Тұмау және суық тиіп ауыру көбейді

Биылғы эпидемиялық маусымда Ақмола облысында жедел респираторлық вирустық инфекция мен тұмау вирустарының белсенді айналымы байқалып отыр.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің деректері бойынша, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап өңірде ЖРВИ-дің 56240 жағдайы тіркелді, бұл облыс халқының 7,2 пайызын құрайды. Аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 7227,7-ге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,1 есеге артқан.

Аурудың өсуі6 әсіресе, 46-аптадан бастап айқын көрінді. Бұл тұмаудың А типті вирусының белсенді таралуымен байланысты. Науқастардың негізгі бөлігін әдеттегідей балалар құрайды. Бұл барлық жағдайдың 66,7 пайызы немесе 37 557 оқиға. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 1,1 есе жоғары. Жүкті әйелдер арасында 656 жағдай тіркелген, бұл да былтырғы маусыммен салыстырғанда 1,6 есе көп.

Жалпы өсу динамикасына қарамастан, 48-аптаның қорытындысы бойынша аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,6 есеге төмендеген.

Инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері 2025 жылғы 18 қарашада №8 қаулы қабылдады. Құжат аясында фильтр-кабинеттердің жұмыс уақытын ұлғайту, медициналық ұйымдарда қосымша төсек орындарын ашу, стационарларға баруға шектеу енгізу көзделген. Егер оқушылардың 30 пайыздан астамы сырқаттанса, білім беру ұйымдары қашықтан оқыту форматына ауысады. Бұл шаралар инфекция тізбегін үзіп, вирустың таралу қарқынын төмендетуге бағытталған.

ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу — арнайы және жалпы сақтық шараларының жиынтығы. Жалпы сақтық шараларына жеке гигиена талаптарын сақтау, қолды жиі жуу, антисептик қолдану, медициналық маска тағу, үй-жайларды жүйелі түрде желдету, ылғалды тазалау, сондай-ақ, адамдар көп шоғырланатын орындарға баруды шектеу жатады. Иммунитетті нығайтуда дұрыс тамақтану, дене белсенділігі және таза ауада серуендеу сынды пайдалы әдеттер аурудың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Арнайы профилактиканың негізгі тетігі — вакцинация. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, екпе тұмаумен сырқаттану қаупін 90 пайызға дейін төмендетеді, ал, ауруханаға жатқызу қажеттілігін 60 пайызға қысқартады. Иммунитет вакцинадан кейін екі апта ішінде қалыптасады және аурудың ауыр өтуінің алдын алады.

Вакцинациялау науқаны аясында облыста 83 461 адам екпе алды, бұл халықтың 11 пайызын құрайды. Оның 11 044-і  балалар, ал, 72 417-сі ересектер. Бұл тиісінше ауырғандардың 13,2 және 86,8 пайызы деген сөз.

Ғалымбек АЛИН,
Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар