Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Аталған бағдарлама шалғай елді мекендерде өмір сүріп жатқан тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуларына жағдай жасау үшін қолға алынғаны белгілі. Осы ұлттық жоба аясында елімізде үш жыл ішінде 650-ден астам жаңа медициналық нысан ашылады деп күтілуде, соның 38-і Ақмола облысында бой көтереді деп жоспарланған. Өңірдің ауылдық елді мекендеріне медициналық нысандар тұрғызу үшін әзірленген жобалардың жалпы сметалық құны – 9,8 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаржы ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден қарастырылған.
– Қазір облыста салынып жатқан нысандардың 32-сінің құрылысы аяқталды. 23 нысанға халыққа қызмет көрсету бойынша рұқсат құжаттары берілді. Қалғандарында құрал-жабдықтарды орнату және құжат рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа ауруханалар мен емханалар Егіндікөл ауданының Бауман, Зеренді ауданының Мәлік Ғабдуллин және Айдабол, Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылдары секілді елді мекендерде салынды, – деді басқарма басшысы.
Жоба аясында аудандық ауруханаларды жөндеуден өткізу жұмыстары қарастырылады. Бұл орайда, Атбасар аудандық ауруханасы мен Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасы да жаңартылуда. Бұл нысандарға қажетті жаңа жабдықтар сатып алынып, орнатылуда. Мәселен, Атбасар аудандық ауруханасына ангиографиялық қондырғы мен ультра дыбыстық зерттеу аппараты орнатылған, алдағы уақытта онда компьютерлік томография мен МРТ аппаратын алу жоспарланған.
Сапалы медициналық көмек көрсету қызметі жаңа нысандарды салып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау арқылы ғана шешілмейтіні анық, оған білікті мамандар керек. Мәселен, жоғарыда аталған Атбасар ауданы мен Степногорск қаласының медициналық мекемелері жаңартылғанымен, оларға енді әр түрлі бағыт бойынша 17 маман қажет. Жалпы, медицина саласында дәрігер тапшылығы еліміз бойынша күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі. Әсіресе, ауылдық жерлерге маман тарту қиынның-қиыны.
Десе де, облыста дәрігерлер тапшылығын азайту, соның ішінде ауылдарға жас мамандарды тарту үшін басқарма тарапынан барынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Облысқа келген дәрігерлерге мамандығы бойынша қажеттілік деңгейіне байланысты 5 миллион теңгеден бастап, 8 миллион теңгеге дейін бір реттік көтермеақы төленеді. Сонымен бірге, ауылдық жерлерге барған жас мамандарға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша қолдау көрсетіліп, баспана алуға жеңілдетілген несие беру жағы да қарастырылған. Ендігі арада ауылдарда қызмет етіп жатқан медицина қызметкерлеріне жылына бір рет коммуналдық шығындар үшін материалдық көмек көрсетілетін болады.
Брифинг барысында журналистер медицина қызметкерлеріне осы көмек ауылдардағы «жедел жәрдем» жүргізушілері мен санитарларға да қарастырылуын қадағалау қажеттігін алға тартты. Бұл ретте, басқарма басшысы тізім әлі толық бекітілмегендігін, әзірге тек дәрігерлер мен медбикелер ғана аталмыш көмекті алушылар тізіміне енгізілгендігін атап өтті.
– Облыста жаңа медициналық нысандар аталған жобадан бөлек басқа бағдарламалар арқылы да бой көтеріп, жаңартылуда. Мысалы, облыстық бюджеттен қаржы қарастыру нәтижесінде Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында емханасы бар аурухана, Сандықтау ауданының Максимовка ауылында амбулатория ашылды. Атбасар ауданының Новосельск және Ерейментау ауданының Торғай ауылдарында медициналық пункттер салынуда. Сонымен қатар, Көкшетау қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 630 орындық жаңа көпсалалы облыстық аурухана салынып жатыр. Жобалық құны – 332 миллиард теңге. Қосшы қаласында да жаңа емханасы бар аурухана құрылысы басталды, – деп атап өтті сөз арасында Нариман Ермек.
Облыста аталмыш ұлттық жобаның арқасында ауыл халқы сапалы медициналық көмекке бір табан қол жеткізеді деп ойлаймыз. Ауылдарда медициналық нысандар белсенді жұмыс істей бастаса, тұрғындардың шығындалып, аудан орталықтарына қатынауы азаяды, уақыттары үнемделеді, ауруларды ерте анықтау мүмкін болады.
Қазір облыста 560 медициналық ұйым бар. Онда 12 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Десе де, медицина мамандарының жетіспеушілігі өте жоғары. Тіпті, облыс орталығындағы мекемелердің өзінде жалпы практикалық дәрігерлерден бөлек, гинеколог, нефролог, анестезиолог секілді белгілі бір бейін бойынша маман дәрігерлердің тапшылығын көріп, біліп жүрміз. Ал, мұндай жағдайда қызмет сапасы қандай деңгейде болатыны айтпасақ та түсінікті емес пе?..
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

