АРДАГЕРЛЕР – АРДАҒЫМЫЗ!
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Аршалы ауданына жұмыс сапары барысында белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ашылу салтанатына қатысып, 35 отбасыға пәтер кілттерін табыс етті.
– Біз аға буын өкілдерінің өмір сапасына ерекше көңіл бөлеміз. Мұндай орталықтар денсаулықты нығайтып қана қоймай, адамдардың белсенді, қоғамға қажет әрі қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті өңір басшысы.
Орталықтың негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтарды әлеуметтендіру, оларды мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, сондай-ақ, олардың физикалық және менталдық денсаулығын нығайту. Осы бағытта орталықта түрлі қызметтер қарастырылған: сауықтыру гимнастикасы, йога, пилатес және тренажер залы сияқты дене шынықтыру сабақтары, шығармашылық және білім беру үйірмелері, музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету, цифрлық сауаттылықты арттыру, зияткерлік және үстел ойындары, сондай-ақ, қызығушылық клубтары жұмыс істейді.
Сонымен қатар, келушілер заңгерлік және медициналық кеңестер ала алады, тақырыптық іс-шаралар мен командалық ойындарға қатысады. Алдағы уақытта бейінді мамандарды тарту арқылы домбыра үйрену және хореография бағыттары да енгізіледі.
Айта кетейік, Аршалыдағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы өңірдегі тоғызыншы орталық болып табылады. Бұған дейін мұндай орталықтар Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларында, сондай-ақ, Зеренді, Целиноград, Жарқайың, Ерейментау, Атбасар және Ақкөл аудандарында ашылған.
Аршалы ауданында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға арналған жаңа тұрғын үйден пәтер кілттерін табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Барлығы 35 отбасы баспаналы болды. Маңызды оқиғамен аршалылықтарды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.
Өңір басшысы қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі және маңызды әлеуметтік міндет екенін атап өтті.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс еліміздің солтүстік және орталық өңірлері арасында тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша көшбасшылардың бірі атанды. Өңірде 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңнан астам ақмолалық отбасы әлеуметтік баспанаға қол жеткізді, – деді өңір басшысы.
Жаңа 100 пәтерлі тұрғын үй реновация бағдарламасы аясында ескі екі қабатты ғимараттың орнына салынды. Тұрғын үй қоры толықтай қоныстануға дайын және заманауи жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына сай.
Пәтер иелері көрсетілген қолдау үшін шынайы алғыстарын білдіріп, бұл оқиға олардың көпшілігі үшін көптен күткен қуаныш әрі өмірлеріндегі жаңа кезеңнің бастамасы екенін атап өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде реновация бағдарламасы аясында жалпы саны 1300-ден астам пәтерді қамтитын 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
![]()

