама ауданда тұрғындардың тұрақтап қалуына және оларды жайлы баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Болашақ тұрғындар заманауи және толықтай жайлы пәтерлерге ие болады. Үйлер орталық жылу жүйесіне, су және кәріз желілеріне қосылмақ. Жақын маңда орналасқан БМК-1 қазандығы жаңа үйлерге де үздіксіз жылу беруді қамтамасыз етеді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар