Зобалаң жылдардың ащы ақиқаты мен сабағы

Еліміз егемендік алған сәттен бастап саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтау жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. 1997 жылы Президент Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде арнайы белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру, яғни, заңдық және саяси тұрғыдан ақтау. «Қарап отырсақ, өткен ғасырда халқымыз көп қасірет көрді. Алдымен аштық келді, одан соң жасанды таптық күрес пен зорлық-зомбылық, ұжымдастыру болды, оның аяғы жантүршігерлік аштыққа ұласты. Ел есін жимай жатып саяси репрессиялар басталды.

Мұнан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанып, соңынан тағы да қуғын-сүргін жалғасты. Ғалымдар халқымыздың саны екі есеге қысқарды деген деректер келтіреді. Қолда бар деректерге қарағанда, 1920-39 жылдар аралығында 4 миллион адам тоталитарлық жүйенің құрбаны болған. Оның ішінде 2,2 миллион кісі аштықтан қырылған. 1,2 миллион адам сыртқа қашқан. 115 мың ардақтымыз саяси көзқарастары үшін айыпталған. Оның 27 мыңына ату жазасы кесілген. Атылғандардың 60 пайызы зиялы қауым өкілдері екен. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлер мен қазақ ауылдарына 1,5 миллионнан астам неміс, поляк, корей, шешен-ингуш, түрік, грек, қырым татарлары және басқа да халықтардың өкілдері өз еркінен тыс жер аударылғаны белгілі». (Қырымбек Көшербаев. Әділетсіз құрбан болғандарға әділетті баға беруіміз керек. «Егемен Қазақстан», 9 шілде 2021 жыл). Міне, осыншама тағдыр өзінің әділ өкімін, ақиқатын күтеді, осының бәрі тарих. Осының бәріне шынайы саяси баға беру үшін алыс-жақын елдердегі архивтермен жұмыс істеу, жабық қорлардағы істерді сараптау, оларға ұлттық идеология тұрғысынан баға беру асқан зерделілікті қажет етеді.

125 мың адам – толық емес деректерге қарағанда үлкен террордың шағын бөлігі ғана. Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 1 миллионнан асып жығылады. Халық көтерілісіне қатысқандардың дені ақталмай жатыр. Соғыс тұтқындары туралы да осыны айтуға болады. Ашаршылықтан өлгендерді, босқындарды қуғын-сүргін құрбандарына жатқызатын болсақ, 6 миллион адамнан кем болмайды.

«1920 жылы кеңестік Қазақстанда 6 миллион қазақ тұрған екен. Бұл статистиканы сол тұста Қазақ Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев айтқан. Ал, 1939 жылы өткен халық санағы нәтижесіне көз жүгіртсек, ауылдағы қазақтар саны 1 миллион 900 мың ғана, қаладағыларының саны жарты миллионға да жетпеген. 19 жылда бір ұрпақ өсіп шығуы керек қой. Олар қайда? Қырылып қалған! Осы апаттың қырсығынан далада мал қалмады, ауылдар қатары сиреді. Орталық Қазақстанға бара қалсаңыз, елді мекендердің арасы 100-150 шақырым екенін көресіз. Кезінде іркес-тіркес ауылдар орналасқан еді ғой». (Белгілі тарихшы-академик Хангелді Әбжан. «Айқын», 31 мамыр 2022 жыл).

Тарихшылардың айтуынша, саяси қуғын-сүргін саясаты тоталитарлық коммунистік режим орнаған барлық елдерге тән құбылыс еді. Кеңес Одағында бұл процесс үнемі жүріп жатты, әрбір кезеңде оның тек масштабы мен түрі ғана өзгеріп отырды. Соғыстан кейін Кеңес Одағының ықпалына түскен Шығыс Еуропа елдерінде 1948-1953 жылдары «идеологиялық» және «таптық» жауларды жазалау шаралары кең етек алды. Кеңес Одағында жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою науқаны басталғанда, Шығыс Еуропа елдерінің басшыларына да саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға нұсқау берілді. Ақтау шаралары осы елдердегі саяси ахуалға орай әртүрлі деңгейде жүрді.

Тарихымызды қалпына келтіру үшін бүгінгі таңда мұрағат материалдарын зерттеудің маңызы зор. Алайда, қиындық, құжаттардың бір бөлігі әлі жарияланбаған немесе жіктелмеген, зерттеушілер жете алмайтын ұйымдарда сақталады. Мұрағаттық құжаттарға қол жеткізу қиындығының мәселесі 1930 жылдардың соңынан басталды. Кеңес заманында мұрағаттар стратегиялық нысандар ретінде қарастырылды. Сондықтан, 1938 жылы олар Ішкі Істер Халық комиссариатының қарамағына берілді. Осыдан кейін Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қуғын-сүргін мен ашаршылыққа байланысты құжаттарды жаппай жою басталды. Ірі кеңестік немесе партиялық органның мұрағат қорларының ешқайсысы «тазартудан» құтылған жоқ. Көптеген құжаттарды, соның ішінде, құпия құжаттарды арнайы комиссиялар немесе министрліктердің, ведомстволардың және мекемелердің қызметкерлері жоғарыдан тікелей тапсырма бойынша жойды. Кеңес Одағының мұрағат кеңсесінде 1940 жылдардың аяғы мен 1950 жылдардың басында 1930 жылдарының «макулатуралық науқандары» қайта басталды. 1945 жылы – 8,7 миллион, 1950 жылы – 30,7 миллион, 1955 жылы – 68,1 миллион құжат жойылды. Бірақ, қылмыс іздерін жасыру мұнымен тоқтап қалмады. Құжаттарды жою ауқымы туралы келесі факт айтады: 1980 жылдардың аяғында КСРО-ның барлық мұрағаттарында 90 миллионнан астам мұрағат істері болды. Яғни, мұрағаттар құрамдас бөлігінің жартысынан айырылғанымен, Кеңес өкіметінің қылмыстары туралы маңызды құжаттар мыңдаған қағаз жүзінде сақталған.

Осы тұрғыда солтүстік өңірдің осынау саясат аясында қандай ерекшеліктері бар деген сауал туады. Еліміздің барлық өңірінде жаппай қудалау науқаны жүргенімен, Есіл-Нұра-Көкше аумағының ерекше орын алғанын да айтқанымыз жөн. Біріншіден, халықтың тығыз орналаспауы (аштық салдары, екі соғыстың әсері, репрессиялар), екіншіден, игерілмеген кеңістіктер, үшіншіден, кен орындары мен пайдалы қазбалардың мол болуы, төртіншіден, солтүстік өңір отарлау саясатынан бері көптеген этностардың ірі қоныстану жеріне айналғандығы. Осылардың бәрі мол және арзан жұмыс күшіне зәру болып, қажеттіліктер тудырды. Әрі жаппай бұқараға саяси әсер етіп, ықпал жасайтын зиялы қауым өкілдерінің, оқығандардың, дін өкілдерінің де біршама болғанын айтқанымыз жөн. Осы ғылыми аспектілерді ескере отырсақ, біздің бүгінгі зерттеулеріміз, ізденістеріміз, дерек-жинағымыз теріскей өңірге, яғни, кезіндегі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Көкшетау, тіпті Қарағанды облысының да бергі бетін қамтыған қазіргі Ақмола облысының өңірлік тақырып аясындағы проблемаларды қамтып отыр. Кеңес заманының өктемдік саясатының бір көрінісі – ол еңбекпен түзеу лагерьлері. 1930 жылы мамыр айында Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру (ҚазЕТЛАГ) туралы» қаулы қабылданды. Келесі жылы желтоқсанның аяғында «Гигант» совхозының орнында Қарағанды еңбекпен түзету лагері құрылып, «Қарлаг ОГПУ» аталған мекеменің орталығы Долинка селосында орналасып, ГУЛАГ жүйесіне тікелей бағындырылды. Кейбір деректерге қарағанда қарамағындағы колониялар мен әртүрлі «нүктелерінде» 70 мыңнан адам қамтылып, жазасын өтеп, жұмыс істеген. Кейінірек Степлаг, Алжир сияқты көптеген лагерьлер ашылды. Қазақстанға жер аударылған халықтар туралы, яғни, депортация жайлы отандық және шетелдік зерттеушілер аз жазған жоқ.

Осы тұрғыда, мәселенің келесі беті солтүстік өңірдегі арнайы қоныстанушылар жайлы болмақ. 1935 жылы этникалық тазалаудың кеңес жүйесіндегі алғашқы құбылысы – Ленинград облысы мен Карелия шекаралық аймағындағы финдерді жер аудару болатын. Барлығы жиырма үш мың екі жүз он жеті адам жер аударылып, оның екі мың бір жүз жиырма екісі Солтүстік Қазақстанға көшірілген. Кеңес Одағы Халық Комиссариаты 1936 жылы мынадай қаулы қабылдады: «О выселении из УССР и хозяйственном устройстве в Карагандинской области Казахской АССР 15000 польских и немецких хозяйств». Зерттеуші Земсковтың айтуынша, аталмыш контингент арнайы қоныстанушылар қатарына жатпай, шартты түрде қоныстану аймағында белгілі дәрежеде еркін жүріп-тұруына тыйым салынбаған. Кейін поляктар «бұрынғы кулактар» қатарына енгізілген. ГУЛАГ бұйрығы бойынша 1934 жылға дейін кулак ретінде жер аударылған шаруалар – арнайы қоныстанушылар деп аталып, 1934-1944 жылдары еңбек қоныстанушылары, ал, 1944 жылдан арнайы көшіп келушілер санатына қосылған.

Ал, 1940 жылдан бастап «поляк босқындары» (польские осадники и беженцы) деп атала бастады. Келесі бір солтүстік өңірге жер аударылған этникалық топ, ол – кәрістер. Кеңес билігінің сол кездегі саяси ұстанымы бойынша Қиыр Шығыстағы кәрістерді жапон басқыншыларынан «құтқару керек-мыс». Шын мәнінде үкімет оларды әкімшілік-күштеу жолымен Орта Азия және Қазақстанға көшіріп жіберді. 1937 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 2300 отбасыны құрайтын 9350 адам келген. Земсковтың зерттеуінде депортацияға Кавказ аумағында тұратын ирандықтар да ұшыраған. 1939 жылдың қыркүйек айында сол кездегі Ішкі Істер Халық Комиссариатының (НКВД) басшысы Лаврентий Берия «План выселения в Северный Казахстан ираноподданных и членов их семей согласно решений Особого совещания при НКВД СССР от 11, 15 и 23 августа 1939г.» жоспарын бекітті.

Депортация науқанының келесі бір беті соғысқа дейінгі, 1940 жылғы поляк халқын жер аудару саясатына байланысты. Солтүстік өңірдің өзіне ғана осы жылдары 21000-ға жуық адам келген. Ал, бәрімізге белгілі жайт, ол – Ұлы Отан соғысы жылдары сатқындық айып тағылған неміс ұлтын жер аудару науқаны. 1941 жылы Қазақстан аумағына 467 мың неміс ұлтын қоныстандыру жоспарланған болса, оның 62 мыңы солтүстік облыстарға тиесілі еді. Осы материалдарды жинау барысында облысымыздың Зеренді ауданы Баратай, Уголки ауылдарында тұрған, өткен жылы қайтыс болған, марқұм Фрида Кем апайымызбен сұбхаттасудың реті келді. Ол кісінің айтуынша, олар соғысқа дейін Еділ бойындағы Саратов облысы Бальцер қаласында тұрған. «Біздің тұрмысымыз жақсы болды. Мал ұстадық, үй салдық, әкем құрылыс цехында істеді. Содан бір күні әскерлер келіп, бір күнде көшіріп жіберді ғой. Мен 3 жастамын сол кезде. Поезбен көп жүргеніміз есімде. Содан Көкшетаудан өгіз арбамен күз айында Баратай ауылына келдік. Соғыс уақыты, елдің тұрмысы нашар. Әкем Георг Кем Уголки ауылындағы орман шаруашылығында ағаш кесуші болып істеді.

Біз қазақша оқып, қазақ балаларымен ойнап өстік. Жанымызда 5-6 шақырым жерде Ключи атты лагерь болды. Сондағы тұтқындарды жиі көріп тұрдық. Лагерьдің бастығы соғыстан жараланып келген Әйткен Хаметов деген азамат еді. Жақсы кісі еді, қамалғандарға бір қиянат жасағанын көрген жоқпыз». (Ақмола облысы аумағындағы лагерьлік қоныстар. Кітап-альбом. Көкшетау, 2022. 284 бет). Келесі бір көшу легі Кавказ, Қырым бойы халықтарымен байланысты. 1943-1944 жылдары қазақ даласына қарашай, қалмақ, балқар, шешен-ингуш, қырым татарлары фашистермен ауыз жаласты деген желеумен бүтіндей бір ұлттар айыпталып, жазалау шараларына ұшырады. Сонымен қатар, Кеңес өкіметінің қаһарына ұшыраған халықтардың тізіміне «басмашылар» деп айыпталған тәжік, өзбек, қырғыздар, Балтық бойы, Белорусия мен Украинаның батыс бөлігі, Краснодар өлкесінен жер аударылған әртүрлі ұлттардың өкілдерін жатқызуға болады. Зерттеу барысындағы архивтік құжаттар жер аударылған халықтардың діни нанымы, ұстанымдарының, дәстүр, әдет-ғұрыптарының, менталитеттерінің, шаруашылық дағдыларының ерекше болғандығын көрсетеді. Әрине, зорлықпен көшіп келген, әрі «опасыздар», «сатқындар», «халық жаулары» атағын жамылған аталмыш ұлт өкілдеріне жергілікті халықтың көзқарастары да әртүрлі болғанын байқаймыз. Алғашқы кезде оларға сенімсіздікпен, күдікпен қараса, кейін бұл қарым-қатынастар өзара достыққа, «тамырлыққа» ұласады.

Осы туралы облысымыздағы Қорғалжын, Зеренді, Сандықтау аудандары, Степногорск тұрғындары, сол зұлматты жылдардың куәгерлері естеліктерінде жиі жазады. Қарап отырсақ, депортацияға ұшыраған халықтардың жергілікті жағдайға бейімделуі, социализация үрдісі, байырғы халықтың өзінің этно-мәдени кеңістігіне тартуына, қабылдауына көп байланысты болған. Осы фактілерден сол кездегі, қасіретті жылдардағы ұлтаралық қатынастың қалай қалыптасқанын, дамығанын байқауға болады. Арнайы қоныстанумен келген халықтар осы өңірдің экономикасына, әлеуметтік қатынастарына оң әсер бергенін де атап өткеніміз жөн. Әрине, тұтас бір этностарды нақақтан-нақақ айыптау, зорлау шараларын қолдану Кеңес мемлекетінің қуғын-сүргін саясатының айнымас бір бөлігі болып табылады. Үкіметтің қауіпсіздік, бақылау органдары депортацияланғандардың қоғамдық-саяси ахуалын үнемі қадағалап, олардың ұлттық ұстанымдарын, діни дәстүрлерін басуға, шектеуге тырысты.

Осынау саяси науқанның нәтижесінде еліміз көпұлтты мемлекетке айналды. Осы ретте, Ақмола облысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссияның атқарған қыруар жұмысын атап өткеніміз жөн. Облыстық ішкі саясат басқармасына, негізгі жұмысты атқарған университеттің белді тарихшы ғалымдары Ақбота Бексейітова, Алмагүл Күшпаева, Марат Өтегенов, Ғалымтай Төлепбергенов, Айнұр Шөкеева, Жансая Өсіпова, Раушан Жүсіпова, Ақан Шәріпов, Арғын Сәлімов және де қомақты үлес қосқан оқытушылар Амангелді Шапкенов, Талапкер Уалиев, Еркін Кикаринов, Айнұр Жахина, сонымен қатар, жанашыр өлкетанушы, ұстаз, қайраткерлер Бейсенбай Мажитов, Тілеген Сейфуллин, Наталья Стока, Арман Абдықадыров, астаналық ғалым Гүлжанат Халитқызы, естеліктерімен бөліскен ардагер аға-апаларымызға, журналистер қауымына, облыстық, аудандық архив, музей, кітапхана басшыларына, жергілікті әкімдерге алғысымыз мол. 2021 жылы 31 мамырда Ақмола облысы әкімшілігінің тікелей қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында жобалық кеңсе ашылып, өңіріміздегі өлкетанушылар, архив қызметкерлері, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері үшін зерттеу алаңына айналды. Жобалық кеңсе облыс аудандарындағы зерттеу қызметін үйлестіру орталығы болып табылады.

Мемлекеттік комиссияның мәліметі бойынша, үш жыл ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде, өңірлерде 260-тан астам маман қызмет етіпті. Олар жабық қорлардан 688 мыңнан аса іс пен 48 мыңға жуық есепке алу карточкасын тауып, Президент архивіне өткізген екен. Жалпы саны 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» деген белгі алынып, қудалауға ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін заңнамалық негіздер дайындалған. Мемлекеттік комиссияның жұмысы қазіргі таңда 72 томды құрап отырған көрінеді. Келешекте бұл жұмыс әлі де жалғасын табады деген үміттеміз.

Жалпы, әуел бастағы біздің міндетіміз ол, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіндерді, жаппай қуғын-сүргіндердің мемлекеттік аппараты ретінде Ақмола облысының аумағындағы еңбекпен түзету лагерлерінің тарихын, сондай-ақ, 1921-1922 және 1931-1933 жылдары қолдан жасалған аштық құбылыстарын, олардың себептік-салдарлық байланыстарын, Ақмола облысы мен онымен шекаралас аумақтардағы тоталитарлық-казармалық социализм теориясы мен тәжірибесін түсіндіру, сонымен бірге, қарулы көтерілістер мен әскери тұтқындар тағдыры, зиялы қауымның қарсылығы, дін өкілдерін қудалау, кеңес өкіметін күштеп орнатудың, тәркілеудің, ұжымдастырудың, қазақ халқын күштеп отырықшыландырудың, мемлекеттік зорлаумен, ату, соттау, туған жерлерінен аластау, жер аударту түрінде қуғын-сүргіннің нақты түрлері мен механизмдерімен қатар жүрген әртүрлі тонаушылық, босқындар мәселесі, азық-түлік дайындау және басқа шаралардың шынайы жағдайларын, механизмдері мен тәсілдерін анықтау, 1921-1922 жылдар және 1931-1933 жылдардағы аштық пен 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін саясатына шынайы ғылыми-құқықтық зерттеу, баға беру болатын. Сонымен, өлкедегі саяси қуғын-сүргін үрдісін зерттеу, зерделеу, оған саяси-тарихи, адами тұрғыдан баға беру әлі де маңызды болып табылады.

Осы ретте ұсыныстарымыз да жоқ емес. Олар:

  1. Кәмпеске, аштық науқаны кезеңінде Есіл-Көкше өңірінен босқындар Омбы-Түмен жағына көп ауған. Зираттар, қоныстары баршылық.  Келешекте осы төңірек туралы да бір жинақ дайындалса. Бұған Орынбор, Барнаул, тағы басқаларын қосуға болады.

2.Ақмола аймағында да әлі де белгісіз лагерь, колония, «нүктелердің» картасын жасау жоспарланса, кейін осының негізінде республика бойынша үлкен сталиндік лагерьлер картасы жасалса.

3.Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмысын жетілдіру мақсатында араб графикасымен құжаттарды қазіргі қолданыстағы графикаға көшіру үшін аймақтардағы жұмыс топтарына арабша графиканы оқитын мамандарды бекіту. Архив мамандарына араб графикасындағы жазылған құжаттардың электрондық нұсқасын  құрастырып шығару тапсырылса.

4.Қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен шектелмей, 1921 және 1932 жылдардағы аштық мәселесін принципті зерттеу одан әрі кеңейту мәселесі  қарастырылса.

  1. «Ақмолалық Алаш арыстары» кітап-жинағын шығару қолға алынса.

Жалпы айтарым, аймақтағы осы жылдардағы ұлтаралық қатынастар, олардың ресми билікке қарсы протестік пиғылдары, күнделікті тұрмыс-тіршілігі, мемлекеттік органдардың жүргізген саясаты,  жазалау шаралары, саяси және діни көзқарастары үшін қудалау, әскери тұтқындарға деген көзқарас, сталиндік лагерьлер мен колониялардың орындарын анықтау, астық, ет дайындау барысы, жаппай аштық іздері, босқындар саны, кәмпескеге іліккен бай-кулактардың санын анықтау мәселелері әлі де тың деректерді, саралау мен сараптауды қажет ететіндігі сөзсіз. Демек, ақтаңдақтар ақиқатын анықтау жұмыстары әлі де жалғаса бермек.

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
 ғалым-тарихшы, Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар