Жаңа өндіріс орындарымен қала әлеуеті артады

ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жуырда облыс орталығы Көкшетау қаласындағы бірқатар маңызды нысандарды аралады. 

Бірінші кезекте «KOKSHE INDUSTRY» индустриалдық аймағын аралап, өңірді дамытудың басым бағыттарын белгіледі. Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі басты міндет – өндірісті дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру.

Жалпы аумағы 600 гектарды құрайтын «KOKSHE INDUSTRY» индустриалдық аймағында 2026-2028 жылдары сегіз ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Басты нысандардың бірі – жаңа кірпіш зауыты. Инвестиция көлемі 13,7 миллиард теңге болатын бұл жобаның қазіргі таңда 70 пайызы аяқталған. Жоба аясында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта зауытқа су құбырлары мен кәріз желілерін тартуға қатысты жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Кірпіш зауытының директоры Есімхан Байғабыловтың сөзінше, бұл өндірістің ерекшелігі – тартылатын барлық шикізат облыс аумағынан алынады.

Бізде кен орындарын өндіруге екі лицензия бар, тағы екеуін алу жоспарланған. Осы жерде кез келген керамикалық және қаптамалық кірпіш түрлерін, сондай-ақ, Еуропада салынып жатқан үйлерге арналған өнімдерді де шығаруға болады, – дейді директор. Индустриалдық аймаққа 22 миллиард теңге инвестиция тартылғаннан кейін, қалалық бюджет жыл сайын 15 миллиард теңгеге толығып, 6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Облыс әкімі мұндай жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беретінін атап өтті. Өз кірпішін өндірудің арқасында болашақ құрылыс жобаларының өзіндік құны төмендеп, жалақы деңгейі мен бюджетке түсетін қаражат арта түспек.

Қазір өзіміз дамуға бастамашы болуымыз керек. Әлеуметтік жобаларға, білім мен медицина салаларына белгілі бір трансферттер түседі. Ал, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру өз қолымызда. Сондықтан, бүгін өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға міндеттіміз, — деді әкім сөз арасында.

Марат Ахметжанов қаланың дамуы жөніндегі бас жоспардың бекітілетінін айтып, барлық жобалардың өзара үйлесімді жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның ішінде жылу- электр орталығының құрылысы да қолға алынған. Ол қосымша қуат пен қаланың дамуына жаңа серпін береді. Жаңа зауыт жылына шамамен қалыңдатылған 60 миллион дана және бір өлшемді 40 миллион кірпіш шығару жоспарланған. Өңірде 4 индустриялық аймақ құрылған. Республикалық маңызы бар олардың бірі Аршалы ауданында, қалған үшеуі аймақтық сипатқа ие. Атап айтсақ, Көкшетау қаласында «Көкше индастри» және Қоянды, Целиноград ауданында «Агрохаб» орналасқан. Өзге де маңызды деректерді Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бақытжан Сапар баяндады.

«AQMOLA» республикалық индустриялық аймағы аясында бірінші зауыттың құрылысы басталды. Бұл – астықты терең өңдейтін ерекше зауыт, елімізде мұндай кәсіпорындар әлі жоқ. Зауыт глутамат натрий сияқты органикалық тағам қоспаларын шығарады және глюкозаланған сиропты қайта өңдеумен айналысады. Екінші терең өңдеу нысаны лимон қышқылы мен лизин өнімдерін өндіреді. Бұл бірегей жобалар елімізді аграрлық потенциалы жоғары мемлекет ретінде танытуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Сапар соңында Марат Ахметжанов «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Қазір мұнда купаж цехын салу жұмыстары жүргізілуде. Инвестиция құны 1 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарына шамамен 40 адам жұмылдырылған, ал, цех іске қосылғаннан кейін тағы 30 жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар