«Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызметкерлердің жыл сайынғы техникалық оқуы жалғасын табуда.
«Микропроцессорлық технологиялар» ҒӨК ЖШҚ компаниясы өз өндірісіндегі қолданылатын релейлік қорғаныс құрылғыларын пайдалану және баптау бойынша мамандардың біліктілігін арттыруға көмек қолын созуда. Новосибирск қаласынан келген мамандар сабақтар барысында қосалқы станциялар мен КТҚС-ды жаңғырту кезінде орнатылатын және қолданылатын жаңа жабдықтар мен аспаптардың ерекшеліктері туралы айтып берді.
Аталмыш оқу жабдықтармен жұмыс істеу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, «Көкшетау Энерго» мен «Микропроцессорлық технологиялар» компаниясы арасындағы серіктестік қатынастарды нығайтуға және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Релейлік қорғаныс, автоматика және өлшеулер орталығы қызметінің бастығы Құдайберген Аиповтың айтуынша, оқуға барлық аудандық бөлімшелерден жиырмаға жуық мамандар шақырылған. Алда басқа бағыттар бойынша оқытудың тағы бірнеше кезеңі жоспарланған.
– Қыстатехникалық оқу кездейсоқ өткізілмейді, бұл – персоналдың алдағы жөндеу науқанына қызу дайындық кезеңі. Биыл жоспар бойынша Инвестициялық бағдарламаны және энергетика саласын жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру аясында ауқымды жұмыстар атқарылмақшы. Көктемнен бастап күздің соңына дейін мамандар іссапарларда болып, түрлі нысандарда жұмыс істейтін болады. Жаңа жабдықтар мен техника қосымша білім мен құзыреттілікті талап етеді. Бұл қосалқы станцияларға цифрландыруды енгізу жағынан да өте өзекті мәселе. Себебі, жаңғыртудан кейін өндірісте микропроцессорлық технологияларға негізделген жабдықтар кеңінен қолданылатын болады, – дейді Құдайберген Аипов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

