ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ
Адамзат өміріндегі ең асыл қазына, ұрпақтан-ұрпаққа басты бір аманат – бала. Ол мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, қауіпсіз ортада өсуі тиіс.
Балалық шақта адамның мінез-құлқы, болашаққа деген сенімі қалыптасады. Осы кезеңде сіңген құндылықтар адам ғұмырына бағыт-бағдар береді. Сондықтан, өскелең ұрпақтың амандығы мен бақыты тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Өкінішке қарай, кейде қоғамда балалардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдататын жағдайлар орын алып жатады. Мұндай оқиғалар бізге балалардың қаншалықты қорғаншылық пен қамқорлыққа мұқтаж екенін еске салады. Сондай оқиғалардың бірі Тараз қаласында болған жағдай. Жатақханалардың бірінде отбасымен бірге тұрған 36 жастағы әйел өз балаларын терезеден лақтырып жібергені туралы хабар бүкіл елді дүрліктірген еді. Әйтеуір, 2021 жылы туған қызы мен 2023 жылы туған ұлы тірі қалып, көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға көпшілікті алаңдатып, қоғамда үлкен талқылау тудырды.
Осы сынды жағдайлар бір отбасының ғана мәселесі еместігін түсіну өте маңызды. Бұл әлеуметтік түйткілдердің, психологиялық күйзелістің, дер кезінде көрсетілмеген көмектің салдары да болуы мүмкін. Адам тығырыққа тірелген сәтте қолдауға мұқтаж. Егер осындай сәтте көмек дер кезінде көрсетіліп, әлеуметтік осал топтағы отбасылар қоғам мен билік тарапынан қолдау тапса, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар ма еді.
Балалар – қоғамның ең қорғансыз әрі ең қымбат мүшелері. Олар үлкендердің шешімдері мен әрекеттерінің салдарынан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шекпеуі тиіс. Сондықтан, біз балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, ата-аналарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету мәдениетін дамытуымыз қажет.
Бақытты бала дені сау, сенімді және болашағына үмітпен қарайтын азамат болып өседі. Ал мұндай ұрпақ – елдің тірегі. Әр баланың қауіпсіздігі мен бақытына жауапкершілікпен қарау арқылы ғана біз мейірімді әрі тұрақты қоғам құра аламыз.
Әр бала бақытты болуға лайықты! Бұл жай ғана сөз емес, әрқайсымыз ұстануға тиіс өмірлік қағида. Бала өмірі мен денсаулығын тығырыққа тірейтін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!
Аяулым ЫСҚАҚОВА,
Көкшетау қаласындағы 19 жалпы орта білім беру мектебінің
11 «А» сынып оқушысы.
сурет ichef.bbci.co.uk сайтынан
![]()

