ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ
Мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайту, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел әрі тиімді жауап беру әділет саласындағы реформалардың негізгі бағыты екені айқын. Осы орайда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының әділет органдары қызметімен өзара байланысы жөнінде Ақмола облысы Әділет департаментінің басшысы Баукен Әлмешпен сұхбаттасқан едік.
– Баукен Серікұлы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әділет органдарының жұмысы қалай жүргізілуде?
– Бұл тұжырымдама мемлекет пен қоғам арасындағы ашық әрі тиімді диалогты қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді жауап беру міндетін нақты қойған болатын. Содан бері билік пен қоғам арасындағы байланыс жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді, ашық әрі ыңғайлы ету. Бүгінде Әділет департаменті мемлекеттік қызметтің 12 түрін көрсетеді. Мәселен, өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжат негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау, жеке сот орындаушысы, адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерлерді аттестаттау, ресми құжаттарға апостиль қою, сондай-ақ, заңды тұлғаларды және филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу саласындағы 7 қызмет түрі бар. Қазіргі уақытта көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі электрондық форматқа көшірілді. Көптеген процестер толық автоматтандырылған. Бұл қызмет көрсету мерзімін едәуір қысқартты.
– Цифрландыру бағытында қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– «Цифрлық Әділет» бағдарламасы шеңберінде бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Былтыр «Аттестаттау реинжинирингі» пилоттық жобасы автоматтандырылған режимде іске қосылды. Бұл адвокаттық, нотариаттық және жеке сот орындаушысы қызметіне үміткер азаматтар үшін өте қолайлы шешім болды.
Аттестаттау рәсімінің ашықтығы артты, мамандыққа қолжетімділік жеңілдеді. Жалпы алғанда, азаматтар цифрлық мүмкіндіктерді белсенді пайдалана бастағанын байқап отырмыз.
Өткен жылы департамент тарапынан 2234 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
– Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысы, әсіресе, шалғай ауылдардағы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді.
Біз Ақмола облысы адвокаттар алқасы, нотариаттық палата, жеке сот орындаушылар палатасы, заң консультанттары және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп, халыққа тұрақты түрде тегін құқықтық көмек көрсетеміз.
Сондай-ақ, Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жанындағы мобильдік топпен бірге облыстың елді мекендеріне шығып, «Халық заңгері», «Әр азаматқа құқықтық көмек», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күндері» сияқты акциялар аясында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы отбасыларға және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға ерекше назар аударылады.
– Ауыл тұрғындары үшін қандай қолжетімділік тетіктері қарастырылған?
– Ауылдық округ әкімдіктерінде «құқықтық кабинеттер» жұмыс істейді. Олар «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін компьютерлермен жабдықталған.
Сонымен қатар, «өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштары қажетті техникамен және жиһазбен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар, шақыру түймелері орнатылған.
Бұл кабинеттердің мүмкіндіктері туралы халық арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі: кездесулер, БАҚ-та жарияланымдар, әлеуметтік желілер, WhatsApp чаттар арқылы тұрақты ақпарат беріледі.
– Жаңа цифрлық сервистер туралы айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі құқықтық кеңесші роботын (чат-бот) іске қосты. Азаматтар adilet.kz немесе eup.adilet.gov.kz сайттарына кіріп, виртуалды консультант арқылы онлайн құқықтық кеңес ала алады.
Сонымен қатар, «Заң мен Тәртіп» атты жаңа цифрлық сервисі іске қосылды. Енді азаматтар құқық бұзушылықтар туралы полицияға тікелей Egov Mobile қосымшасы арқылы хабарлай алады.
Қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы немесе балаға қауіп төнген жағдайлар туралы хабарламалар жедел түрде полицияға түседі. Бұл сервис тәулік бойы жұмыс істейді және бүкіл ел аумағын қамтиды. Кейбір банк қосымшаларына да интеграцияланған.
Біздің басты ұстанымымыз мемлекеттік қызметтерді барша азамат үшін қолжетімді, ашық және ыңғайлы ету. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты тек ұран емес. Бұл күнделікті жұмысымыздың өзегі. Азаматтардың сенімі мен құқықтарының қорғалуы – біздің қызметіміздің басты өлшемі.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген, Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.
![]()

