Тағзым
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Көкшенің біртуар дарыны, ғажап дауыс иесі болған белгілі әнші Қажыбай Жахиннің туғанына 60 жыл толуына арналған «Айбоз әнші – Қажыбай» атты еске алу кеші өтті.
Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың ізін жалғаған дәстүрлі әнші Қажыбай Жахин бар саналы ғұмырын қазақтың саф өнеріне арнады. Исі қазақтан өз бағасын алған өнер иесі Ару Алматыда білім алып, кейіннен Көкше жерінде еңбек етті. Біржан салдың «Айбозымен» танылып, өзі де Айбоз әнші атанды. Сол Айбозым болып, жарқ еткен ән-ғұмыр үзілгелі міне, алты жылдың жүзі болып қалыпты. Сахна саңлағының өнердегі орны әлі де ойсырап тұр. Оның қайталанбас дарыны мен соны қолтаңбасын бүгінгі әншілердің бойынан қанша іздесек те, кейбіреулерін ұқсатқымыз келсе де, оған жетер, оған тең келер ешкімді таппайтынымыз анық. Ол өз биігінде қалған дара тұлға.
Қажыбай Жахинді еске алуға арналған бағдарламалық кеш баспасөз мәслихатынан басталып, оны үзеңгілес досы, тілеуқор ағасы, белгілі журналист Байқал Байәділов жүргізді. Мәслихатта талантты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығы, шыққан тегі мен өнер бастауының қайдан дарығаны, адами қасиеттері мен болмыс-бітімі туралы оның туған әпкесі Бәрия Бадыққызы ерекше бір толғаныспен, бауырына деген сағынышқа толы тебіреніспен, орынды мақтанышпен айтып берді.
– Адам тегінде өзінің тегіне тартып туады. Қасиет деген көктен түсе салатын немесе жеті қат жердің астынан қазып алатын дүние емес. Оның түп төркіні, тамыры туған отбасынан, шаңырағынан бастау алады емес пе?!. Ол Бабажан Ишан деген текті бабаның ұрпағы. Оның өскен топырағы да өнер дарыған, қазақтың осы ата дәстүрін кие тұтқан құтты мекен – Қызылту өңірі. Қажыбайдың еліктеп өсер ортасы да өнерге жақын еді. Ең алдымен, әкеміз Бадық пен анамыз Зәмзәмия өз заманының елді аузына қаратқан, ойын-тойдың көркі болған әншілері. Бір отбасында сегіз бала болсақ, анамыз бәрімізге де домбыра шертуді үйреткені есімде. Осылай Қажыбай кішкентайынан өнерге үйір болды, домбыраны пір тұтып, қолынан тастамай, әнші болуды армандады, – деп Бәрия Бадыққызы інісінің оқуға түскен кезіндегі қызықты шақтарды, туған-туыс, бауырға деген қамқорлығы, дос-жаранға деген кеңдігі мен адалдығы туралы әсерлі әңгімелеп берді.
Қарт Алатаудың бауырындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы өнер училищесіне оқуға түсіп, Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменовтей дүлдүлдердің ақ батасын алған Қажыбай Жахин Арқаның әншілік мектебінің нағыз өкілі ретінде танылғаны белгілі. Ол Рамазан Стамғазиев, Айтбек Нығызбаевтар бастаған өнердегі үзеңгілес достарымен шығармашылық бірлікте болып, қазақ өнерінің биігіне олармен бірге иық тіресе көтерілген еді. Студенттік кездегі жалындаған жастық шақтары, сол бір қимас сәттердегі Қажыбай достарының аңғалдығы мен кеңдігі, кісілігі мен дархандығы туралы осы курстастарының екеуі де қызықты оқиғаларды өрбіте отырып, әсерлі әңгімелеп берді.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында белгілі әдебиеттанушы-ғалым, профессор Сәбит Жәмбек, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев, Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралы да сөз алып, әншінің өнері мен таланты жайында жылы лебіздерін білдіріп, естен кетпес естеліктерін жастарға әсерлі айтып берді.
Бүгінгі уақытқа дейін әншінің тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, достары мен көзкөрген, талантын бағалаған замандастарының естеліктерінен құрастырылған «Көкшенің Айбозы» атты кітап жарық көрген. Сонымен бірге, әнші туралы деректі фильм түсіріліп, бірнеше мәрте республикалық деңгейде Қажыбай Жахин атындағы дәстүрлі әншілер байқауы ұйымдастырылды.
Кешкісін Көкшенің аспанында Қажыбай Жахин шырқап кеткен дәстүрлі әндер әуелеп, қалықтады. Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның өнер ұжымдары мен әріптес достары талғампаз дара тұлғаның репертуарынан таңдаулы әндерін орындап, қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Ол арқалана шырқаған Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын» Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева орындап, дүйім елдің зор қошеметіне кенелсе, Қ.Жахин атындағы І республикалық дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпазы Бауыржан Нұрмұхан Біржан салдың «Айтпай», К.Салықовтың «Тиме» әндерін айтып, кең тынысты әсерлі дауысымен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов бұл кеште Біржан сал, Балуан Шолақ бабаларымыздың «Жонып алды», «Қырғыздағы ән» туындыларын сырнаймен шырқаса, мәдениет саласының кәсіподақ үздігі, өнер зерттеушісі Сәрсенбай Хасенов Мұса Асайыновтың «Ахмет Жұбановқа арнауын» әсерлі орындады. Бұл кеште «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі де өрелі өнер көрсетіп, ән мен күйдің, кәсіби бидің үйлесім тапқан мерекесін тарту етті.
Еске алу кешінің шарықтау шегінде Қажыбай Жахиннің тұяғы, ұлы Кенжебай «Менің әкем» әнін тебірене орындап, жүректерді толқытты, толғандырды, сыздатты. Әке мен бала арасындағы рухани сабақтастықты жайып салды. Осылайша, Айбозым болып жарқ еткен өнерпаздың жарқын бейнесі көрерменнің көз алдында қайта тірілгендей болған кеш әнші рухын асқақтата түсті.
Сал-серілердің ізін басып, дәстүрін жалғаған дарабоз әншінің курстас достары Қазақстан Республикасының Халық әртісі Рамазан Стамғазиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев та бұл кеште өнер көрсетіп, халықтың зор алғысына бөленді.
Рухани тағылымды кештің соңында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, асқан дарын иесі туралы тебірене, әсерлі ой айтып, жиналғандарға жылы лебізін жеткізді. Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова кештің шашбауын көтеріп келген әріптестері мен жора-жолдастарына ризашылығын білдірді.
Осылайша, Көкшенің Айбозы атанған талантты ағамызды еске алуға арналған кеш өз мәресіне жетіп, көкшетаулық тыңдарман қауым аяулы Қажыбайының есімімен тағы бір марқайып қалды. Осы жолы сахнаға шыққан әр әнші, әр өнерпаз өзінше бір дарын, өзінше бір тұлға. Әттең, араларында Қажыбай Жахин жоқ…
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

