«Қоғамдық келісім» мекемесінде Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріЖәннат Дүбірова Ақмола облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану, құрылыссалаларын цифрландырудың барысы туралы баяндап берді.
Жергілікті басқармалар мен ведомстволардың басшылары қатысқан жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты төлемдер жүргізудің қолжетімді әрі ыңғайлы бағдарламалары таныстырылды. Вице-министр аймақ тұрғындарына ақылды есептеу құрылғыларын орнату мен жаңа бірыңғай түбіртек жүйесін пайдаланудың тиімділігін түсіндірді.
Жиын барысында жаңа мемлекеттік бағдарлама Smart Turmys платформасы туралы жан-жақты айтылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай цифрлық контуры, ол су, жарық, жылу, газ, қалдықтарды шығару және басқа да қызметтер бойынша барлық деректерді біріктіру үшін арнайы жасалған цифрлық бағдарлама. Егер тұрғындар бұл ақылды құрылғыны пайдаланса, өзінің нақты тұтынған шығынын ғана төлеуге мүдделі болады.
–Әрбір тұтынушы осы ақылды құрылғыны орнатып алса, қызметтер үшінқазіргідей орташа нормамен емес, нақты өзі тұтынған көлем үшін төлем төлейді, – деді вице-министр осы ретте.
Облыс тұрғындары бұл бастаманы қолдап, ақылды есептеу құрылғыларын орнату бойынша пилоттық жобаға қатысуға ниетті екендіктерін білдірді.
–Электр, жылу, су мен газды тұтыну көлемін нақты есептейтін ақылды технология еліміздің бірқатар өңірлерінде қолданылуда. Біз жақында барлық қалалар мен елді мекендердің бірыңғай төлем құжатын енгізу жұмыстарын аяқтадық. Енді түбіртек электронды форматта банк қосымшалары арқылы қолжетімді болады. Ал, алдағы уақытта коммуналдық қызметтердің цифрлық модулін іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Жәннат Дүбірова журналистерге берген сұхбаты кезінде.
Ақмола облысына арнайы іссапармен келген вице-министр облыс орталығындағы iKomek 109 байланыс орталығының, Aqmola Hub цифрлық бастамалар орталығының және Bolashaq Saraiy балалар технопаркінің жұмысымен танысты.
Жәннат Дүбіроваға iKomek 109 орталығында азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеу жүйесінің жұмысы көрсетілді. Бұл — халық пен мемлекеттік органдар арасындағы бірыңғай байланыс алаңы. Жүйеге коммуналдық қызметтер де қосылған. 109 нөмірі арқылы келіп түскен барлық өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға бағытталады.
2019 жылы құрылған бұл сервис тәулік бойы жұмыс істейді және азаматтар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді.
Ал, Aqmola Hub орталығында мемлекеттік құрылымдар мен бизнеске арналған IT-жобалар әзірлену үстінде.
Сапар соңында Жәннат Дүбірова азаматтарды жеке қабылдап, цифрлық сервис, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық саласындағы өзге де өзекті мәселелерді қарастырды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

