Дала төсі дүбірге бөленетін күн жақын

КӨКТЕМГІ ЕГІС – 2026

Осы жауапті кезеңге облыс агроөнеркәсіп кешенінің дайындық деңгейі қандай?..

Нұр шуағымен қуанта бастаған көгілдір көктем ауыл шаруашылығы саласы үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Осы уақытта атқарылған әрбір жұмыс күзгі мол өнімнің негізін қалайды. Осы ретте, биыл да Ақмола облысының диқандары алдағы көктемгі егіс науқанына тыңғылықты дайындықпен келіп отыр.

Алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, 2026 жылы облыстағы жалпы егіс алқабы 5,6 миллион гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75,9 мың гектарға артық. Ал, жаздық бидайдың егіс көлемі 5,4 миллион гектарға жоспарланып отыр.

Егіс құрылымына тоқталсақ, биылғы жылы да ауыл шаруашылығы саласында әртараптандыру саясаты жалғасын табуда. Бұл бағыт уақыт талабы болып отыр. Себебі, нарықта сұранысқа ие, табысы жоғары дақылдарды көбейту  шаруалардың әл-ауқатын арттырудың тиімді жолы. Осыған орай, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі аздап қысқарғанымен, майлы дақылдардың егіс алқабы едәуір ұлғайып отыр. Нақтырақ айтсақ, майлы дақылдар көлемі 578,7 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 83 мың гектардан астамға артты.

Жекелеген аудандарда бұл бағытта оң серпін байқалады. Мәселен, Бұланды, Шортанды, Біржан сал, Астрахан, Жақсы және Сандықтау аудандарында майлы дақылдар көлемі айтарлықтай ұлғайтылмақ. Дегенмен, кейбір аудандарда керісінше көрсеткіштер төмендеген.  Сондықтан, алдағы уақытта бұл жұмысты жетілдіріп, облыс бойынша майлы дақылдар алқабын 600 мың гектарға дейін жеткізу міндеті тұр.

Облысымызда мал шаруашылығын дамыту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Соңғы жылдары мал басы көбейіп келеді. Бұл өз кезегінде жемшөп базасын нығайтуды талап етеді. Биыл мал азықтық дақылдардың жалпы көлемі 377,9 мың гектарды құрайды. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп отыр. Мысалы, Астрахан және Есіл аудандарында жемшөп алқаптары бірнеше есеге дейін ұлғайған.

Алайда, бірқатар аудандарда керісінше көрсеткіштердің төмендеуі байқалады. Ерейментау, Целиноград және Жарқайың аудандарында жемшөп дақылдарының көлемі қысқарған. Бұл  үлкен мәселе. Себебі жемшөп тапшылығы мал шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыған байланысты биыл нақты міндет қойылып, мал азықтық дақылдардың жаздық егіс көлемін 260 мың гектарға дейін жеткізу қажеттігі туындауда. Бұл қазіргі жоспардан 100 мың гектарға артық.

Картоп пен көкөніс мәселесі де ерекше назарда. Картоп халықтың ең көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бірі. Соған қарамастан, кейбір аудандарда оның егіс көлемі қысқарып барады. Бұл жағдай, әсіресе, Ерейментау, Ақкөл, Жақсы және Зеренді аудандарында байқалады. Сондықтан, біз картоп өндірісін тауарлы шаруашылықтар арқылы ұлғайтуымыз қажет. Бұл ішкі нарықты тұрақтандыруға және бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Биылғы жылғы тағы бір маңызды бағыт – жүгері дақылын өсіру. Облыс бойынша жүгері егу 15 мың гектарға жоспарланған. Алайда, қазіргі таңда бұл көрсеткіш небары 1,4 мың гектарды ғана құрап отыр. Бұл өте төмен деңгей. Сондықтан, барлық аудандарға егіс құрылымын қайта қарап, белгіленген жоспар межесіне жету тапсырылды. Жүгері жоғары өнімді дақыл ғана емес, сонымен қатар, мал азығы ретінде де өте құнды.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану  басты міндеттердің бірі екені сөзсіз. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыс бойынша 74,4 мың гектар егістік жердің пайдаланылмай отырғаны анықталды. Кейбір аудандарда бұл көрсеткіш өте жоғары. Мысалы, Ерейментау ауданында 77 мың гектардан астам жер игерілмей жатыр. Бұл  үлкен олқылық. Сондықтан, әрбір аудан жерді тиімді пайдалану мәселесін қатаң бақылауға алуы тиіс.

Жылда мол өнім алу үшін сапалы тұқымның маңызы зор. Бүгінде облыс бойынша тұқым қоры толық қалыптастырылды. Жалпы, 539,8 мың тонна тұқым дайындалған. Оның басым бөлігі тексеруден өтіп, сапасы талапқа сай екені анықталды. Дегенмен, кейбір аудандарда тұқымды зертханалық тексеруге тапсыру деңгейі төмен. Демек, бұл бағыттағы жұмыстарды да күшейту қажет.

Облыста 39 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сапалы тұқыммен толық қамтамасыз ете алады. Сондықтан, шаруаларға жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалану ұсынылады.

Минералды тыңайтқыштарды қолдану да ерекше маңызға ие. Биыл облыс бойынша егіс алқаптарына 433,5 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Қазіргі таңда осы бағытта отандық өндірушілермен келісім-шарттар жасалып, қажетті жұмыстар жүргізілуде. Шаруалар тыңайтқыштарды уақытылы алып, тиімді пайдалануы тиіс.

Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін шаруашылықтар мен фермерлерді жанар-жағар маймен қамтамасыз ету де толық шешімін табуда. Биыл көктемгі егіс науқанына 76,7 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бағасы да шаруалар үшін қолжетімді деңгейде белгіленген. Дегенмен, осыған келісім-шарттарды уақытылы рәсімдеу  мәселесі өте маңызды.

Көктемгі дала жұмыстарына техниканың дайындық деңгейі де жоғары. Биыл егіс жұмыстарына 12,5 мың трактор, 16,6 мың сеялка және 1,5 мың жоғары өнімді егіс кешені қатыстырылады. Жалпы, дайындық деңгейі 95 пайызды құрайды. Сонымен қатар, соңғы жылдары техниканы жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тек өткен жылдың өзінде жүздеген жаңа техника сатып алынды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне

мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да айтарлықтай. Биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 85,5 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы жүздеген шаруашылық қаржылай қолдау алды. Бұл шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, егіс науқанын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

Сол сияқты, қыс мезгілінде және көктем басында ылғал жабу, қар тоқтату және жер өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар топырақтағы ылғалды сақтап, өнімділікті арттыруға септігін тигізеді.

Егіс алқаптарын зиянкестерден қорғау да маңызды бағыттардың бірі. Биыл шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары 130 мың гектардан астам аумақта жүргізіледі.

Алайда, көктемгі егіс қарсаңында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Кейбір шаруашылықтар қаржылық міндеттемелерін толық орындамаған. Бұл жағдай алдағы жұмыстарға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселе біздің тарапымыздан тұрақты бақылауда болады.

Сонымен, алдымызда үлкен міндеттер тұр. Егіс науқанын уақытылы және сапалы өткізу  баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осынау сындарлы кезеңде әрбір аудан, әрбір шаруашылық өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындауы тиіс. Барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, агротехникалық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істесек, биыл да былтырғыдай мол өнім алатынымызға сенімдімін. Ал, бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді.

Егін қашанда елдің ырысы. Ендеше, осы жауапты науқанды ұйымшылдықпен, жоғары деңгейде өткізгеніміз абзал.

 Нұрбек БАДЫРАҚОВ,
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер
қатынастары басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар