Екінші дүниежүзілік соғыс – талай тағдырды тәлкекке салып, миллиондаған адамның өмірін қиған тарихи кезең. Сол сұрапыл жылдары хабарсыз кеткен, қайда жерленгені белгісіз болған жауынгерлердің тағдыры әлі күнге дейін зерттеліп, анықталып жатыр.
Осындай есімі уақыт қойнауында қалған боздақтардың бірі – Абжанов Уаш. Ол 1910 жылы Ақмола облысы, Шортанды ауданына қарасты Ленин кенішінде дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, майданға аттанады. Ол 1-інші гвардиялық танк корпусында, 17-інші гвардиялық танк бригадасының құрамында қызмет етті. Майдан даласында қарапайым қатардағы жауынгер болса да, Отан алдындағы борышын адал орындап, ерлікпен шайқасты.
1945 жылдың 3 ақпанында Абжанов Уаш ұрыс барысында қаза тапты. Алайда, ұзақ жылдар бойы оның нақты қай жерде жерленгені белгісіз болып келді. Тек арада 80 жыл өткен соң ғана мұрағат құжаттары мен іздестіру жұмыстарының Польша-Қазақстан тарихи комиссиясының нәтижесінде оның мәңгілік мекені анықталды.
Ресми деректерге сәйкес, жауынгер Польша жерінде, Быдгощ воеводствосының Свецкий уезіндегі Бедленкен жеріндегі совет сарбаздары зиратында жерленген. Осы зиратта соғысқа дейін журналист болып еңбек еткен, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі, белгілі ақын, гвардия аға лейтенанты Несіпбай Манашев те мәңгілік тыныс тапқан. Бұл – туған жерінен жырақта жатса да, ел үшін жанын қиған батырдың қасиетті топырағы.
Бір адамның тағдырын анықтау – тұтас бір әулет үшін ғана емес, бүкіл ұлт үшін маңызды. Абжанов Уаштың жатқан жерінің табылуы – тарихи әділдіктің орнауы, өткенге деген құрметтің белгісі. Бұл жаңалық оның ұрпақтары мен туған-туыстары үшін үлкен жұбаныш екені сөзсіз. Бұл – тарихтың ұмытылмайтынының дәлелі.
Абжанов Уаштың есімі енді тек архив беттерінде ғана емес, жүректерде жаңғырады. Оның ерлігі мен тағдыры – келер ұрпаққа аманат. Біз бейбіт өмірдің қадірін түсініп, осындай батырлардың рухына әрдайым тағзым етуіміз керек. Өйткені, олардың ерлігі – мәңгілік.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
жас ғалым,
Қазақстан және Орталық Азия тарихын
зерттеу институтының бас директоры.
![]()

