Ақкөлде тазалық акциясы саябақтан басталды

Жуырда аудан орталығы Ақкөл қаласында «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Ақкөл – таза өлке» акциясы өтті. Сенбілікке қатысушыларды осы игілікті шараға аудан әкімі Біржан Әбдірахманов бастап шықты.

Қатарларында мәслихат депутаттары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, студенттер мен еріктілер және қарапайым тұрғындар бар ауқымды іс-шараға жалпы саны 200-ден астам адам қатысты.

Сенбілік шарасы ақкөлдіктердің сүйікті демалыс орындарының бірі саналатын қалалық стадион аумағындағы орман паркінде ұйымдастырылды. Әр жаста және әр саланың өкілдері болғанына қарамастан, қатысушылардың барлығы бұл күні туған қаласының тазалығы жолында бір кісідей жұмыла еңбек етті.

Бірнеше сағатқа созылған тынымсыз іс-қимылдың нәтижесінде шамамен екі гектар жер қоқыстан тазартылып, 80 қаптан астам тұрмыстық қалдық жиналды. Сол-ақ екен, парк аумағы жақсы жағына өзгеріп, тұрғындар демалысы үшін тартымды кейіпке енді.

– Біз үшін мұндай акциялардың маңызы қашанда зор. Өйткені, бұл тек қоршаған ортаны тазарту жұмысы ғана емес, сонымен бірге, оған жауапкершілікпен ұқыпты қарау мәдениетін де қалыптастыру шарасы. Ауданымызда осындай экологиялық акцияларға, әсіресе, жастарымыздың белсене қатысып жүргендері қуантады. Себебі, келешекте өңірімізді әрі қарай дамытып, көркейту осы жастардың еншісінде. Қандай да бір ортақ істен біріккенде, соны қолдағанда ғана нәтиже болады. Сондықтан, бүгін осы сенбілікке шығып, туған өлкеміздің тазалығына үлес қосқан ақкөлдіктердің бәріне шынайы алғысымды білдіремін. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да игі дәстүрге айналып, өз ауқымын кеңейте түсетініне сенімім мол, – дейді аудан әкімі.

Расында, қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстарға алдағы уақытта да белсене ат салыса беретіндерін айтады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы қолға алынғалы, қоршаған ортаға осындай қамқорлық танытуды, елді мекендерді таза ұстауды тұрақты дәстүрге айналдыру бұл ауданда да атқарушы және өкілетті биліктің басты бір мақсаты болып келеді. Әркімнің туған өлкесіне жанашырлықпен қарау сезімі артып келе жатқандықтан, бұған тұрғындардың өздерінде де құлшыныс бар. Айталық, қала тұрғыны Әнел Жұмажанова:

– Мұндай акциялар бізді туған өңіріміз үшін ортақ мұраттарға бастайды. Қаншама адамның бір мақсатқа жұмылғанын көргенде, өзің де бұған бейжай қарай алмайсың. Тұрып жатқан қалаң үшін титтей болса да бір жақсылық жасағың келеді. Сонда да бір айтарым, тазалық деген мәселе ең алдымен біздің өзімізден, осы қалада тұратын әрқайсымыздан басталуы керек. Егер біз бұл мәселеге жауапкершілікпен қарасақ, қоршаған ортаның қадірін біліп, оны бей-берекет ластамасақ, тұрған елді мекеніміз, көшеміз, орман-тоғайымыз, бәрі де бүгінгіден таза болмақ, – дейді ол.

Сонымен, бұл жолғы «Ақкөл – таза өлке» акциясы өз көздеген мақсатына жетті деп айтуымызға болады. Алда осы бағытта жаңа шаралар тұр. Демек, ауданда тазалық мәселесі одан әрі де күн тәртібінен түспей, жалғасын таба бермекші.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар