Өнердегі бір биік
Иә, бәрі есімізде. Ана бір жылдары Көкшеден дәстүрлі әннің туын көтеріп, сабақтастықтың жібін жалғап, Арқаның әсем әндерін аңыратып, Қажыбай Жахин бауырымыз шыға келді. Жай шыққан жоқ, ән десе ішкен асын ұмытатын өнерсүйгіш қауымның делебесін, арқасын қоздырып, сүйсінтіп, тәнті етіп шықты!
Үш жасынан домбырада ән шырқаған Қажыбай аруақ қонған Бабажан Ишанның басына өнер қонған талантты ұрпағы еді! Ән салса арқаланып кететін Қажыбай шын мәнінде Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай қалыптастырған ән дәстүрінің жарқын өкілі, солардың бертінгі заманға жеткен сарқыты іспеттес болды!
Қажыбай Алматыға барып оқуға түскенде, тапқан ұстаздары қазақтың арқалы да аруақты әншілері Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов еді. Қажыбай оқуға түскенде, қабылдау комиссиясының алдында Біржан салдың атақты «Айбозым» әнін аңыратқан екен. Қабылдау комиссиясындағы тыңдаушыларға қатты әсер етсе керек, оқуға бірауыздан қабылданыпты. Бас ұстазы Қайрат ағасы болып, Қажыбаймен бірге қабылданған шәкірттердің барлығы бірауыздан оны «Көкшетаудың Айбозы» атап кетіпті. Ұстазы Қайрат Байбосыновтың өзі кейде Қажыбайдың атын ұмытып, «Айбоз» дейді екен. Міне, жас талантқа деген сол кездегі елінің, ұстаздарының құрметі, бағасы! Оқуға қабылданғанда қабылдау комиссиясының құрамында отырған қазақтың дәулескер, ұлы әншісі Жәнібек Кәрменов аса қатты толқып: «Апырай, Көкшетаудағы баяғы сал-серілердің ізі екенсің ғой, айналайын, пәлі ат аунаған жерде түк қалмаушы ма еді», –деп Қажыбайды тебіренген күйде құшағына алған екен. Ән мен жырдың ұйытқы ордасы болған Көкшетаудың сал-серілік дәстүрін жоқтаған, сағынған Алаш жұртының, Алаш баласының ұлы сағынышы, құрмет-тағзымы ыстық ықылас-пейілі жатыр еді бұл сөздерде!
Қажыбай да бұл ұстаз ағаларын ұлық тұтып, жарқын пейілмен, тамсанып, айтып отыратын. Қажыбай – осы ғұмырында өнерді киелі құбылыс ретінде танып, культ деңгейіне дейін көтеріп, өнер иелеріне деген ерекше тағзымынан айнымай өткен әнші! Қажыбайдың әкесіне де, шешесіне де өнер қонған өнерпаз жан болғандықтан, өнерді кие тұтып, ардақ тұтуы заңдылық та еді! Қасиетті өнер де кие дарыған, бақ қонған, тәңір алқалаған ортадан шықпаушы ма еді?! Қажыбай да осындай өнер қонған ортадан, ақсұңқар құстай түлеп шықты. Жас қырандай шаңқылдап, бес-алты жасынан ауыл арасында әнші бала, домбырашы бала атанды. Жиын-тойдың гүлі болды. Туған өңіріне өнерпаздық атағы ерте жайылды. Көкшенің баяғы ақиық, дарабоз саңлақтары қалдырып кеткен сал-серілік дәстүрдің тамырына өзінше қан жүгіртті Қажыбай. Қариялар күрсініп, өткенді еске алғандай болды. Жастар жағы ертедегі өнерпаз бабаларымыз әнді осылай салған-ау деп тамсанды! Теріскейдегі ән өнері қайта түлеп, жаңғырып, жасарып, аспандап кеткендей күй кешкізді өзінің арқалы әншілік болмысымен Қажыбай бауырымыз. Көкшедегі ән өнері шын мәнінде регенерация күйін бастан кешірді! Бүгінгі Көкшедегі Арқаның әсем әуендерін әуелете шырқап жүрген Саян, Сәрсенбай сияқты әншілер соның нәтижесі. Дәстүр қайта жанданып, сабақтасқандай болды. Қажыбай өзінің ән өнерімен Көкшедегі әншілік дәстүрдің сарқылмағанын паш етіп кеткендей болды! Өнерсүйер қауымға ой салып кеткендей болды. Қазіргі дәстүрлі әннің көрігін қыздырып жүрген талантты жас әншілер арамыздан кеше ғана кеткен өнерпаз ағасының әншілік болмысындағы осындай ой-аңсарларды, биік мұратты түсіне білсе игі болар еді. Біздің бәріміз Көкшедегі киелі ән өнерін қайта жандандырып, түлетіп кеткен Қажыбай бауырымыздың ән өнерінің алдында қарыздармыз! Оның өнердегі биік миссиясын айқын түсіне білсек, тіпті, жарады.
Қажыбайды біз тек жалаң әнші емес, Көкшедегі киелі ән өнерін, дәстүрлі сал-серілік өнерді қайта жандандырып, түлеткен, асыл талант, өнерпаз тұлға деп бағаладық қой. Оның айқын куәсі, оның жарқ еткен найзағайдай ән ғұмыры, серілік ғұмыры! Қажыбай ілгерідегі дәстүрді бүгінгі күнмен астастырып, қабыстырған шын мәніндегі сері бола білді. Серілік болмыс оның бүкіл іс-әрекетімен үндесіп жататын. Көкшетауды әнмен қырған Қажыбай атақты әнші, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Қайрат Байбосыновтың сүйікті де талантты шәкірттерінің бірі болды. Қайрат ағасы Көкшетау дегенде қашан да Қажыбайды ауызға алып, мақтанып отыратын. Қажыбай да ұстазы дегенде үнемі тебіреніп, ізетпен сөйлейтін. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық, достық дегенде осы Қайрат пен Қажыбайдың рухани тандемі еске түседі.
Қажыбай ән айтқанда арқаланып кетеді, образға кіреді. Дәстүр мен діл, толық сақталған Сарыарқаның ежелгі сайран күндеріне еңгендей боласыз. Сол кеңістікке басы бүтін кіріп, тұтасқандай боламыз. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай дәурендері қайта тіріліп, есімізге оралтқандай, көз алдымыздан көлбеңдей көшеді. Әншінің әсем үні өз алдына, домбыра қағысының өзі ғаламат, сұрапыл. Кейбір тұста домбырасын басынан асыра айналдырып жібереді. Әншілік пен артистизм шебер ұштасады. Қазақ әні мен домбыраның қоңыр үні ұлт қойнауының тереңіне тартады. Ән орындауында самарқау, салғырттық жоқ. Шынайы шабыт пен хас өнерпазға тән арқа бар. Қажыбайдың кейбір қылығы, ән салысы, жалпы өнерпаздық болмыс-бітімі, дәстүр, ұстанымдарына қарап отырып, бүгінгінің Үкілі Ыбырайы елестеп кетеді кейде. Әлде рекарнацияға (қайта түлеп, жан біту) сенеміз бе, қалай… Үкілі атасы сияқты Қажыбай да басында үкілі бөркі бұлғақтап, «Қалдырған» мен «Гәккуді» әуелете шырқататын. «Гәккудің» бірнеше түрін білетін. Жалпы, Қажыбайдың әншілік табиғаты Үкілі Ыбырайдың әндерін шырқата салғанда айқын білінетін. Үкілі Ыбырай әндеріндегі асқақ әуен, кең диапазон Қажыбай орындауындағы биік серпін, қажырлы тегеурін мен қайнаған жігерге ұласып, мүлде құлпырып, аруақтанып кететін. Үкілі Ыбырайдың кез келген әнін қапысыз, шебер орындаушы еді, шіркін!
Үкілі Ыбырай әндеріндегі асқақ адуынды сипатты, мұқалмас кең жігер мен биік тегеурінді жаны ұнатып, айқын танып еді! Халықтық дәстүрдегі өнер иелерінің кей шығармалары кейбір жағдайда бір-біріне ауыс-түйіс болып жататыны анық. Қажыбай да осы жағдайды анық байқап, Біржан салдың әні деп орындалып жүретін «Қызыл асық» әнінің табиғаты жағынан Ыбырайдың әні екенін сезімталдықпен байқап, үнемі айтып отырушы еді. Бұл тұста Қажыбай бауырымыз тек жай әнші ғана емес, өнер құбылысын, ән табиғатын терең сезініп, парықтай алатын сарабдал өнер сыншысы болғандығын айта кеткеніміз жөн сияқты.
Мен білетін Қажыбай үнемі ізденіс үстіндегі әнші болатын. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, Естай сияқты Арқаның классикалық әншілерінің әндерінің бірнеше түрлерін ел арасындағы өнерпаз қариялардан, ұстазы Қайрат Байбосыновтан үйренгені бар, шырқатып салғанының куәсі болдым. Және бір сүйсінгенім, Қажыбай Арқаның асқақ әндерін домбырада теріс бұраумен тартушы еді. Ертеде өткен небір дүлдүл әншілер Арқа әндерін осындай теріс бұраумен шертуші еді. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеухановтар осы үрдіспен ән айтқандарын естігем. Қажыбайдың осы үрдіспен ән шырқағанына талай куә болып, тәнті болғам.
Қажыбайдың ән өнерін әрісі еліміздегі, берісі Көкшедегі өнер сүйер зиялы қауым тегіс жақсы көрді. Көкшедегі зиялы қауым өкілдері Естай Мырзахметов, Жанайдар Мусин, Кәрім Ілиясов, Төлеген Қажыбаев, Маман Ементаев, Мәтен Бижанов, Жабал Ерғалиев, Иран Илияшевтар Қажыбай өнеріне тәнті болып, оны киелі ән мен жырдың қордалы ордасы болған Көкше перзенттері Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың заңды да лайықты ізбасары санайтын. Талай үлкенді-кішілі өнер жиындарында аңыратып салған Қажыбайдың әндерін тыңдай отырып, олар Көкшедегі киелі ән өнерінің үзілмегеніне, сабақтасып, жалғасып жатқанына тәнті болатын. Көкшетаудың әншісі қайда десе, Қажыбайды ауызға алып, онымен мақтанатын. Ес-ағаң мен Кәрім ағайлар Қажыбайдың ән өнерін жоғары бағалай отырып, Көкшедегі ән өнерінің сарқылмай, қайта жалғасқанына тәубә етіп, іштей шүкіршілік жасайтын. Қажыбай да ол ағаларының өзіне артқан сенімі мен үмітін ақтауға тырысатын. Қажыбайдың бүкіл әншілік үрдісі осы өткен мен бүгінгіні жалғастыратын алтын арқау, рухани көпір іспеттес болып көрінеді маған!
Серілерге тән дегдарлық, тектілік Қажыбайдың табиғатында тұнып тұр еді. Соларша бірыңғай ашық түсті киім киіп, таза жүріп, таза тұру оның қанында бар еді. Үкілі бөркі бұлғаңдап, үкілі домбырасымен әуелетіп «Гәккуді» шырқап тұрғанда тап бір Үкілі Ыбырай тіріліп келгендей әсер беретін. Алматыдан жазушы Сәкен сері Жүнісов, өнертанушы Ілия Жақановтар келіп, ел аралаған сапарларында Қажыбайды үнемі тастамай, жандарына ертіп жүретін. Олар да Қажыбайды кешегі Көкшенің сал-серілерінен қалған белгідей, рухани ізбасары ретінде қарайтын. Шын мәнінде Қажыбай десе, Көкшенің дүйім жұрты ерекше тағзым, құрмет ізетін көрсетуден таймайтын.
Осы жерде бір айта кететін жайт, мен бірнеше жыл Қажыбаймен бір үйде көрші тұрдым. Оны жақыннан тани түскендей болдым. Сонда онымен сыйлас көрші ғана емес, шынайы дос, аға-інілік қарым-қатынаста болғанымды ерекше атай кеткенімді жөн санаймын. Қажыбай тумысынан ерекше дегдар, текті, бекзат мінезді жан болатын. Сыпа киініп, бойын сұлу ұстап, үстіне қылаңдай да дақ түсірмейтін нағыз сері жан болды. Мәймөңкені білмейтін турашыл мінезі басым болатын. Бір нәрсені ынта-шынтасымен айтып, риясыз мәз бола күліп, ақкөңіл, жайсаң жан ретінде есте қалды. Нағыз аузын ашса көмекейі көрінетін жандардың қатарына жататын. Өзінен үлкен аға-жеңгелерін көрсе: «Оу, алтын ағам, алтын жеңгем», – деп биязы, ізеттілігін көрсетуден жалықпайтын. Үлкенді сыйлайтын көргенділігі ортасына үлгі болатын.
Қажыбайдың тағы бір ерекше қасиеті – оның білімпаздығы, ізденімпаздығы. Қолынан кітап түспейтін, кітапқұмар жан болатын. Осы қасиеті әдебиетші ретінде мені қатты қызықтыратын. Оқымайтын кітабы болмайтын. Менің бір жыл бойы «Бұқпа!» газетіне шығып тұрған «Себезгі сырлар үзігі» деген эсселік топтамамды оқитын санаулы оқырмандарымның бірі болды. Әр эссе шыққан сайын өзіндік байлам, тұжырымдарын қызу талқылап отыратын. Оның осындай көп замандастарында жоқ, ерекше кітапқұмарлығы мені ерекше таңдандыратын. Сөз соңында айтарым, Қажыбай өзінің осынау бір жарқ еткен ән-ғұмырымен Көкшенің сал-серілік өнерінің сарқылмағанын, әншілік дәстүрінің үзілмегенін айғақтап, осы жүрген бәрімізге ой тастап кеткендей көрінеді маған. Қажыбайдың асыл бейнесіне тағзым ете отырып, бейіште нұры шалқығай деп тілеймін!
Сәбит ЖӘМБЕК,
филология ғылымдарының кандидаты,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры.
![]()

