Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Көкшетау қалалық емханасының акушерия және гинекология жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары Жұлдыз Әлпіләм «Аңсаған сәби» бағдарламасының аймақтағы іске асырылу барысынан хабардар етті.
Ақмола облысында да «Аңсаған сәби» бағдарламасы бала сүйе алмай жүрген көптеген отбасылар үшін үлкен үміт. Оның айтуынша, облыс бойынша бедеулік диагнозы бар азаматтардың тізімі нақтыланып, «Диспансерлік науқастардың электронды тіркелімі» цифрлық жүйесіне енгізілген. Осы мәліметтерге сәйкес, бүгінде облыста 645 әйел және 69 ер адам бедеулікпен есепте тұр. Облыста соңғы жылдары белсенді түрде жұмыс істей бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасының шарапаты мен игілігін көрген азаматтардың қатары артып келеді. Сәби сүйе алмайтын отбасылардың шаңырағынан іңгәләған нәрестенің шаттықты үні естілуі үшін сала мамандары алдарына келген әрбір тұрғынға қолдан келгенше қолдау білдіруде. Осы мақсатты толыққанды жүзеге асыру үшін дәрігерлер аталған бағдарламаның талаптары мен мүмкіндіктерін түсіндіру мақсатында селекторлық семинар өткізіп, ауқымды жоспарлар әзірлеген.
–Біз үшін ең басты мақсат осы бағдарлама арқылы әр отбасының балалы болу арманын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсету. Бұл бағдарлама тек медициналық қызмет көрсетумен шектелмейді, ол мыңдаған отбасына үміт сыйлайтын әлеуметтік бастамаға айналып отыр. Жыл сайын көрсетілетін медициналық көмектің көлемі артып, оның сапасы да, қолжетімділігі де айтарлықтай жақсарып келеді. Біз емдеу процесін барынша тиімді етуге, отбасылық жұптарға психологиялық және ақпараттық қолдау көрсетуге ұмтыламыз. Соның нәтижесінде көп отбасы көптен күткен сәбилерін құшақтарына алып, бақытқа бөленуде, – дейді Жұлдыз Әлпіләм брифинг барысында.
Соңғы жылдары облыста «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бедеулік мәселесімен күрес және отбасыларына ата-ана болу мүмкіндігін кеңейту мақсатында облыстың жауапты мамандары, әсіресе, 2020 жылдан бастап бірқатар маңызды ұйымдастырушылық қадамдар жасаған.
Алдымен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында отбасын жоспарлау кабинеттері ашылып, арнайы бұйрықпен жауапты мамандар бекітіліпті. Облыс орталығындағы көпсалалы облыстық аурухана экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметін үйлестіруші жетекші медициналық ұйым ретінде белгіленген.
Жұлдыз Әлпіләмнің сөзінше, қабылданған бұл шешім аймақта репродуктивті денсаулық қызметтерін жүйелі түрде дамытуға және олардың сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобымен бірлесіп, облыста «Аңсаған сәби» бағдарламасын одан әрі тиімді жүзеге асыруға бағытталған жаңа іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Жоспарда көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейту, пациенттерді іріктеу тетіктерін жетілдіру және емдеу процесінің ашықтығын күшейту мәселелері қарастырылуда.
Президент Жолдауына сәйкес, 2021 жылдан бері жыл сайын Ақмола облысында 7000 ЭКҰ квотасы бөлінуде. Бұл – бала сүюді армандаған жүздеген ақмолалық отбасы үшін үміт сыйлайтын үлкен мүмкіндік. Квоталар санының тұрақты түрде сақталуы мемлекеттің демографиялық ахуалды жақсартуға және азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған саясатының нақты көрінісі болып отыр.
Брифинг соңында бас дәрігердің орынбасары осы бағдарлама аясындағы жүйелі жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын таба беретінін жеткізді. Оның сөзінше, репродуктивтік медицина саласындағы мамандардың біліктілігі артып, қызмет көрсету инфрақұрылымы жаңартылуда. Соның нәтижесінде ата-ана болуды армандаған отбасыларына көрсетілетін қолдау көлемі жыл сайын кеңейіп, көп отбасы үшін сәбилі болу арманы шынайы өмірге айналуда.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

