ЛУДОМАНИЯ
Бүгінгі таңда лудомания қоғам дертіне айналып тұр. Ол адам өмірінде әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан аса қауіпті, отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкеліп соғатын патологиялық ойын құмарлығы. Бұл ойын құмар адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратып қана қоймайды.
Сондай-ақ, рухани тұрғыда да әбден азғындыққа апарады. Яғни, лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Осыған орай, арнайы медициналық терминнің енгізілуі де тегіннен-тегін емес. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамуымен «лудомания» деген терминнің кеңінен қолданыла бастағаны шындық.
Қазіргі таңда аурулардың халықаралық жіктемесі бойынша лудомания да аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттарына сенсек, еліміз бойынша ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны артқан. Қазір Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы бірнеше миллион теңгеден асады екен.
Осынау бір қоғам дертіне айналып отырған ойынқұмарлықтың алдын алу бойынша Ақмола облысында да арнайы жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен және облыс әкімдігімен бірлесіп, ойынға тәуелділіктің салдарын түсіндіруге және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесін нығайтуға бағытталған ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері, әдеп жөніндегі уәкілдер және ғылыми сала өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында спикерлер ойынға тәуелділік жеке психологиялық мәселе шеңберінен шығып, қоғам алдында мемлекеттік қызметтің имиджіне орны толмас нұқсан келтіретінін атап өтті. Лудомания мемлекеттік қызметтің әдеп негіздерін әлсіретіп, мемлекеттік аппараттың беделіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің қауіпті катализаторы болып табылатыны айтылды. Спикерлер Қазақстандағы ойын бизнесі саласындағы заңнамалық өзгерістер мен бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Департамент өкілдері мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін әрекеттер жасау қатаң тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салды.
Агенттік пен облыс әкімдігінің бірлескен жұмысы мемлекеттік ұжымдарда тәуелділіктің кез келген түріне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыруға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге уақытылы консультациялық көмек көрсетуге бағытталып келеді. Іс-шара соңында барлық деңгейдегі қызметшілерді осындай түсіндіру жұмыстарына тартудың маңыздылығы атап өтілді. Қатысушыларға ойынға тәуелділіктің салдары туралы талдамалық мәліметтер ұсынылып, тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Талқылау қорытындысы бойынша Ақмола облысында лудоманияның алдын алу жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
сурет gov.kz сайтынан.
![]()

