ПРЕМЬЕРА
Көкше төріндегі Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры сахнасында көптен күткен «Алтын қақпа» комедиясының премьерасы өтті. Театр шымылдығы бұл кеште шаттықпен түріліп, зал толы көрерменнің ыстық ықыласы мен шынайы қол шапалағы қойылымға берілген әділ бағаға айналды.
Комедия авторы Е.Уахитов. Қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр өнерінің тарланы Мұратбек Оспанов.
Сахна төрінен орын алған «Алтын қақпа» спектаклі әзілмен өрнектеліп, әнмен әрленіп, бимен көмкерілген ерекше туынды. Қойылымның биін талантты балетмейстер Ғазиза Әлімбаева қойған. Сахнадағы әр қимыл, әр ырғақ оқиға желісін айқындай түсіп, көркемдік тұтастыққа қызмет етеді. Режиссерлік шешімдегі шынайылық, ұлттық болмыс пен заманауи ырғақтың үйлесімі қойылымның мазмұнын тереңдете түскен.
Қойылым желісінде ғұмыр бойы көрші тұрған қазақ пен өзбек отбасының өзара қарым-қатынасы суреттеледі. Тату-тәтті тірлік кешкен екі шаңырақтың достығы құдандалыққа ұласып, берекелі байланысқа айналады. Алайда, аяқ астынан табылған алтын олардың арасына іріткі салады. Дүниеқоңыздық пен қызғаныш достыққа сызат түсіріп, татулықтың тамырына балта шабады.
Комедия желісі күлкіге құрылғанымен, астарында ащы шындық жатыр. Алтынға таласқан екі отбасы ақыр соңында байлықтың баянсыз, ал, адамдық пен достықтың мәңгілік екенін ұғынады. Қойылым соңында ынтымақ пен бірлік салтанат құрып, көрерменге тағылымы мол ой тастайды.
Шахаң театры алдағы 30 жылдық мерейтойы қарсаңындағы гастрольдік сапарын Елордадан бастады. Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында заңғар қаламгер Төлен Әбдіктің «Өтелмеген парыз» драмасы сәтті қойылып, көрермен қошеметіне бөленді.
Өзінің психологиялық тереңдігімен, адам жанының иірімдерін ашудағы шеберлігімен танылған суреткердің «Оң қол», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Әке», «Біз үшеу едік» сынды туындылары оқырманның жоғары бағасына ие. Елорда сахнасында ұсынылған Шахаң театрының төл қойылымын автордың өзі тамашалап, театр ұжымының еңбегіне ризашылығын білдіруі шын мәнісінде бұл шығармашылық сапардың айрықша белесі болды.
Төлен Әбдіктің «Ер Сейіт пен Қыз Бәтес» шығармасының желісі бойынша сахналанған «Өтелмеген парыз» спектаклінің премьерасы өткен жылы Көкше сахнасында қойылған еді. Қойылымның қоюшы режиссері Батырбек Шамбетов. Режиссерлік шешім мен актерлік құрамның үйлесімі драманың философиялық салмағын айқын аша түсіп, көрермен көңіліне жол тапты.
Гастроль аясында Қосшы қаласында кішкентай көрермендерге «Байқа, балақай» қойылымы ұсынылса, ересектер назарына «Алло, мама!» драмасы жол тартты. Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова мен театр және кино актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбайұлы сахнада биік кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
– Ақпанның ақ түтегіне қарамастан, Астана жұрты көкшелік қазақ театрына дән риза болды. Бұл сапар 30 жылдық мерейтой алдындағы мерейлі меженің жарқын бастауы. «Өтелмеген парыз» спектакліне қойылым авторының өзі келіп, театр ұжымының еңбегіне жоғары баға беруін ерекше тарихи сәт деп есептейміз, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Манарбек Қыдырбай.
Шахаң театры тек өнер ордасы ғана емес, руханияттың шамшырағы. Әзіл мен мұңды, қуаныш пен қайғыны қатар өріп, адам жанының тереңіне үңілетін сахна шеберлері көрермен жүрегіне жол табудан танған емес.
Премьералық қойылымдар мен мерейтой қарсаңындағы гастрольдік сапар театр ұжымы еңбегінің айқын жемісі екені даусыз. Бұл шығармашылық ізденістің, кәсіби кемелдіктің және көрерменге деген адалдықтың айғағы дер едік. Шахаң театры жасай берсін! 30 жылдықтың шырағы биіктен жанып, сахна шамы сөнбесін дейміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

