Ақмола өңірі өзінің, тұнық көлдері мен асқар таулары арқылы отандық және шетелдік туристер үшін ең тартымды демалыс орындарының біріне айналып отыр.
Жыл санап артып келе жатқан саяхатшылар ағыны аймақтың туристік әлеуетінің жоғары екенін дәлелдей түсуде. Алдағы жазғы маусымда демалушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мәселелері облыс басшылығының жіті қадағалауында тұр. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында курорттық аймақтарды дайындаудың маңызды бағыттары талқыланып, нақты міндеттер айқындалды.
Жалпы өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысына келуші ішкі туристердің саны 1,5 миллион адамнан асып түскен. Ал, биылғы маусымда бұл көрсеткіш рекордтық межеге жетіп, 1,8 миллион адамды құрайды деп болжануда. Осындай үлкен ағынды сапалы қабылдау үшін инфрақұрылымды жаңғырту мен сервисті жақсарту – кезек күттірмейтін шаруа.
Кеңес барысында ең алдымен, санитарлық жағдай мен жағажай аймақтарын реттеуге басымдық берілді. Су айдындарындағы жаппай демалыс орындарын 1 мамырға дейін бекітілген талаптарға сай ретке келтіру тапсырылды. Туристер көп шоғырланатын нысандарда тазалықты сақтау үшін қоқыс шығару жиілігін тәулігіне 6–7 ретке дейін арттыру, контейнерлер мен жәшіктер санын көбейту және абаттандыру қызметкерлерінің қатарын нығайту жоспарланып отыр. Бұл шаралар табиғаттың сұлулығын сақтап қалумен қатар, демалушылардың мәдениетті демалысына жол ашады.
Курорттық аймақтардың, соның ішінде Бурабайдың ажарын аша түсетін тағы бір маңызды мәселе – санитарлық-гигиеналық тораптардың үздіксіз жұмысы. Жазғы кезеңде бұл нысандардың тәулік бойы ашық болуы және тиісті деңгейде күтіліп-ұсталуы қатаң бақылауға алынбақ. Сонымен қатар, Бурабай курорттық аймағындағы көлік кептелісін азайту мақсатында бақылау-өткізу бекеттерінің жұмысын оңтайландыру, көлік ағындарын тиімді бөлу және қозғалысты ұйымдастыруды жетілдіру бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл келушілердің уақытын үнемдеп, жол бойындағы кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы турист үшін мобильді байланыс пен жол бойындағы сервистің сапасы – басты талаптардың бірі. Осыған байланысты курорттық аймақтарда тұрақты интернет пен байланысты қамтамасыз ету, қызмет көрсету деңгейін халықаралық стандарттарға жақындату да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болды. Барлық жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, дайындық жұмыстары ерекше бақылауға алынды. Мұндағы негізгі мақсат – Ақмола облысының табиғи байлығын заманауи сервиспен ұштастыра отырып, әрбір қонақ үшін қолайлы да қауіпсіз, ұмытылмас демалыс ортасын қалыптастыру.
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру жолындағы бұл үйлесімді жұмыстар Ақмола, Көкше өңірлерін еліміздің ең басты демалыс хабына айналдыруды көздейді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

