Қыздарға әсемдік жарасады, ақылмен көркі әрі асады

СЫРЛАСУ КЕШІ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «Қыздарға әсемдік жарасады» атты сырласу кеші ұйымдастырылды.

​Бұл шара жай ғана мерекелік жиын емес, заманауи қазақ қызының бейнесін айқындауға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған мағыналы кездесу болды.

​Тәрбие – тал бесіктен, әсемдік – ішкі мәдениеттен демекші, ​кеш барысында қоғамның әр саласында жүрген белсенді аналар мен білікті мамандар ару қыздарымызға бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Айталық, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары ​Махаббат Қасымова ​«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында әңгіме өрбітті. Сөйтіп, ол өз сөзінде:

–Бүгінгі бойжеткен ертеңгі ана. Сондықтан, қыз баланың білімді де парасатты болып өсуі қоғам үшін де, ұлтымыз үшін де маңызды, – деп, білім алудың маңыздылығына аса мән берді.

Көкшетау қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, мемлекеттік қызмет саласында тәжірибесі мол ​Сая Бекқажанова мансап пен отбасының тепе-теңдігін сақтау, осы реттегі жауапкершілікті сезіну туралы құнды кеңестерін ортаға салды.

​ «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының басшысы Айгүл Нұрмағамбетова нағыз әсемдік тек сыртқы келбетте емес, адамның ішкі мәдениеті мен өзін-өзі дамытуында екенін атап өтті.

​Кеш тек өзара әңгімелесіп, сырласумен шектелмей, психологиялық дағды-машықтар дәрісіне де ұласты. Психолог Нұрланар Қаһарманова қыздарға арналған арнайы тренинг өткізіп, эмоционалдық көңіл-күй ауаны мен өзін-өзі танудың сырларын ашты.

​Оқырмандар қауымы Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген не?» өлеңіне негізделген әсерлі көріністі тамашалап, рухани дем алды. Сонымен қатар, көпшіліктің назарына кітапхана ұжымы дайындаған «Әйел-ана – әлемнің нұры» атты кітап көрмесі ұсынылды. ​Кездесу соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарын ортаға салды.

Мұндай сырласу кештері өскелең ұрпақтың бойында ізеттілік пен іскерлікті, нәзіктік пен парасаттылықты ұштастыруға зор септігін тигізері анық. Осы ретте, қыздарға әсемдік қана емес, білім мен ақыл-парасат та керектігін ұғындырған кеш өз мақсатына жетті десе болады.

Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасының  меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар