Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек» деген болатын.
Осы ретте, елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендердің тазалығын арттыруға бағытталған кең ауқымды бастамалардың жалғасы ретінде Біржан сал ауданындағы Абай атындағы № 2 орта мектепте «Жасыл болашақ» атты экологиялық викторина-квест ұйымдастырылды.
Аталған шара барысында оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, экологиялық білімдерін толықтыруға және қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Жарысқа Степняк қаласындағы екі мектептің 9–11 сынып оқушыларынан құрылған 4 команда қатысты. Экологиялық викторина-квест барысында қатысушылар түрлі логикалық тапсырмаларды орындап, экология, табиғатты аялау, қалдықтарды сұрыптау және жасыл өмір салты тақырыптары бойынша білімдерін ортаға салды. Шарада оқушылар белсенділік танытып, танымдық әрі мазмұнды тапсырмаларды орындады. Сайыс барысында жастар экологиялық білімдерін тексеріп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі көзқарастарымен бөлісіп, қиялдарындағы таза қаланың көркем бейнесін сурет арқылы бейнеледі.
–Мұндай квест-ойындар арқылы біз қоршаған ортаны қоқыстан таза ұстап, қорғауға ат салысамыз. Жастар осы ойындар арқылы экологиялық бағытта тәжірибе алмасады. Мен де өз қатарластарымды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын, –дейді аталмыш мектеп оқушысы Алуа Жақсылық.
Ойында мектеп оқушылары теориялық білімдерін шыңдап қана қоймай, оны іс жүзінде де көрсете алды. Сонымен бірге, оқушылар аудан көлемінде ұйымдастырылатын сенбіліктерге белсене қатысып, тазалықты сақтау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына да өз үлестерін қосып жүргендерін мақтан етті.
– Бүгін квест ойнаған оқушыларымыз республикамыздағы қазба байлықтар, оның пайдасы, шығарылып жатқан қоқыстарды қайта өңдеу, оны қайта жарату бойынша білімдерін тереңдете түсті. Олар қорықтарда мекен ететін аңдар мен құстар, басқа мемлекеттерде кездеспейтін, біздің елімізде ғана өмір сүретін жан-жануарлардан бастап, барша тіршілік иелерінің қоршаған ортаға пайдасын ұғынды, Соны біз кескіндеу, сурет салғызу, суреттеп айтып беру, сызбасын сызу арқылы түсіндіруге тырыстық. Мұның барлығы қоршаған ортаны аялау, таза ұстап, қорғау бағытындағы іске асырылып жатқан тәрбиелік жұмыстар, – дейді мектеп директоры Руслан Әбуов.
Айта кетейік, соңғы екі жыл ішінде Біржан сал ауданы бойынша 200-ге жуық экологиялық акция ұйымдастырылып, аудан аумағындағы елді мекендер мен қоғамдық орындарда қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүргізілген. Алайда ғылыми негіздегі шаралар дамудың бастапқы кезеңінде тұр.
– Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталып, биыл да жалғасуда. Акция аясында көптеген абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясымен қатар, осыдан біраз жыл бұрын басталған «Жасыл ел» жобасы да жүзеге асырылып келе жатыр. Осы соңғы жоба бойынша біз 2024 және 2025 жылы 30 баланы жұмыспен қамтыдық. Бүгінгі күні міне, аудан бойынша бізде жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Жасыл болашақ» викторина-квесі өтуде. Осы іс-шарада әрбір команда бірнеше сынақтан өтіп, экологиялық бағыт бойынша сұрақтарға жауап беруде, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миргүл Аяғанова.
Табиғат жанашырлары алдағы уақытта осы жобаны кеңейтіп, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа шаралар өткізу жоспарлап отыр.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Біржан сал ауданы.
![]()

