Көше жарық болса, көңілің орнында

БАСПАСӨЗ ТУРЫ

«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті инвестициялық бағдарлама нәтижесі бойынша баспасөз турын өткізді.

Баспасөз турына тәуелсіз сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және департамент басшысының орынбасары Тамерлан Кенжебаев  қатысты. Алғашқы жиын «Көкшетау Энерго» кәсіпорнының кеңсесінде өтті. Онда журналистер көкейкесті сұрақтарына жауап алып, әрі қарай келесі нысандарға жол тартты. Табиғи монополия субъектісі саналатын «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізгі қызметі – 220-0,4 кВ электр желілері арқылы электр энергиясын беріп, тұтынушыларды электр желілеріне қосу. Қызмет көрсету аумағы Ақмола облысының бес ауданымен бірге, Солтүстік Қазақстан облысының төрт ауданын қамтиды.

Алдымен, қала сыртындағы Застанционный елді мекеніндегі нысанды араладық. Мұндағы тұрғындар көшелеріндегі жарық шамдарға қол жеткізіп жатыр.

– 2024-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында барлық тіректер толықтай ауыстырылды. Бұрынғы қарапайым сымдарды «СИП», яғни, өзін-өзі көтеретін оқшауланған сымдарға алмастырдық, – дейді Көкшетау қалалық электр желілері бөлімшесінің бас инженері Нұрлан Жүнісов. – Бұл жұмыстар толық аяқталды. Қалалық әкімдікпен бірлесіп, елді мекеннің барлық көшелеріне жарық орнаттық. Тұрғындар дән риза, барлығы өз алғысын білдіріп жатыр.

Бұған дейін қысты күндері қатты жел тұрып, боран соққан, жауын-шашын түскен кезде жиі апат болып, жарық сөніп қалатын. Ал, қазір жағдай мүлдем басқа. Темірбетон тіректер жаңарып, заманауи сымдар жалғанды. Барлығы 70 тірек орнатылып, ауыл толық жарықтандырылған.

– Жылда тек әдепкі жөндеу жұмыстары жүргізілетін. Бірақ, түбегейлі жаңартылмаған еді. Ал, қазір мұндағы техниканың бәрін жаңарттық. Мәселен, ажыратқыштар, бұл құрал-жабдықтарды Қытайдан алдырдық. Бәрі заманауи. Қашықтан басқаруды айтсам, енді біз басқару тетігінде отырып, ажыратқыштарды қосып-сөндіре аламыз. Бұрын ажыратқыштың жанында тұрып қана өз қолымызбен солай істеуге мәжбүр болғанбыз. Ол денсаулығымызға қауіп төндіруі мүмкін еді. Ал, қазір қашықтықтан басқаруға мүмкіндік алғанымыздың арқасында жұмысымыз да едәуір жеңілдей түсті, – дейді тағы да Нұрлан Жүнісов.

Жалпы, бұл жағынан былтыр 2 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылған. Былтырғы инвестициялық бағдарлама аясында нақты күрделі салымдар 3 миллиард 300 миллион теңгеден асты. Бағдарлама шеңберінде ұзындығы 53 шақырым әуе желілері мен трансформаторлық 6 пункт жаңартылып, 27 автокөлік сатып алынған. Сондай-ақ, көршілес Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша электр стансасына қарасты 45 радио желілері жаңарды.

Биылғы жоспарға сай, ұзындығы 44 жарым шақырым болатын әуе желілері қайта жаңартылады. Барлық іс-шаралар бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес орындалуда.

Бейбарыс ШАЛАБЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар