Дағдарыстан жаңғыртуға және тұрақты дамуға дейінгі жол

21 ЖЕЛТОҚСАН – ЭНЕРГЕТИК КҮНІ

«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төл тарихы сонау 1964 жылдан басталады. Дәл сол жылы Көкшетау облысы аумағында «Көкшетау электр желілері басқармасы» аталған кәсіпорын құрылды. «Көкшетау Энерго» серіктестігі 2002 жылдан бастап табиғи монополия субъектісі болып табылатын аймақтық электр желілік компаниясы.

Ол 0,4-110 кВ кернеуіндегі электр желілеріне жөндеу-техникалық қызмет көрсетуді, оларды пайдалануды, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының бес ауданында, Ақмола облысының төрт әкімшілік ауданында және Көкшетау қаласында электр энергиясын жеткізу мен тарату жұмыстарын жүзеге асырады. Компанияға бас басқарма және 10 бөлімше кіреді. Көкшетау қалалық, Зеренді, Щучинск ауданаралық, Тайынша, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Ақжар, Уәлиханов, Еңбекшілдер, Степногорск электр желілері. Барлық бөлімшелерде жалпы 51 желілік-шеберханалық учаске жұмыс істейді.

Электр энергиясын беру және тарату көлемі жыл сайын артып келеді: 2021 жылы – 1 399 миллион кВт·сағат болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 661 миллион кВт·сағатты құрады. Бүгінде «Көкшетау Энерго» серіктестігі екі 220 кВ қосалқы станциясына ие. 35 кВ және одан жоғары станциялар Ақмола облысында – 56, Солтүстік Қазақстан облысында – 74. 110 кВ станциялар Ақмола облысында – 22, Солтүстік Қазақстанда – 21. Кәсіпорын балансында 15 156,7 шақырым әуе желілері, 332,43 шақырым кабельдік желілері бар. Қызмет көрсетілетін аумақтың жалпы көлемі – 78,931 мың шаршы шақырым, ол аймақта 500 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді.

Көпжылдық тарихында компания күрделі дамудан өтіп, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы терең дағдарысты бастан өткерді. Соған қарамастан, өндірістік кешенді сақтап, электр желілерінің жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ете алды, сонымен қатар энергетика саласының мемлекеттік басқару жүйесінен еркін нарықтық қатынастарға көшу міндеттерін шешті. Құрылған күнінен бастап «Көкшетау Энерго» серіктестігі  тұтынушыларға жеткізілетін электр энергиясының сенімділігі мен сапасын сақтау бағытында мақсатты әрі тұрақты жұмыс істеп келеді. Ұжым электр желілерін дамыту, энергетикалық жабдықтарды жаңғырту, жаңа техника мен технологияларды енгізу бойынша ауқымды міндеттерді алға қойып отыр.

2007 жылдың 1 мамырынан бастап компания республика бойынша алғашқылардың бірі болып табиғи монополияларды реттеу агенттігімен орта мерзімді тарифін бекітті. Осы тариф шеңберінде электр желілік шаруашылықты дамыту мақсатында орта мерзімді инвестициялық бағдарлама әзірленіп, уәкілетті органдармен бекітілді. Бағдарламаның негізгі бағыттары – тозған негізгі қорларды жаңарту, ескі желілер мен қосалқы станцияларды жаңғырту, жаңа нысандар салу, байланыс жүйесін цифрлық технологиялар негізінде дамыту. Кейінгі жылдары әрбір тарифтік кезеңге жаңа инвестициялық бағдарламалар әзірленіп, бекітіліп отырды. 2018 жылдан бастап бекітілген инвестициялық бағдарламаның көлемі 817 750 мың теңгеден 2025 жылы 3 миллиард теңгеден астам деңгейге дейін ұлғайды.

Соңғы бес жылда, 2021-2025 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарламаны іске асырудың арқасында кәсіпорын 300 шақырымнан астам электр беру желілерін жаңартты. 110/35/10 кВ (киловольт) кернеулі 6 қосалқы станцияға, сондай-ақ, 10/0,4 кВ кернеулі 55 қосалқы станцияға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 350 шақырымнан астам әуе және кабельдік желілер жаңартылды. Көкшетау қаласының дамуы үшін аса маңызды нысан – 110/10/6 кВ «Жылу» (РК-2) қосалқы станциясы – 2025 жылы 690 миллион теңгеден астам қаржыға толық жаңғыртылды. 1991 жылы салынған нысанның толық тозуына байланысты түбегейлі жаңарту қажет болды. Ескірген жабдықтар толық ауыстырылып, микропроцессорлық жүйелер мен қашықтан басқару технологиялары енгізілді. Қосалқы станция ғимараты мен аумағы жөнделді. Бұл станция қаланың негізгі жылу көздері – РК-1 және РК-2 нысандарын энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету үшін шешуші рөл атқарады. 2023-2024 жылдары 980 миллион теңгеден астам қаржыға 110/10 кВ Васильковский қосалқы станциясы модернизацияланды. Ол Центральный, Васильковский, Көктем, сондай-ақ, дамып келе жатқан Сарыарқа шағын ауданының тұрғындарын электрмен жабдықтайды. 2023 жылы 1 миллиард теңгеден астам сомаға 110/10 кВ «Жеңіс» қосалқы станция қайта құрылды. Бұл станциядан қаланың орталығы, Жайлау, Бармашино, Ущелье шағын аудандары және бірнеше маңызды инфрақұрылым нысандары қоректенеді.

110/10 кВ «Құлагер» қосалқы станциясы кезең-кезеңімен жаңғыртылуда, ол Юбилейный, Боровской, Бейбітшілік шағын аудандарын және қаланың шығыс өнеркәсіптік аймағын энергиямен қамтамасыз етеді. 2024 жылы Бурабайдағы 35/10 кВ «Бурабай» қосалқы станциясы 884 миллион теңгеге жаңартылды, 2025 жылы 35/10 кВ «Бармашино» қосалқы станциясы  320 миллион теңгеге модернизацияланды. Бұл нысандар курорттық аймақтың дамуында шешуші рөл атқарады. 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Кішкенекөл ауылындағы «Бәйтерек» қосалқы станциясының реконструкциясы басталды, сондай-ақ, Ақжар ауданындағы «Астана» қосалқы станциясы қайта құрылды. Екі нысан да ауыл халқын сапалы электрмен жабдықтауда маңызды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Тайынша ауданындағы «Ильичевка» қосалқы станциясы қайта жаңғыртылуда.

Инвестициялық бағдарламадан бөлек, компания жыл сайын өз қаражаты есебінен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. 2025 жылы 35 кВ және одан жоғары 31 ҚС-да, 311 таратушы пунктінде  1600 шақырымнан астам желіде күрделі жөндеу жүргізілді. Энергетика саласында арнайы техника өте маңызды. 2019 жылдан 2025 жылға дейін «Көкшетау Энерго» серіктестігі жүк және жүк-жолаушы автомобильдерін, манипуляторларды, автокрандарды және басқа да арнайы техниканы қоса алғанда, жалпы құны 2,5 миллиард теңгеден астам болатын 160-тан аса автокөлік сатып алды. Осылайша, компанияның барлық бөлімшелері арнайы техникамен толық қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.

Техникалық және әкімшілік персоналдың еңбек жағдайларын жақсартуға да үлкен көңіл бөлінуде. 2019 жылдан бері шамамен 600 миллион теңге көлемінде ғимараттарға күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Барлық аталған шаралар тарифтік саясаттың дұрыс жүргізілуінің арқасында мүмкін болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, монополиялардың пайдасын шектеу мен инфрақұрылымға инвестиция тарту арасындағы баланс өте маңызды. «Көкшетау Энерго» серіктестігі іске асырып жатқан Инвестициялық бағдарлама Президент тапсырмасымен әзірленген мемлекеттік саясатты қолдай отырып, инфрақұрылымды жаңартуға мүмкіндік беруде. Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Елдегі электр желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және су құбырларының жартысына жуығы тозған. Тарифтерді жасанды тежей беру – апаттар мен жаппай өшірулерге әкеледі. Сондықтан, «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатына көшу қажет» деген болатын.

Өкінішке қарай, «Көкшетау Энерго» серіктестігі бойынша желілердің тозу деңгейі бүгінгі күні 83,97 пайызды құрайды. Жыл сайын тарифтің көтерілуіне қарамастан, бұл көрсеткіштің төмендеуі өте баяу жүріп жатыр. Бұған көптеген жылдар бойы еліміздегі энергетика саласының құлдырауы себеп болды.

Сонымен қатар, бұл жағдайға компания қызмет көрсететін өңірлердегі қала мен ауылдық елді мекендердің электр желілерін дамыту жоспарларының болмауы да кері әсерін тигізуде. Жергілікті атқарушы органдардың электр желілерін дамыту жоспарларын әзірлеуі өңірлердің даму барысын неғұрлым нақты көрсету және осы саладағы алдағы жұмысты жоспарлау үшін аса қажет. Электр желілік компаниядағы жұмыс күрделі, ол жабдықтарды пайдалану барысында тәжірибелік білім мен дағдыларды, сондай-ақ, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кәсіпорын ұжымы құрылыс, монтаждау және жабдықтарды баптау жұмыстарына қатыса отырып, өңірдің электр энергетикасын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Кез-келген кәсіпорынның тарихын оның еңбеккерлері жасайды. Өңір энергетикасының дамуына әртүрлі деңгейдегі мамандардың және дарынды басшылар – көрнекті энергетиктердің тұтас бір шоғырлары үлкен рөл атқарды.

2018 жылы «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директоры болып Досымхан Аралбаев тағайындалды. Бұл кәсіпорын үшін бетбұрыс кезең болды, себебі, дәл осы уақыттан бастап кәсіпорынның дамуы «тоқырау нүктесінен» жылжып, жаңа серпін алды. Досымхан Әлішұлы басшылық еткен кезеңде тариф көлемін және бекітілген инвестициялық бағдарламаның аясын ұлғайтудан бастап, кәсіпорындағы еңбекақыны арттыруға дейін жинақталған көптеген мәселелер шешімін тапты. Бірінші басшы белгілеген іс-шаралар мен мақсаттар кешенін жүзеге асырудың арқасында жабдықтарды қайта құру және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, негізгі қорлардың тозу деңгейі төмендетілді. Атап айтқанда, электр желілеріндегі шығын деңгейі 2016 жылғы 18,29  пайыздан 2025 жылы 16,73 пайызға дейін азайды. Кадрлар тұрақтылығына қол жеткізілді. Бұл коэффициент 58 пайыздан 93 пайызға дейін өсті. Бұл жай персоналдың еңбек жағдайларының жыл сайын жақсаруымен, материалдық-техникалық базаның нығаюымен және жалақының көтерілуімен байланысты. Мәселен, орташа айлық жалақы 2021 жылғы 109 898 теңгеден 2025 жылы 445 660 теңгеге дейін артты.

Қазіргі уақытта кәсіпорында шамамен екі мың адам еңбек етеді. Бұлар – кәсіби даярлығы жоғары мамандар. Біліктілікті арттыру мақсатында жыл сайын кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелері мен қызметтері арасында жергілікті деңгейде жарыстар өткізіліп, компания қызметкерлері республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларға қатысады. Кадрлық резервті толықтыру үшін компания өз қаражаты есебінен елдің жоғары оқу орындарында қажетті тар бейінді мамандықтар бойынша жастарды жыл сайын оқытады. Сондай-ақ, персонал үшін қысқа мерзімді оқыту курстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. 2020-2025 жылдар аралығында кәсіпорын 2000-нан астам қызметкерді оқытты. Жыл сайын кәсіпорынға энергетика бағыты бойынша орта есеппен жиырмаға жуық жас маман жұмысқа қабылданады. Бұл тұрақты кадрлық резервті қалыптастыруға және персоналдың техникалық құрамын жаңартуға ықпал етеді.

Кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтарын қорғау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен айналысатын кәсіподақ комитеті белсенді жұмыс істеп келеді. Персоналдың пайдалануына жаттығу құралдары мен спорттық жабдықтармен жабдықталған спорт залы, футбол залы ұсынылған. Кәсіподақ комитеті жыл сайын қызметкерлер үшін туристік сапарлар ұйымдастырып, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізеді. 2025 жылы бас директордың қолдауымен кәсіподақ комитеті «Щучинский» шипажайында персоналды сауықтыру жобасын бастады, онда барлық бөлімшелердің қызметкерлері бес-жеті күн ішінде денсаулықтарын жақсарта алады. Персоналдың қолайлы жұмыс атмосферасын қолдау және бос уақытын тиімді өткізу мақсатында кәсіпорын аумағында «Шамшырақ» жаңа демалыс алаңы абаттандырылды. Кәсіподақтар күніне орай компания қызметкерлері арасында бильярд турнирі өткізілді. 2025 жылдың қазан-қараша айларында Энергетиктер күніне арналған жыл сайынғы спартакиада өтті, оған он бөлімшенің, Орталық базаның және серіктестіктің ардагерлер кеңесінің командалары қатысты. Олар волейбол, футбол, үстел теннисі, дартс, шахмат және тоғызқұмалақ бойынша жарысты. Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Энергетиктер күні кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталатын болады.

Кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілік туралы да ұмытпайды. «Көкшетау Энерго» серіктестігі түрлі қайырымдылық акцияларына қатысып, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарт адамдарға көмек көрсетеді, жас таланттарды, шығармашылық зиялы қауымды қолдайды. 2025 жылдың қазан айында компания басшылығы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына киіз үйді сыйға тарту туралы шешім қабылдады. Бұл киіз үй Көкшетау қаласының ардагерлер қауымдастығына арналған сыйлық болды. Сертификатты тапсыру рәсімі Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен өтті.

Кәсіпорын басшысының белсенді азаматтық ұстанымы, өңірдің қоғамдық өміріне қатысуы, мәдени, спорттық және қайырымдылық жобаларды қолдауы, сондай-ақ Қазақстанның энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі ең жоғары деңгейде назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылдың қазан айында, Республика күні мерекесі қарсаңында «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев «Парасат» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы салтанатты іс-шара барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыстады. Досымхан Әлішұлы өзі атап өткендей, бұл жоғары марапат – оның жеке еңбегінің ғана емес, ұжымның ортақ жетістігі.

2025 жылы «Көкшетау Энерго» компаниясына 61 жыл толды. Жүріп өткен жол әрбір энергетиктер буыны өз міндетін абыроймен атқарып, электр энергетикасының қалыптасуына өзіндік үлес қосқанын сенімді түрде айтуға мүмкіндік береді. Бұл игі дәстүрлерді бүгінде компанияның қазіргі ұжымы жалғастырып отыр, ал олардың алдында ауқымды міндеттер тұр. «Көкшетау Энерго» серіктестігінің жоспарында – электр желілері мен қосалқы станцияларды одан әрі жаңғырту. Осы мақсатта жалпы құны 25 миллиард теңгеден асатын 2026-2030 жылдарға арналған жаңа Инвестициялық бағдарлама әзірленді.

Жаңа Инвестициялық бағдарлама аясында ауқымды жұмыс көлемі жоспарланған. Атап айтқанда, 10/0,4 кВ әуе желілерінің 715 шақырымды қайта жаңғырту, 35 кВ және одан жоғары кернеулі 5 қосалқы станцияны жаңалау, 34 бірлік арнайы техниканы сатып алу, сондай-ақ, диспетчерлік жабдықтар мен электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің құралдарын жаңғырту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, серіктестік 2026 жылға арналған жалпы құны 30 миллиард теңгеден асатын жобалар тізбесін әзірлеп, оларды «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жоспарына енгізуді ұсынды. Егер аталған жобалардың барлығы қаржыландырылатын болса, кәсіпорын инфрақұрылымды едәуір жақсартып, шығындар деңгейін төмендетуге мүмкіндік алады.

Серіктестіктің бас директоры Досымхан Аралбаевтың айтуынша, «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы коммуналдық саланың дамуына қуатты серпін беріп, электр желілерін жаңғыртуда нағыз серпіліс болмақ.

Қарлыға Мұхатаева,
«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі
шектеулі серіктестігінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар