2026 жылғы 20 сәуірде Көкшетау қалалық соты бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты үкім шығарды.
Олар кезінде Қопа көлінің жағалауын жаңарту жұмыстары бойынша сотты болды. Атап айтқанда, Көкшетау қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау өкілі және мердігер ұйымының басшысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 4-бөлігі бойынша аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны, 361-бабының 4-бөлігі бойынша лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және 218-бабы бойынша қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырғаны немесе жылыстатқаны үшін айыпты деп танылып, заң алдында жауап берді.
Ақмола облысының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу барысында 2020 жылы Қопа көлі жағалауындағы құрылыс кезінде топ мүшелері 170 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Кейін жымқырылған бұл қаражат заңдастырылған болып шықты.
Сот осы істі қарап, кінәлілердің әрқайсысын сәйкесінше 5 жыл 8 ай, 6 жыл 8 ай және 9 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасын кесті. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

