Тұрмыстық қалдықтардың жайы ойландырады

Экологиялық жоба

Қазақстандағы, соның ішінде Ақмола облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) утилизациялаудың негізгі тәсілі болып қала беретін полигондарды пайдалану үлкен экологиялық қатер тудырып отыр.

Экологиялық жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, 2022 жылы елде 4 миллион тоннадан астам қалдық түзілген, оның тек 25 пайызы ғана қайта өңделсе, Ақмола облысында бұл көрсеткіш бар болғаны 7,9 пайызды құрайды, яғни қалдықтардың басым бөлігі полигондарға түседі. Өңірдегі 249 полигонның 225-інде қажетті рұқсат құжаттары жоқ, олардың көпшілігі сүзу және газ бұру жүйелерімен жабдықталмаған, көму технологиясын сақтамайды, сондай-ақ жобалық құжаттамасы, дозиметриялық құралдары және таразы арқылы салмақ бақылауы жоқ.  Жалпы республика бойынша 3 мыңнан астам полигонның 80 пайызға жуығы санитарлық-экологиялық нормаларға сәйкес келмейді.

Полигондардың экологиялық қаупі қалдық қабатындағы ыдырау процестерінен туындайды, олар ауаны ластайтын газдардың бөлінуіне, жер асты суларына енетін улы сүзінділердің түзілуіне, өрт қаупін арттыратын температураның жоғарылауына және санитарлық талаптар сақталмағанда аурулардың таралу қаупіне әкеледі. Сондықтан, «Жасыл экономика» тұжырымдамасында белгіленген 2030 жылға қарай қалдықтарды санитарлық қауіпсіз сақтау үлесін 95 пайызға жеткізу үшін полигондардың жағдайын бағалау және оларды модернизациялау өмірлік маңызды міндет болып табылады.

Осы міндеттерді шешу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің 36 айға қарастырылған 2025-2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруымен «Ақмола облысының қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын тұрақты басқарудың тәуекелге бағытталған моделін әзірлеу» атты жобаны іске асыруға кірісті. Жоба жетекшісі – биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылыған профессор Айгүл СапарбекқызыҚұрманбаева. Зерттеудің негізгі мақсаты өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының геоэкологиялық жағдайын бағалау, тәуекелдерді анықтау және қоршаған ортаға зиянды азайтатын, мониторинг тиімділігін арттыратын заманауи тәуекелге бағытталған басқару моделін әзірлеу болып табылады. Жоба нәтижесінде практикалық қолдануға арналған ғылыми-техникалық ұсыныстар әзірленеді және оны талқылауға қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы кәсіпорын өкілдері қатысады.

Бұл зерттеуді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырады. 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру мерзімі жоғарыда айтқандай, үш жыл бойғы гранттық қаржыландыру. Жобаның тақырыбы: «Ақмола облысының қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын тұрақты басқарудың тәуекелге бағдарланған моделін әзірлеу». IRN жобасы: AP26196213.

Айгүл ҚҰРМАНБАЕВА,
биология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар