ƏКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кезекті жұмыс сапарымен Бұланды ауданында болып, өңірде жұмыс істеп жатқан еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі Макинск құс фабрикасының ұжымымен кездесті, сонымен бірге, аудан орталығында Реновация бағдарламасы бойынша салынған көп қабатты тұрғын үйден бір топ тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырып, алдағы ықтимал көктемгі су тасқыны кезеңіне жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарының барысымен танысты.
Өңір басшысы Марат Ахметжанов өткен жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, тозығы жеткен үйлердің тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Бұл қуанышты оқиға бұландылықтар үшін нағыз мерекеге айналды. Сөйтіп, 60 отбасы қоныс тойын тойлады.
– Бүгін біз Бұланды ауданының тұрғындары үшін айтулы оқиғаның куәсі болдық. Көктем қарсаңында мұсылмандардың қасиетті Рамазан айында апатты деп танылған үйлерде тұрған Макинск қаласының тұрғындары жайлы баспанаға ие болды. Макинск қаласының тұрғын үй қорының көп бөлігі 45 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Онда бес мыңға жуық тұрғын тұрады. Реновация бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйлер – аудандағы апатты тұрғын үйлерді жою бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Біз қалалар мен аудандардың келбетін өзгертіп, тозығы жеткен ғимараттарды бұзып жатырмыз, – деп атап көрсетті Марат Ахметжанов.
Сапа мен жайлылықтың заманауи стандарттарына сай 120 пәтерлік екі көпқабатты үй салынды. Ғимараттар барлық қажетті инженерлік коммуникациялармен жабдықталған және балалары бар отбасылар үшін өте қолайлы. Көктемге қарай айналадағы аумақты, аулалар мен ойын алаңдарын абаттандыру жоспарланған.
Облыс әкімі атап өткеніндей, реновация бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдегендіктен, биылғы жылы кеңейтілетін болады. Бірінші кезекте бұл аудандағы пәтерлерді комиссия тексергеннен кейін тозығы жеткен, апатты деп танылған үйлерде тұратын адамдар алған.
Жаңа үйлерге қоныстанған тұрғындар шын жүректен қуанып, бір-бірін құттықтап, облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Милана Цычоева анасы және ағасымен бірге өткен жылдың сәуір айынан бері жаңа баспанасын күткен болатын.
– Көктемде үйімізді еріген қар суы басып, апатты деп танылды. Міне, енді үш бөлмелі жайлы пәтер алдық. Осындай қамқорлық пен қолдау үшін Үкіметімізге өте ризамыз және алғыс айтамыз, – дейді Милана Цычоева.
Көп балалы ана Жақсыған Шерияздан да екі бөлмелі жаңа пәтерге қоныстанды.
– Бұл біздің жаңа шаңырақ, біз отбасы бақытын осы жерден табамыз деп үміттенемін. Менің көкірегімді қуаныш кернейді, Мемлекет басшысының көрсеткен қамқорлығы үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді. Әлеуметтік қолдау мен мемлекеттің ауылдағылардың тұрғын үй мәселесін шешуге ұмтылысы әділеттілікке деген сенімді ұялатады, – дейді Жақсыған Шерияздан.
Тағы 60 пәтер Макинск қаласы кәсіпорындарының қызметкерлеріне бөлінеді. Реновация бағдарламасы басқа аудандарда да жалғасады. Жыл басынан бері Қосшы қаласы, Бурабай, Сандықтау, Зеренді аудандарының тұрғындары қоныс тойын тойлады. Жақын арада Аршалы ауданындағы 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Биыл облысымыз бойынша қалалар мен ауылдарда 1000-нан астам отбасы жаңа, абаттандырылған пәтерлердің иесі атанбақшы.
Өңір басшысы Марат Ахметжанов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында атап өткеніндей, бюджеттің қысқаруына қарамастан, реновация бағдарламасы аясында қажетті әлеуметтік, спорттық және мәдени нысандардың құрылысы одан әрі жалғасады. Сапалы үйлер мен ғимараттар салып, айналаны абаттандырып, көгалдандыратын, балалар алаңдары мен спорт алаңдарын жабдықтайтын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және салық төлейтін жергілікті құрылыс кәсіпорындары мен беделді мердігерлерге қолдау көрсетіледі.
Сол күні облыс әкімі жұмыс сапары аясында Макинск құс фабрикасының ұжымымен де кездесті. Ол жұмысшыларға өңірдің даму болашағы, жаңа нысандардың құрылысы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы туралы айтып берді. Сондай-ақ, Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасына енгізілген өзгерістерді де түсіндірді.
– Тәуелсіздік алған 34 жыл ішінде еліміз көптеген белестерден өтті. Конституциялық реформаны жүзеге асыра отырып, мемлекет заманауи шындықтарды ескеретін тұрақты даму моделін құруға ұмтылуда. Бұл бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуді көздейді. 2026 жылғы Конституция жобасы елдің даму жолының түбегейлі жаңаруын білдіреді. 1995 жылғы Конституцияның үздік ережелерінің сабақтастығын сақтай отырып, біз Қазақстанның жаңа жағдайда әділ дамуын қалай қамтамасыз ету керек деген негізгі сұраққа жауап береміз. Біз егемендікті нығайту кезеңінен халқымыздың ұзақ мерзімді құндылықтарына негізделген саналы, прогрессивті даму кезеңіне көшеміз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Облыс әкімі атап өткеніндей, құқықтық тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға, азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге баса назар аударылуда. Бұл әрбір адам үнінің естілуін, шешімдердің анық және әділ болуын қамтамасыз ету дегенді білдіреді.
– Отыз төрт жыл бұрын біз тәуелсіз мемлекет құрып, жоспарлы кеңестік экономикадан нарықтық экономикаға көштік. Қазір жаңа Конституцияның жобасы қоғамда кеңінен талқылануда, әр түрлі пікірлер бар. Заңгер және практик ретінде барлығыңызға Конституция жобасын толық оқып шығуды ұсынамын, сонда ғана дұрыс таңдау жасауға болады, – деді Марат Ахметжанов.
Құс фабрикасының қызметкерлері алдағы республикалық референдумды түсініп, қолдап отыр.
– Адамды іс-әрекетіне қарай бағалайды, ал, мемлекет өз халқына жасаған қарым-қатынасына қарай бағаланады. Негізгі заңда азаматтардың құқықтарын қорғау бірінші орынға қойылуы керек, сондықтан, мен азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған қадамдарды қолдаймын. Референдумда дауыс беру – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы, – дейді кәсіпорынның көлік және қойма логистикасы басқармасының басшысы Ерік Ықыласов.
Құс фабрикасының даму болашағына тоқталған облыс әкімі баспанаға мұқтаж кәсіпорын жұмысшыларынан бірнеше отбасы жақын арада Макинск қаласындағы жаңа, жылы үйге қоныстанатынын атап өтті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.
Бұланды ауданы.
![]()

