«Мен бүгін әкемді айтып толғанамын!»

ҒҰМЫР-ҒАЙЫП

Адам өмірі қандай қысқа және баянсыз десеңізші. Зымыраған уақыт тез өтеді. 80 деген жасыңыз да қас қағым сәттей есіктен кіріп, төрден озған дүние екен. Бір биікке шығып, дүниені тұтас алғанда солай, әрине. Басып өткен жолыңды айларға, жылдарға тарқатып, қыр-сырына жеткенде, сол өмірдің шет шегіне көз жетпейді. Бейне адамзат жаралғаннан бері өмір сүріп жатқандайсың…

Бұл мақалам, әкем Тұрлыбек Айтенұлының туғанына жүз жыл толуына арналып отыр. «Жастық шақта өмір бітпестей, таусылмастай көрінеді. Сен әлі жиырма бестегі жігіт сияқтысың,  орда бұзар отыз, қамал бұзар қырық тұр. Одан әрі елу, алпыс, жетпіс деген белестер бар. Сол асулардан біртіндеп  асып түскенше, қай заман. Оның арғы жағы сексен, тоқсан, қаусаған кәрілік. Бойдан қайрат, тірліктен мән кетіп, бұл дүниенің қызығы сарқылғанша өлім де қорқынышты болудан қалады. Мына заманда сексен деген оңай емес екен. Қарттыққа бой бермей қасарысар едім, оған мына ауру бой бермей тығырыққа тіреп тұр» деп әкем өмірінің соңында жиі айтатын. Иә, өмір сүру де, өлу де жаңалық емес. Әкем өлімнен қорыққан жоқ. Мейлі патша  бол немесе қара бол, түптің түбінде өлім хақ.

Әкемнің оқыған «Қазақ шежіресі» кітабында Сәбит Мұқановтың жазуы бойынша шежіреде бізді былай бөліпті: Ашамайлы Керей Тарышыдан Ақсары, біз Құрсары Керейден тараймыз. Апасы Кәтен (1898-1969 жж.) 73 жаста, анасы Жәнипа (1906-1970 жж.)  64 жаста, атасы Құлнияз (1907-1970 жж.) 63 жаста, енесі Ракила (1912-1990 жж.) 78 жаста, енемнің құрдасы Дінмұхаммед Ахметұлы (1912-1993 жж.) 81 жаста дүниеден озды. Бірақ, інісі Төлеген (1945-1970 жж.) жас кетті, небәрі отыз жыл өмір сүрді. Артынан қалған қыздары Анар, Жанар, Сандуғаштың  тағдырлары қалай тоғысқанын кім білсін?

Әкеме жетпіс тоғыз жас бұйырған екен, оған шүкіршілік етеміз. Мұсылман баласына Пайғамбар жасы – алпыс үштен асқан соң, ендігі өмірі осал болар, қыршын кеттім деп өкінер жай жоқ.

Өмірімді несіне жек көремін,

Ауыр-жеңіл болса да өткеремін.

Өмір қашып барады құсқа мініп,

Мен артынан жетем бе деп келемін.

Тағдырыма несіне өкпелейін,

Мойын бұрмай келіп ем көпке дейін.

О, өмір ұстатпаған уың бар ма…

Әкел, әкел, оны да жеп көрейін!

Жәмен анамыз сандығына ақ матаны сақтап жүреді екен. Мұны көрген немересі Диана «әже маталарды неге жинап жүрсіз?» деп сұраса,  анамыз Жәмен «сандықта жатқан ақ мата Құдайдан мына шаныраққа береке бер, үй иелерінің өмір жасын ұзақ қыл, мені қара жердің астына көміліп қалудан сақта деп дұға етіп тұрады» деген екен. Бұл дәстүр қазіргі кезде де қазақтардың арасында сақталған.

Әкем Тұрлыбектің жасы соғыс жылдары кезінде он алты жас шамасында болған. Сонда көрген қиыншылықтарын әңгіме етіп айтып отыратын. «Ауылым орталықтан он шақырым жерде болатын. Таңертең ерте тұрып бес-алты оқушы болып мектепке бірге баратынбыз. Ауылдан шығарда шешеміз қалтамызға бір уыс қуырылған бидай салып беретін. Үзілісте бәріміз сол бидаймен тамақтанатынбыз.

Ауылда бас көтерер кісі қалмаған жасы келген азаматтар соғысқа аттанған, әйелдер ер адамдардың орнына отарда қой баққан. Жасөспірімдер мен жұмысқа жарайтындарды Қарағанды, Ақмола қалаларына тыл жұмысына алып кеткен. Соғыстан қара қағаздар келіп, ел мұңға батып жатқан кез. Тамақ тапшы, кей үйлерде мүлдем жоқ. Соғысқа кеткен ағаларымызды ойлап жүреміз, «бүгін кешке не жейді екенбіз?» деген ой да мазалайды. Сірә, шешеміз үнемдеп диірменге бидай тартып, ұн жасап, ошаққа су қайнатып шаймақ жасайды. Болған соң, ортамызға үлкен табаққа салып қояды. Үйде  үлкен апайым Кәтен, шешем Жәнипа, мен бармын. Тамақ жеуге жалғыз ғана ағаш қасық бар. Сонымен, кезектесіп шаймақты ішеміз. Тою қайда?  Осыған қанағат етеміз ғой. Өзімізге жетер жетпес тамақ алдымызға келгенде, апам шешеме ағаң Шалабайды, жеңген Бәтиманы, баласы Рамазанды тамаққа шақыр. Оларда бүгін үнем жоқ шығар дейтін. Сонымен, туыспен отырып, ошақ басында шаймақтың қалған суын шәй ретінде ішіп, әңгіме айтып оттың жанында жадырап отыратынбыз. Үлкендердің ақ көңіліне қарап, ол кезде қанағат болғандықтан,  қарным ашса да,  бөле ішкен тамаққа тоятынмын. Осы заманда тамақ мол, не ішем, не кием, не жеймін демейсің бәрі бар. Бүгінгінің адамдарының бойында сол баяғы адамдардың бойындағы кеңпейілдік, қанағатшылдық, биік адамгершілік, бауырмалдық, шапағат аз болып тұр ғой», – деп күрсіне аяқтайтын әңгімесін марқұм әкем.

Мына аласапыран уақыт пен бірге қаншама құндылық жоғалып бара жатыр. Айналамыздағы жақындарымыз бірге отырып, бір кесе шайды ішкенде өткенді айтып, еске алатынбыз. Ал, қазір бір-бірімізді сынап шақыратын қонаққа айналып кеттік. Сағынудан қалып, салқын қанды болып кеткендейміз. Бұрын ондай емес едік қой. Кейде сен кінәлісің, кейде мен кінәлімін. Қазір көңіл деген нәзік, тез шытынайтын нәрсе болып тұр ғой. Бойымызда имандылық болса да, кешірімді болуға мойын бұра алмай тұрамыз. Осы жерде бір айта кететін мәселе, жастардан кінә іздеуге дайын тұрамыз. Оған қоса байлықты бірінші орынға қоятын болдық. Бұл бізді өзімшілдік деген сорақылыққа алып келеді. Қалай болғанмен де, жақсы өмір сүруге ұмтылыс керек. Ал қазір, қызылды-жасыл дүние көзді байлап, көңілді арбап тұр.

Тұла бойға жайылған дерт күн сайын күш алып, әкем бірте-бірте әлсірей берді. Әкемнің жағдайын сұрап, ауылдастары өре түрегеліп, бірінен соң бірі келіп жатты. Соңғы күндері ауылымыздың бас имамы    Айжарық Бексұлтанұлы дұға оқып, дем салды, әкем содан азырақ бір жеңілдік сезінгендей болды. Беті арғы жаққа қарап, жағдайы нашарлап жатқанымен, алғыр миы мен алып жүрегі берілмей жатты.

Қазіргі уақытта ел ағалары ақсақал мен қарияға айналмай қартаюда. Біздің Қараөткел ауылында Төлебай Оспанұлы есімді қария болды. Бір тоға, парасатты, сөзі елге өтімді, жұрт ел ағасы деп құрмет тұтты. Майданды көзбен көрген жауынгер соғыс кездері Еңбекші колхозын  басқарған, шаруашылықтың да қыр сырын жетік менгерген. Біздің әкеміз Тұрлыбек сол Төлебай атамен дос болған. Ел іші болған соң, дау жанжал болмай тұрады ма? Оның барлығын ақсақал байыппен шешетін. Тіпті, ол кісімен совхоз басшылары да санасатын. Біздің ауылға сырттан директор болып келетін адамдар да ең алдымен сол кісіге  сәлем беріп кететін. Бір ақсақал бір ауылды ұйытып, үнсіз басқарып, іштегі мәселелерді шешіп отыратын. Кейін Төлебай ақсақал өмірден озды. Оның орнын әкем Тұрлыбек Айтенұлы, одан кейін Әмірғали Арықбайұлы және Мұхаммедқали Құсайынұлы секілді қариялар басты. Кейін осы қариялар келместің кемесіне аттанып кеткен соң, ауылдың да құты қаша бастады. Жөн ұстайтын қариялардың қатары сиреді.

Бүгінгі танда қарттардың көзін көрген Төлебай Қуанышбайұлы, Мэлс Молдағалиұлы, Кәртай Сәлменұлы аталарымыз бар. Халқымыз әрқашан қариялық жолды пір тұтқан, көпті көрген түсінігі мол ақсақалдың сөзіне тоқтаған. Ел бірлігін солар сақтап отырған. Салтымыз бойынша олардың алдын ешкім кесіп өтпеген. Осындай ғасырлар бойы сақталған бай дәстүріміз бар, оның барлық киесі осы текті аталарымыздың бойында болды, тіпті қаралы хабарды естірту секілді жауапты істі де, солар атқаратын. Айта берсек, қариялық қасиеттің мәні тереңде. Тіпті, қазақ әдебиетінде ақсақалдық бейне жоғары дәрежеде сомдалған. Бүгінгі таңда ақсақалдық жасқа жеткендер кеңестік тәрбиені бойға сіңірген ағалар. Әрине, олардың ішінде алдыңғы толқынның асыл қасиетін алып қалған текті ақсақалдарымыз да бар, бірақ, олардың қатары өте сирек. Бұрынғы дәстүрімізді ұстанған ақсақалдарды сағынамын.

Бұрын жетпістен асқан кісі қария саналатын. Ол дастарханның көркі болып, төрде отырып, бата беретін, әңгіме айтып, шежіреден сыр шертетін. Бүгінде ауылға бара қалсаңыз, ағаларымыз шежіре шертпек түгілі ақсақал десек қомпаңдап, ренжіп қалады. Содан болар, маған қазіргі адамдар қартаймайтындай көрінеді. Жетпіске толған көкелеріміздің өзі қазір қартайғысы келмейді.

Осыдан жиырма жыл бұрын жасы сексенге таяған шағында әкем қайтыс болды. Оны естіген көршілер жиналып, бірі көлігін беріп, енді бірі күрегін әкеліп, жан-жақтан көмектесіп, әкемді жерлеуге атсалысты. Жерлеп жатқан кезде Бөстек Аппасұлы есімді имам үшінші қатарда тұрғандарға сіздер көршілер боласыздар ғой деп, оларға ілтипат танытты. Сол қатарда Науқан мен Ырысбек, Арсен мен Жылқыбай, Қалқабек пен Халел, Талғат пен Александр, Мұқыш пен Қанат есімді көршілеріміз тұрған. Сонда Бөстек имам «алыстағы туыстан, жақындағы көрші артық», «көрші ақысы, тәңір хақысы» деген еді. Жалпы, атам қазақ көршіні ерекше құрметтеген. Қазірде көршісімен туыс сияқты араласатын адамдар тым аз. Бұрынғылар «үй таңдама, көрші таңда» дейді екен. Ал, біз қазір керісінше, үй таңдап жүрміз.  Сөйтіп, әкемді өз өсиеті бойынша Қараөткел ауылының зиратына жерледік.

Арада біраз жыл өткен соң, 2008 жылдың 10 маусымы анамыз Жәмен Құлниязқызы әкеміздің жанына жерленді. Бір жылдан кейін  олардың рухтарына тағзым етіп, баласы мен немерелері ауылдастарына ас берді. Ас беру рәсімі қазақ даласына ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр. Қазақта егер ересек адам өмірден өтсе, марқұмды жаназалап жерлегеннен кейін біздің ауданда бейсенбілік, қырық күндік және бір жылдық асы беріледі. Марқұмның алыс-жақындағы туыстары келіп, көңіл айтып, қаралы отбасының қайғысына ортақтасады. Қазақ тарихына үнілсек, бұл фәниден өткен марқұмға жақын  адамдарының жасайтын ақырғы зор құрметі. Иә, уақыт бір орында тұрмайды, алайда қазақ бұрынғыдай өткенді құрметтеп, аруақты еске алу қасиетінен ажыраған жоқ. Аруақ риза болмай тірі байымайды деген қағиданы ұстанған халқымыз аруағын сыйлап, ас беруді естен шығарған емес. Уақыт талабына сай қазір асты мейрамханаларда немесе мешіт асханасында өткізетін болды. Ас жүргізуші мен имам молданы шақырады. Асқа шақырудың мақсаты ас ішіп аяқ босату емес, жақынымыздан айырылу арқылы өмірдің өткінші екенін ұғындырып, тірліктің мәнін түсіну. Ата-бабамыздың жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта, тәні рахатта болсын.

Бөгембай АЙТЕНОВ,
Астана медицина университеті,
дәрігер-ұстаз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар