Көктемгі егіс – 2026
Диқандар үшін көктемгі-жазғы кезең – қарқынды дала жұмыстарының және болашақ егінді сақтау үшін күрестің шешуші кезеңі. Ауыл шаруашылығы дақылдарына айтарлықтай зиян келтіретін қауіпті зиянкестер мен карантиндік нысандар егіншілік саласы үшін әлі де елеулі қауіп болып қала береді.
Сондықтан, аймақта фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы орайда, жақында Жарқайың ауданында аса қауіпті зиянкестермен және карантиндік нысандармен күрес жөніндегі жылжымалы жедел топтың отырысы болып өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыстық және аудандық атқарушы органдардың, тиісті қызметтердің өкілдері, шаруашылықтардың басшылары мен мамандары қатысты.
Жылжымалы жедел топтың отырысын аталған ауданда өткізу туралы шешім кездейсоқ емес. Бұл облыстағы ең ірі ауыл шаруашылығы аудандарының бірі және биыл мұнда химиялық өңдеуді қажет ететін айтарлықтай аумақтар шоғырланған. Сонымен қатар, іргелес Қостанай облысынан итальяндық шегірткенің қоныс аудару қаупі сақталады.
Отырыс барысында қатысушылар ағымдағы фитосанитарлық жағдайды, мониторинг шараларын, мамандандырылған техниканың дайындығын, қорғаныс шараларының орындалуын жан-жақты талқылады. Оның барысында зиянкестердің ошақтарын жедел анықтауға, ведомствоаралық ынтымақтастыққа, пайда болған қауіп-қатерге дер кезінде ден қоюға ерекше назар аударылды.
Іс-шараның практикалық бөлімі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушыларға қазіргі заманғы бүріккіш қондырғылардың жұмысы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығында жиі енгізіліп жатқан ұшқышсыз ұшу жүйелерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Заманауи технологиялар далалық мониторингті жеделірек және тиімді жүргізуге, зиянкестердің ошақтарын дер кезінде анықтауға және ауыл шаруашылығы жерлерін игеру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин атап өткеніндей, зиянкестермен күрестің тиімділігі барлық ведомстволардың келісілген іс-қимылдарына тікелей байланысты:
– Бүгінгі таңда сапалы мониторингті қамтамасыз ету және қорғау шараларын уақытылы жүзеге асыру өте маңызды. Өңірдің фитосанитарлық қауіпсіздігі мен егін алқаптарының қауіпсіздігі барлық мүдделі органдардың тиімділігі мен үйлестіруіне тікелей байланысты.
Штаб отырысына қатысушылар зиянкестер қаупінің жоғарылау кезеңінде мониторингті күшейтіп, алдын алу шараларын белгіленген мерзімде қатаң түрде жүзеге асыру маңызды екеніне тоқталды
Облыс әкімінің орынбасары атап өткеніндей, Жарқайың ауданы бірнеше жылдан бері фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын алаңға айналып отыр.
– Өздеріңіз білетіндей, бұл ауданда аймақтық штабтың отырысы екінші рет өткізіліп отыр. Алдыңғы кездегі жүргізілген жұмыс оң нәтиже берді. Сөйтіп, зиянкестердің таралуын айтарлықтай азайта алдық. Бүгінде мемлекет пен облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің күш-жігерін біріктіруден жақсы үйлестірілген жұмыс нәтижесін көріп отырмыз. Бұл өте маңызды, өйткені, Жарқайың ауданында химиялық өңдеуге жататын ең көп аумақтар бар, – деді Мұрат Балпан өз сөзінде.
Отырыс барысында аудан өкілдері де қорғаныс шараларын ұйымдастыру, бұл үшін құрал-жабдықтармен қамтылу, тиісті қызметтермен өзара әрекеттесу бойынша өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Отырысқа қатысушылар тек үздіксіз мониторинг, заманауи технологияларды пайдалану және барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген жұмысымен ғана шегіртке зиянкестерінің таралуына қарсы тиімді күресіп, болашақ егінді сақтай алатындары жөнінде бірауыздан қорытындыға келді.
Өңірде фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аграрлық сектордың тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және ауылдық жерлердегі экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер ететін жүйелі жұмысты қажет ететіндігі анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Жарқайың ауданы.
![]()

