Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрайымдылығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.

Отырысқа мемлекеттік органдардың басшылары, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және бейінді ведомстволардың мүшелері қатысты.

Отырыста интернет алаяқтықтың алдын алу, пробациялық бақылаудағы бұрын сотталған адамдар арасындағы қылмысты азайту, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалар құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

– Ақмола облысының пробация қызметі биылдан бастап ЖАО-ға қарайтын болды және жүйелі түрде есепте тұрған адамдарды бақылау мен қайта әлеуметтік бейімделуін жүзеге асырады. Жыл басынан есептен 1481 адам өтті, 3 мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, 197 құқық бұзушылық анықталды. Пробация қызметінің жұмысы тосын оқиғалардың алдын алу және әлеуметтік қолдау шараларын қарастырады. Атап айтқанда, 378 адамға медициналық, психологиялық және заңдық көмек көрсетілді, 641 адам жұмыспен қамтылды, – деп хабарлады Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі бөлімінің бастығы Әсел Елубаева.

Отырысқа қатысушылар ведомствоаралық өзараәрекеттестікті күшейту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен белсенді жұмыс жүргізу және «Құқық пен тәртіп», «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тұжырымдамалары аясында тұрақты алдын алу іс-шараларын өткізудің маңыздылығына назар аударды. Бұл шаралар, әсіресе, осал топтарды қорғауда маңызды. Мысалы, интернет алаяқтардың құрбандары көбіне бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен зейнеткерлер болып келеді. Бұл ретте:

– Құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан, бар назар құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі және кешенді алдын алу жұмыстарына аударылуы тиіс. Нақты нәтижеге тек барлық мүдделі құрылымдардың үйлестірілген ведомствоаралық әрекеттестігі арқылы қол жеткізуге болады, – деп атап өтті өз сөзінде Алтынай Әміренова.

Отырыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту, бұрын сотталған адамдардың әлеуметтік бейімделуін және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және осы бағыттағы басқа да түйінді мәселелер бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар