Салған өрнектері өмірінің айшықты жолындай

ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ – АЛТЫН

Қазақ халқы қашанда мәдениетімен ерекшеленген. Өнерді биік қойған халықпыз. Әр өнердің өзіндік бір өзгеше сыры болады. «Шебердің қолы алтын» деген қазақтың керемет нақыл сөзіне тоқталсақ, қолөнердің алатын орны орасан. Сондықтан да ата-бабамыздан сақталған мұраны жалғастырып келе жатқан қолөнер шеберлеріміздің бары баршамызды шексіз қуанышқа бөлейді. Солардың бірі зеренділік, ісмер жан – Алма Ерденова.  

Ол бұрынғы Көкшетау облысы Зеренді ауданының Крупская ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты туған ауылындағы мектепте оқып, 5-сыныптан 10-сыныпқа дейін Көкшетау қалалық №3 қазақ орта мектебін тәмамдаған. 1976 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін бухгалтерлік мектепте операторлық курстан өтеді. Еңбек жолын Уәлиханов аудандық электрондық есептеу машинасында бас оператор болып бастайды. Сол салада тапжылмай 15 жыл еңбек етеді. Алайда, Кеңес үкіметінің ыдырауына орай, қызметкерлер біртіндеп таратылады. Содан Зерендіге көшіп келіп, мектепке қойма меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Сол жерде 2013 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін абыройлы еңбек етеді.

Көп балалы отбасынан шыққан Алма Құрманғожақызы сегіз баланың  ең үлкені болған. Еңбек ете жүріп, үнемі бауырларына қамқор болған ол 1978 жылы Қарлыкөлдің тумасы Маралбай деген азаматқа тұрмысқа шығып, екеуі үш бала тәрбиелеп өсіреді. Балаларының үшеуі де жоғары білімді мамандар. Бүгінде олар ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған өнегелі отбасы.

Жастайынан әшекей бұйымдарға, әдемі кестеленген ою-өрнектерге қанығып өскен Алма Құрманғожақызының қолөнерге деген икемі әжесі Жаңыл мен анасы Гүлзададан дарыған. Сол ісмерлігі өзіне әлі күнге серік болып келеді. Ісмер болу тек шебер ғана емес, ұлттық өнер мен дәстүрді сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуші адам. Сол себептен де болар, бүгінде ол өзі тұратын аудандағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып жалғастыруда.

Алма Құрманғожақызы зейнеткерлікке шықтым деп қарап отырмайды.  Қолөнердің қыр-сырына етене бойлап, матадан ғана емес, қамыстан тоқылған бұйымдарды да жасап, тұтынушыларға ұсынуда.

– Мен өзім әдемілікті ұнатамын. 2022 жылдан бері жолдасым екеуміз аудандағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барамыз. Алдымен, мәдениет үйінде зейнеткерлерден құрылған ансамбльде ән айтып, ақ кимешек киіп, түрлі отбасылық шараларға қатысып тұрдық. Бірнеше мақтау қағаздарын алып, сый-сияпаттан да құралақан қалған жоқпыз, – деген кейіпкеріміз, аудандық мәдениет үйінде өткен көрмеде барлық қатысушылармен бірге өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын сатылымға қояды. Онда жоғарыда айтып өткеніміздей, қамыстан тоқылған бас киім, нан салатын ыдыс, шәйнек пен табақтың астына қоятын бұйымдар, қолғап, шұлықтары бар.

– Бір қызығы көрмеде аукционға қойған бұйымдарымыздың арасынан қолдан жасаған тұмарымыз 5 мың теңгеден басталып, 30 мыңға дейін көтеріліп, сатылып кетті. Сонымен, басқа да сатылымнан түскен қаражатты біріктіріп, Қонысбай ауылында сырқаттанып қалған баланың еміне көмек ретінде атасына табыс еттік. Бұл бір әсерлі де өте үлкен қайырымдылық іс болды, – дейді Алма Құрманғожақызы марқая сөйлеп.

Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің Зерендінің 90 жылдығына арнап жасаған тарелке бұйымдары, оған қоса, құрақ құрауы тағы бар. Енді, міне, 8 наурызға дайындық үстінде. Өткен жылғы қаңтар айынан бастап, Зеренді ауылында аға буынның белсенді өмір салтын қолдауға бағытталған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы өз жұмысын бастаған болатын. Онда зейнет жасындағы азаматтар үшін түрлі үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылып, бос уақытты тиімді әрі мазмұнды өткізуге барлық жағдай жасалған.

– Біздей зейнеткерлер үшін орталықтың маңызы өте зор. Осынау көңілімізден шыққан орталыққа өңір басшысы Марат Ахметжанов арнайы келіп, кездесу өткізіп, жаңа теледидар табыстады. Бұл сыйлық қарияларымыздың бос уақытын одан әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді. Қазір мемлекетіміз дамып жатыр. Халықаралық деңгейде «Күміс ғасыр» деген бағдарлама бар. Сіздер де өмірдің қызығын көрсін деп бюджеттен біз осындай орталық аштық. Көңілдеріңізді көтеріп, сырласып, белсенді өмір сүріңіздер, – деп үлкенді сыйлаған облыс басшысының қамқорлығына және аудан әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз. Мұнда түрлі мәдени-танымдық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай іс-шараларға кедергісіз қатысу үшін орталыққа арнайы шағын автобус та бөлінген, сонымен апарып-алып келеді. Біз өзімізді сергек сезінеміз, – деген кейіпкеріміздің балалары ер жетіп, енді өздері үшін өмір сүруге деген құлшыныстары көңіл қуантады.

Бүгінде қос қабатты ғимаратта орналасқан орталыққа күн сайын 30-ға жуық аға буын өкілдері келеді. Орталықтың бірінші қабатында йогамен айналысуға арналған кең зал мен зейнеткерлерге арнаған жайлы ас үйі бар. Ал, қалған секциялар екінші қабатта орналасқан. Келушілер арасында ерекше сұранысқа ие массаж бөлмесі, психология, еңбек терапиясы, музыка және бассейн бар. Бұған қоса, орталыққа келушілер қолөнер бағыты бойынша шығармашылық жұмыстармен айналысып, шеберліктерін шыңдауда.

Бұл, әрине, Алма Құрманғожақызының ең сүйікті ісінің бірі. Кейіпкеріміздің еселі еңбегінің нәтижесі оған тек жетістіктер әкелді. Көрмеге, байқауларға қатысып, бірнеше мәрте Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Адам белгілі бір істі бастағанда оны тек өзі үшін ғана емес, халық үшін де жасайды. Көрген адамдар оның бастаған ісіне қарап, жоғары бағаласа, нұр үстіне нұр болып, қызығушылығы арта түсері сөзсіз. Сол сияқты Алма Құрманғожақызының жасаған қолөнер туындыларын көрген жора-жолдастары мен таныстары оның сабырлы да қарапайымдылығына, еңбегіне қызыға қарап, тамашалайды. Тіпті, оларға өз қолынан әшекей бұйымдар да жасап береді екен. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол өз еңбегінің бағаланғанын көріп, шабыттана түседі. Сол себептен болар, ою-өрнектері, жасаған бұйымдары сәтті шығып жататыны.

Кішкентай кезінде әжесі мен анасының жасаған ою-өрнектеріне, тоқыған тоқымаларына сүйсіне қараған ол күні бүгінге дейін ине-жіпті жанына серік етіп келеді. Бүгінде адал жар, аяулы ана, асыл әже болып отырған кейіпкеріміздің өрнекті туындылары көздің жауын алады. Ал, немерелері биатлон, тоғызқұмалақ, би үйірмелеріне қатысып, ата-әжесін қуантып келіп жатады.

Біз де көктемнің алғашқы мерекесінде ісмер жанның аналық жан жылуымен айналасын шуаққа бөлей берсін демекпіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде Алма Құрманғожақызы Ерденова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар