Сандықтау ауданының Балкашино селосында 18 пәтерлік тұрғын үй салу көзделіп отыр.
Өңірде «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2012 жылы республикалық бюджеттен екі екі пәтерлік, бір үш пәтерлік тұрғын үй салынып, пайдалануға берілсе, былтыр аудан орталығында тағы үш отбасы қоныс тойын тойлаған еді.
Бұл күнде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі Балкашино селосында 18 пәтерлік тұрғын үй құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп қойды. Бұл жоба 2015 жылы жүзеге асырылмақ.
Өткен жылы аудан бойынша барлығы 1920 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 1320 шаршы метрін жеке тұрғындар өз қаржысына салып алды. Республикалық бюджет есебінен 600,0 шаршы метр жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй іске қосылды.
«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде, азаматтардың белгілі бір санаты тұрғын үйлермен қамтамасыз етілмекші. Мұндай игілікті қадамның аудандағы елді мекендердің келбетін ажарландырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс индустриясы базасын нығайтуға және демографиялық ахуалды жақсартуға септігі тиетіндігі сөзсіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сандықтау ауданы.