Ауыл қуанышы
Қара жол шұбырған ізбенен, күніне сендерге жүз келем. Мазасыз шофер деп жүрмеңдер бұртиып, төбенің басынан көрінгенде қылтиып, — деп әнде айтылғанындай, қара жол тақтайдай болса, қанекей?!
Осындай тамаша әнді совхозда 40 жыл шопыр болған менің әкем Есқақ, Сағындық, Қадір, Дәуде, Мүбәрак (Мүтіш), Уәлихан, Әлібек, Жұмабек, тағы басқа да жүргізуші ағайлар әндетіп жүруші еді. Бұл біздің ауыл бұрынғы «Восточный» совхозының бөлімшесі болып тұрған уақыт, шамамен 1960-1972 жылдар еді. Ол кезде ауылда 10 шақты «ГАЗ 51» автомобилі болатын, жұмыстан соң автокөліктер автопарк есебіндегі сарайдың алдында қаздай тізіліп тұратын. Себебі, тәртіп сондай болатын. Ауданда 1950-ші жылдары «Победа» жеңіл автомобилін 1-ші хатшы және тың игеру жылдарыҚарағанды қаласынан 30 мыңдықтардың қатарында басқарма болып келген Хамит Оразбаев қана мінген екен, жүргізушісі Бейсекеев Есқақ. Х.Оразбаев ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтерген білікті басшы ретінде әлі күнге дейін елдің есінде. Ол 1956 жылы Қазақстан тұңғыш рет миллиард пұт астық бергенде егіншілік саласында қол жеткізген табыстары мен еселі еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталды.
Ал, бертін құдықағаштықтар бір кезде осы көліктер жүрген жолдың азабын тартудай-ақ тартты. Жазда жауын, қыста қар жауса, ауылға жету мұң болатын. Жаңбыр жауса салынғанына жарты ғасырдан асып, тозығы жеткен грейдер езіліп, көлікті жүргізбесе, қыста жолды қар басып ауылмен байланыс үзілетін. Сондай жағдайда ауырып қалған науқастармен аяғы ауыр келіншектерді Сәуле ауылына дейін ат шанамен жеткізіп, әрі қарай аудан орталығына ылаумен жіберуге мәжбүр болатын. Қаншама жылдардан бергі ауыл тұрғындарының өтініші ақыры, биыл орындалып, облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа Макинск-Степногорск күре жолындағы Сәуле ауылының бұрылысынан ауылға дейін асфальт жол төселіп, ауыл халқын қуанышқа бөледі. «Елу жылда ел жаңа» деген осы! Осы атқарылған игілікті іске байланысты ауыл халқының облыс әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановқа, Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковқа және мердігер компания «Partners rialty» ЖШС-ның директоры Еркін Архабаевқа айтар алғыстары шексіз.
Осы жолды салу үлкендердің айтуы бойынша 60-шы жылдардың аяғы мен 70-ші жылдардың басында басталған екен. Ең алғаш грейдерді салу үшін ДТ тракторымен Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылған Зейнішке ағай (Зейнілғабиден Салықов) екі жыл бойы топырақты үйген көрінеді. Кейін тастақ щебеньді Жыланды жақтағы Әпкен қырындағы карьерден тасыған деседі. Ал, ауылдың ішіндегі грейдерді механизатор Рүстем Юмашев салған екен.
Міне, 55 жыл бойы күткен жол да салынып, елдің игілігіне берілді. Осы жолды салу барысында қолдау көрсетіп, көмек қолын созған ауыл халқының ауызбіршілігіне риза болған жол учаскесінде жұмыс жасаған жұмысшылар ақжарма тілектерін білдіре келе, «біз ауылдардан қазақшылық кеткен шығар деп ойлаған едік, сөйтсек, ауызбіршілігі мен қазақылығы сақталған Құдықағаштай ауыл бар екен, ауыл халқының ұйымшылдығына ризамыз, қанша елді мекендерге жол салып жүріп, мынандай ыстық пейілді көрмеп едік» деп ағынан жарылыпты.
Өйткені, жол салып жатқан жұмысшыларға ауыл халқы қаймақ, айран, май сияқты азық түлік апарып қонақжайлылығы мен ақ пейілін көрсетсе, ауыл имамы Сейілхан қажы нанмен қамтамасыз етіп отырған. Жол салынып біткен соң ауыл халқы қазақы дәстүрмен мал шалып, дастархан жайып, жол салған жұмысшыларға ақжарма алғыстарын білдіріп, батасын берді. Өз кезегінде олар да ауылдың ыстық ықыласы мен пейіліне ризашылықтарын білдірді. Енді осы жолдың сапасы дұрыс болып, елдің игілігіне қызмет етсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Амантай БЕЙСЕКЕЕВ,
жергілікті тілші.
Біржан сал ауданы.
![]()

