МӨЛТЕК СЫР
Шымкенттен шыққан пойыз ғажап армандарды бірге алып, солтүстікке қарай сырғиды. Терезе сыртында ұшы-қиырсыз дала – алтын сары жон қиялдың кілеміндей. Жолаушы жүрегінде әлдебір жұмбақ тыныштық, жолдың әр сәті сырлы әуен секілді.
Бір тәулік жүйткіп, пойыз Астананың төріне тоқтады. Бас қала – болашаққа ұмтылған болаттай мінез, шыныдай жарқыраған арман. Пойыз қайта тербеліп, солтүстікке қарай қиял қанаты шарықтайды.
Астана шетін артқа тастай бергенде, дала реңі өзгере бастайды. Жайқалған орман, самалмен сыбдырлаған қарағайлар, аспанға асылған сарғылт белес – бәрі қиялға сыймайтындай. Аспан төмендеп, жер биіктеп кеткендей, табиғат сені құшағына алады. Жол үстінде Бурабайдың тамаша тынысы қарсы алды – мөлдір көлдер, қарағайлы тау, жұпар аңқыған ауа… Көз емес, жүрекпен көретін мекен.
Көкшетауға жеткен сәтте, вокзал алдында тұрған таксилер тізіліп қарсы алды. Одан әрі жол Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлге қарай жалғасты. Екі орта 220 шақырым. Адам табиғаттың үнін тыңдауға, жүректің жырын оятуға жолға шығады.
Бұл сапар жай ғана бір бағытқа барар жол емес. Бұл – өзі сезінгенге ғана ашылатын сырлы әлем, үнсіз жеткен тылсым ән. Ол осы тамаша өлкеге аяқ басқан мендей жолаушыға ғана түсінікті.
Равшанбек УБАЕВ.
Түркістан облысы.
![]()

