ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова Ақмола облысына жұмыс сапары аясында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын, құрылыс сапасын және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын мониторингтеу мақсатында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізді.
Сапар барысында көтерілген мәселелер халықтың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін бағыттарды қамтыды. Ең алдымен, Мәжіліс депутаты Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан 12 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығы Краснояр ауылында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің жай-күйімен танысты. Ауыл тұрғындары бұл нысанды ұзақ жылдар бойы күткен болатын. Бүгінде кешен іске қосылуға дайын тұр, алайда, нысанды Көкшетау қаласының құрылыс бөлімінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ретінде облыстық спорт басқармасына беру процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар, кадрлық қамтамасыз ету мәселелері де қатар шешілуде. Мәжіліс депутатымен кездескен тұрғындар осы мәселелердің тезірек шешілуін қалайтындарын жеткізді.
Сонымен қатар, Краснояр тұрғындары жылдар бойы жергілікті аурухананың жағдайына қатысты шағым айтып келген. Осыған байланысты депутат екі жыл бұрын ауылға арнайы келіп, мәселені орнында зерделеген. Бүгінде ауруханада күрделі жөндеу жүргізіліп, мекеме толыққанды жұмыс істеп тұр. Бірінші қабатта емхана, екінші қабатта 40 төсек-орындық стационар және паллиативтік бөлімше орналасқан. Стоматология кабинеті мен рентген аппараты бар. Кадрлармен қамтамасыз етілуі стационарда 100 пайыз болса, емханада 85 пайызды құрайды. Бүгінде аталған аурухана дәрі-дәрмекпен толық қамтылып, әсіресе, қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған қымбат препараттардың саны арта түскен. Алайда, кездесу барысында тұрғындар тарапынан кейбір дәрілерге лимиттің болмауынан шұғыл сұраныс мәселесін шешу қиындап жататыны айтылды. Сондай-ақ, депутат назарына физиотерапия кабинетінде жабдықтардың ескіргені де айтылып, бұл бағытта жергілікті органдар тарапынан қолдау қажет екені жеткізілді.
Содан соң, Айна Мысырәлімова Көкшетау қаласында салынып жатқан көпсалалы облыстық аурухана құрылысымен танысып шығып, бұл теңдессіз нысанды аймақ үшін стратегиялық жоба және болашаққа салынған инвестиция деп атап өтті.
– Бұл жобаның бастау алғанына сегіз жыл болды. Біз оны жаздық, қорғадық, талай рет қайта қаралды. Бірақ, бүгін құрылыс жоспарға сай жүріп жатыр. Мұндай нысанды салу бір күндік шаруа емес, оған белгілі бір жылдар қажет, – деді депутат.
Депутаттың пікірінше, ең басты міндет нысан құрылысын тоқтап қалудан сақтау. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдарға инженерлік-коммуникациялық желілерді электр, жылу, су жүйелерін уақытылы тарту жауапкершілігі жүктеледі.
Содан соң, Айна Мысырәлімова облыстық архив ұжымымен де жүздесті. Кездесу барысында мекеме қызметкерлері мекеменің күнделікті жұмысы, құжаттарды сақтау талаптары мен архив қорының цифрландыру барысы туралы жан-жақты баяндады. Сондай-ақ, архив саласының өзекті мәселелері де көтеріліп, материалдық-техникалық базаны нығайту, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттігі сөз болды.
Облыстық мәслихат депутаттарымен өткен басқосуда Айна Ермекқызы жұмыс сапары барысында өзі аралаған нысандар бойынша қорытынды пікірін білдірді. Ол әлеуметтік маңызы бар нысандардың пайдалануға беріліп жатқаны құптарлық іс екенін атап өтіп, сонымен қатар, кадр тапшылығы мәселесін жедел шешу, салынып жатқан ғимараттардың мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігіне ерекше тоқталды. Мәслихат депутаттары да өңірде қордаланған, жоғары деңгейде қолдауды талап ететін мәселелерді ортаға салды.
Кездесу барысында «Ана үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі Құралай Жұмабекова отбасыларды қолдауға бағытталған жаңа бастамалар туралы айтты.
– Биыл отбасылар жобасын енгізудеміз. Пилоттық жобаға екі отбасы қатысады. Олар арнайы оқытудан өтіп, жан-жақты қолдауға ие болады. Қазіргі таңда облыстың тоғыз ауданында отбасын қолдау орталықтары ашылған. Алайда, олардың көбінде жеке ғимарат жоқ, жалақы деңгейі төмен. Сонымен қатар, мамандар тек отбасылармен ғана емес, өзге де санаттармен, оның ішінде сотталғандармен жұмыс жүргізуге мәжбүр, – деді ол.
«Жастар Рухы» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешев колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл түйткіл әсіресе, жекеменшік оқу орындарында өзекті.
– Көптеген жекеменшік колледждер жатақхана мәселесін шеше алмай отыр. Ал, өзге өңірлерден келген кәмелетке толмаған студенттер үшін пәтер табу қиын. 15 жастағы жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тәлім-тәрбиесімен айналысу үлкен жауапкершілікті талап етеді, – деді ол.
Сонымен қатар, Сұлтанбек Бекешев ауылдық жастар ресурстық орталықтарындағы кадр тапшылығына назар аударуды сұрады. Бұл орталықтарда жұмыс істеу үшін жоғары білім талап етілгенімен, еңбекақының төмендігі дипломы бар мамандарды тартуға кедергі келтіруде. Осыған байланысты ол ережелерге өзгерістер енгізуді ұсынып, ауылдарда колледж бітірген, белсенді әрі еңбек етуге дайын жастар бар екенін атап өтті.
Осы сапары барысында Айна Мысырәлімова «AMANAT» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында тұрғын үй кезегінен есептен шығару, саяжай және бау-бақша кооперативтерін дамыту, несие міндеттемелері бойынша банкроттық рәсімі, жылумен қамтамасыз ету, абаттандыру мен көшелерді жарықтандыру, тұрғын үй беру кезегін сақтау, мүмкіндігі шектеулі жандарды жол жүру құжаттарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, қоғамдық қор ашу мәселелері көтерілді.
Әрі қарай келесі күні депутаттың жұмыс сапары Сандықтау ауданында жалғасты. Каменка ауылы маңындағы 1961 жылы салынған көпір көктемгі су тасқыны кезінде толық қираған. Ол Каменка, Преображенка, Белгородское және Раздольное ауылдарын байланыстырып тұрған маңызды өткел. Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған көпірді жаңалауға орташа жөндеу жобасының техникалық құжаттамасы әзірленіп, бүгінде мердігерді анықтау бойынша конкурс жүріп жатыр.
Бұдан әрі Каменка ауылындағы агротехникалық колледж ұжымымен кездесуде техникалық және кәсіптік білім беру мәселелері көтерілді. Аудан орталығы Балкашино ауылында 1,7 миллиард теңгеге қазандық пен жылу желілерін салу және қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, депутат «Жас дәурен» балалар сауықтыру лагерінің жұмысымен танысты. Лагерь жыл бойы жұмыс істеп, жаз мезгілінде 1000 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда тек Ақмола облысынан ғана емес, өзге өңірлерден де балалар дем алады. Ұжыммен кездесуде жол жарығы, балалар алаңы, мектепалды даярлық топтары, қосымша жұмыс сағаттарының ақысы секілді мәселелер көтерілді. Бұл сұрақтар депутаттың жеке бақылауына алынып, ұсыныстар тиісті заң жобасын қарау кезінде ескерілетіндігі айтылды.
Балкашино ауылында «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында ашылған дәмхананың жұмысы таныстырылды. Партиялық қолдау жеке кәсіпкердің қызмет аясын кеңейтуіне мүмкіндік берген. Бастауыш партия ұйымдарының активімен кездесуде мемлекеттік сатып алу, коммуналдық қызметтер, ауыл әкімдерінің өкілеттігін кеңейту, төтенше жағдайлар және ішкі істер органдарымен өзара іс-қимыл, салық түсімдері мен кадр тапшылығы мәселелері талқыланды.
– Барлық ұсыныстар жүйеленіп, Мәжілістегі жұмысымызда ескерілетін болады. Өңірлер дамымай, ел дамымайды. Ал, халықтың денсаулығы мен өмір сапасына қаржы үнемдеуге болмайды, – деді Мәжіліс депутаты кездесу барысында сөйлеген сөзінде.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

