Әулет абыройы
Кітапханамыздағы бұл кеш ұстаз мамандығына арналып, Нұрғалиевтердің мұғалімдер әулеті кеш қонағы болды. Мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мектептегі насихатшысы, ол – ұстаз.
Ұстаз – мейірім, сүйіспеншілік, жанашырлық, білімдарлық қасиеттерінің қосындысы, мұғалім қандай болуы керектігін айғақтайтын қадірлі тұлға. Ол өзінің ісімен де, сөзімен де, жүріс-тұрыс мәдениетімен де, мектепте және мектептен тыс ортада тәуелсіз ел азаматтарының жиынтық бейнесі болып табылады. Ұстаздық ету өте жауапты іс. Үнемі баланың көз алдында болу жинақы, таза, әдепті жүруді талап етеді. Кез-келген уақытта шәкірттің қандай да болсын сұрағына білімділікпен жауап беруге де тура келеді. Ол үшін дәлелді, сенімді, тартымды сөйлеу керек. Ұстаздың әділдігі, адалдығы, батылдығы, мінез сұлулығы, іс пен сөз бірлігі, ұстамдылығы күн сайын балалар тарапынан өз бағасын алып отырады. Осы тұрғыдан кеште алғашқы сөз үлкен бір ұстаздар әулетінің отағасы, қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Қасым Нұрғалиұлы Нұрғалиевқа берілді.
Ұлағатты ұстаз өзінің білім жолындағы қызықты да мағыналы ғұмырынан әсерлі әңгіме өрбітті. Ұстаздық кәсіптің қиындығы, қастерлілігімен бірге, осы мамандықты қалайтын әрбір жастың бұл орайда ескеруі тиіс басты мәселелеріне де тоқталып өтті. Ол, әрине, өз таңдап алған еңбек жолында ақ адал маңдай тердің шынайы үлгісін көрсетіп, беріле еңбек ету. Осы талаптарды өзінің өмір және еңбек жолының басты қағидасы деп білген Қасым Нұрғалиұлының өзі ұзақ жылғы ұстаздық қызметінде елдің үлкен сүйіспеншілігі мен алғысына бөленген. Ол Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Айыртау ауданының Құрметті азаматы, бірқатар мерейтойлық медальдардың иегері. Есімі өзі өмір бойы қызмет атқарған бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Дәуқара ауылында ғана емес, аудан, облыста да кеңінен танымал ақын, әдебиет жаршысы. Өзінің жеке өнегесімен үрім-бұтағына осы ұстаздық мамандықтың қадір-қасиетін дарытып, ұлы Бауыржанды да қазақ тілі мен әдебиеті пәніне үйірсек етіп тәрбиелей білген. Қазір осы ұлының өзі тура әкесіндей бұл пәнге үлкен сүйіспеншілікпен қарап, әскери құрылымда капитан шенінде мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі маман болып қызмет атқаруда. Бұған қоса, келіні Аягүл Құрмашқызы да тап осы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің білікті мұғалімі.
Бір шаңырақтан үш бірдей ұстаздың қатысуымен өткен әсерлі кеш көпшілік қауымның көңілінде өзінің осындай ерекшеліктерімен есте қалып, жан жадыратты десек артық емес. Ұлағатты ұстаз және оның балаларымен кездесу, яғни, ұстаз деген ұлы сөзден тұратын бір мамандықтың иелерімен жылы жүздесу, ашық-жарқын сырласу, оның үстіне кеш соңында көпке белгілі «Ұстазым» әнінің шырқалуы жақсы бір еңбек тәлімі мен өнегесі болғаны да анық. Мұны осы кешті қорытынды сөзбен өрнектеген қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директорының орынбасары Манарбек Бекахметов та ағынан жарыла атап өтті.
Сөз соңында әлі де өзінің аяулы мамандығынан қол үзбей, Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында талапты балаларды қазақтың төл өнері – домбыра, ән-жырға баулумен келе жатқан Қасым Нұрғалиұлы бастаған бір әулеттің ұстаздарына алдағы уақытта да тек қана жаңа шығармашылық табыстар тілейміз. Кітапханамыздың төрінде осындай өмірге құштар, жаны жаз, адал еңбек иелері молынан көрініп, оқырмандармен жүздескені қашанда құптарлық игі шара екені айдан анық.
Жанаргүл ӘБДІРАХМАНОВА,
кітапхана қызметкері.
![]()

