Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылық. Отбасында біз сүйіспеншілік пен қамқорлықты үйреніп, қолдау табамыз, салт-дәстүрімізді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды жеткіземіз. Берекелі де тату отбасы – тұрақты қоғамның негізі, балаларымыздың және тұтас еліміздің жарқын болашағының кепілі.
Біздің ортақ міндетіміз – халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, ата-аналарды қолдау, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ықпал ету, сондай-ақ өзара түсіністік, жауапкершілік пен құрмет сияқты маңызды құндылықтарды нығайту.
Ақмола облысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанынан 12 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері аталған орталықтарға 5,5 мыңнан астам азамат көмек сұрап жүгінген. Отбасы күні қарсаңында өңірде 600-ден астам іс-шара өткізіліп, оларда 10 мыңға жуық адам қамтылды.
Көпбалалы ата-аналарға ерекше алғысымды білдіремін. Сіздер отбасылық бірліктің, сүйіспеншілік пен өзара қолдаудың жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Сондай-ақ, балалары мен немерелеріне көрсеткен қамқорлығы, өмірлік тәжірибесі мен даналығы кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра болып табылатын ардақты әжелеріміз бен аталарымызға шынайы ризашылығымды жеткіземін.
Барша ақмолалықтарға бейбітшілік, зор денсаулық, бақ-береке және жан жылуын тілеймін. Әр шаңырақта ынтымақ пен өзара түсіністік орнап, балаларымыз бақытты болып өссін, туған-туыстарымыз әрдайым жанымыздан табылсын!
![]()

